Әдетте елімізде қыс мезгілінде электр энергиясына тапшылық туындайды. Былтыр электр энергиясын сатып алу көлемі 15%-ға артып, 3 млрд кВт-сағатқа жетті. Қазақстан қажетті электр энергиясының негізгі бөлігін Ресейден (2,5 млрд кВт-сағат) және аз көлемде электр энергиясы Өзбекстан мен Қырғызстаннан сатып алды. Шетелден электр энергиясын сатып алу елімізге $228,1 млн-ға түскен.
Мамандардың айтуынша, экономиканың дамуына байланысты электр энергиясына сұраныс артып келеді. Өсім, негізінен деректерді өңдеу орталықтарының, жасанды интеллект технологияларының дамуына байланысты. Мәселен, 2020 жылы тұтыну көлемі шамамен 110 млрд кВт·сағат болса, 2024 жылы ол 120 млрд кВт-сағатқа жеткен. Энергетика министрлігі болжамына сәйкес, 2035 жылға қарай электр энергиясын тұтыну көлемі 30%-ға өсіп, шамамен 150 млрд кВт-сағатты құрауы мүмкін. Бұл республикадағы электр желілері мен маневрлік қуаттар үшін үлкен сын-қатер. Яғни, сұраныс генерациялық қуаттарды іске қосу қарқынымен бірдей жүруде.
Жалпы, елімізде энергия тапшылығы бірнеше рет байқалғанымен, ең өткір кезең 2021–2022 жылдарға сәйкес келеді. Дәл осы уақытта кеңестік кезеңде пайдалануға берілген электр стансаларының 60-70% ескіргені анық байқалған болатын. Генерацияны кеңейтуге инвестиция салынбауы салдарынан кей өңірлерде апатты тоқтаулар, жарықтың өшіп қалу секілді жәйттер жиі болды. Тозған инфрақұрылым, тұтынудың өсуі және инвестиция тапшылығы елді электр энергиясын импорттауға мәжбүр етті. Осы кезеңнен бастап Қазақстан ресми түрде энергия тапшылығы бар ел ретінде айтыла бастады.
Екі жыл бұрын Президенттің тікелей тапсырмасы негізінде Үкімет энергетика саласын ауқымды жаңғыртумен айналысуды қолға алды. Былтыр арнайы стратегия – Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба қабылданды. Соңғы мәліметтер бойынша, алдағы бес жылда бұл мақсатқа 13 трлн теңгеден астам қаражат тарту қажет. Оның 6,2 трлн теңгесі электр энергетикасы саласына қатысты және қуат нарығы арқылы, яғни тариф есебінен жүзеге асырылса, екінші бөлігі 6,2 трлн теңге «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінен тартылады деп жоспарланып отыр. Аталған қаражат 86 мың км коммуналдық желілерді жөндеп, салуға және көлемі 7,3 гигаватт болатын қосымша генерация көздерін пайдалануға енгізуге жұмсалмақ.
Белгілі энергетик Жақып Хайрушев өзінің «Haırýshev energy» телеграм-арнасында бұл шын мәнінде жүйелі әрі ауқымды реформа екенін жазды. «Тарифтік саясат қайта қаралды. Арзан тарифтер есебінен инфрақұрылымды тоздыру кезеңі аяқталып, «тариф – инвестиция – жауапкершілік» қағидасына көшу басталды. Бұл энергия көздерін жаңартуға нақты қаржы тартуға мүмкіндік берді. Екіншіден, генерация мен желілерді жаңғыртуға басымдық берілді. ЖЭО мен электр желілерін модернизациялау мемлекеттік деңгейдегі міндет ретінде қойылды. Үшіншіден, нарық архитектурасы өзгерді. Электр энергетикасында делдалдық тетіктер қысқарып, жауапкершілік нақты өндіріс пен желі иелеріне жүктелуде. Төртіншіден, жаңа қуаттарды іске қосу және маневрлік генерацияны дамыту күн тәртібіне шықты», – дейді маман.
Жүйелі жұмыстың алғашқы нәтижесі де қылаң бере бастады. Қазақстан 2027 жылдың I тоқсанының соңына қарай энергия тапшылығынан құтылатын болады. Үкіметтің жоспарында тұрған негізгі міндеттің бірі осы.
Бұл туралы өткен аптада Премьер-министр Олжас Бектеновтің басшылығымен өткен кеңесте айтылды. Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы электр энергиясын өндіру 123,1 млрд кВт-сағатқа жетті. Ал тұтыну 124,6 млрд кВт-сағат деңгейінде болған. Осылайша, бір жыл ішінде жалпы белгіленген қуат 25,3 ГВт-тан 26,7 ГВт-қа дейін өсті. Үкіметте өткен кеңесте Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов алдағы үш жылда негізінен реттеу қуатының тапшылығын жабуға және Бірыңғай энергетикалық жүйенің икемділігін арттыруға бағытталған маневрлі генерация сегментін іске қосу жоспарланып отырғанын баяндады.
«Қазіргі жұмыс жүргізіліп жатқан нысандарды іске қосу 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына қарай экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігін толығымен жабуға және Қазақстанды энергиядан тапшылық көріп отырған елдер қатарынан шығаруға мүмкіндік береді. 2029 жылға қарай электр энергиясының да, реттеу қуатының да тұрақты профицитіне қол жеткізілмек, бұл еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға жағдай туғызады», – деді ол.

Республикада генерацияның негізгі көздері бұрынғысынша көмір стансалары (51,4%) болып отыр. Дегенмен газ генерациясының үлесі (25,6%) мен жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) де өсуде.
Қазақстан ЖЭК саласы тұрақты дамып келеді. Бүгінде елімізде жалпы белгіленген қуаты 3,5 гигаваттты құрайтын 162 ЖЭК нысаны жұмыс істейді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша «таза» генерацияның үлесі 7%-ға жетіп, орнықты энергетикалық теңгерімге қарай оң динамиканы көрсетті.
Айта кетейік, 2024 жылы ЖЭК үлесі елдегі электр энергиясының жалпы өндірісінің 6,43%-ын құраған болатын. Жаңартылатын энергия тұрақты өсу үстінде. 2014 жылдан бастап оның белгіленген қуаты 16 еседен жоғары артқан (2014 жылғы 178 МВт-тан 2023 жылы 2868 МВт-қа дейін). 2025 жылы жалпы қуаты 503 МВт болатын 9 жаңа ЖЭК нысаны пайдалануға берілді. Оның ішінде: 5 жел электр стансасы – 387 МВт, 3 күн электр стансасы – 90 МВт, 1 су электр стансасы – 26 МВт. Жаңа нысандар Қарағанды, Ұлытау, Ақтөбе, Жетісу, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында орналасқан. Жалпы алғанда, 2035 жылға дейін Қазақстанда 8 ГВт-тан астам ЖЭК қуаттарын іске асыру жоспарланған.

Кеңесте сондай-ақ, таза көмір технологиялары негізінде көмір генерациясын дамыту перспективалары қаралды. Бүгінгі таңда мердігерлер анықталып, стратегиялық маңызды нысандарды жүзеге асыру басталды. Олардың қатарында Екібастұз ГРЭС-3 (2 640 МВт), Курчатов қаласындағы жаңа станса (700 МВт), сондай-ақ Көкшетау (240 МВт), Семей (360 МВт) және Өскемен (360 МВт) қалаларындағы жылу электр орталықтары бар.
Желілік инфрақұрылымды дамытуға қатысты «KEGOC» АҚ-ның Оңтүстік аймақ желісін күшейту бойынша жұмыстар жүргізілуде, яғни ұзындығы 475 шақырым «Шу – Жамбыл – Шымкент» (500 кВ) әуе электр тарату желісі тартылуда. Сондай-ақ ұзындығы 604,3 шақырым болатын «Өлке – Қарабатан» (500 кВ) әуе желісін салуды көздейтін Батыс Қазақстан энергожүйесін ЕЭҚ елдерімен біріктіру жобасы жүзеге асырылуда. Екі жоба да 2027 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.
Бауыржан Базар