homepage
фото: коллаж Juzmedia

Құрылтайда айтылған бұйымтай

20.01.2026, 19:02

«Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда қарынымыз аш болса да, ащы шындық ашық айтылып, сөзге бұғалық, пікірге шідер салынбайтын. Нағыз демократияның лебі еркін есетін»,- дейтін аға буынның ақ-адал ойын анда-санда естіп жүреміз. Бірақ, көп бастама сөзбұйдаға салынып, соңы сиырқұйымшақтанып кетсе де, ол заманда ойын ашық айтқан азаматтың артынан ешкім шам алып түспейтін дейді. Демек, демократияның демі аздап болғаны рас...

Сол ашықтық пен жариялылыққа 2005 жылдардан бастап ауыздық салынып, тізгін тартыла бастады. Сол тұстағы Президент жанындағы азаматтық қоғамды демократияландыру жөніндегі «Кеңес» деген аты дардай алаңның атқарған жұмысы бір адамға ғана арналғанын жұрт кейін бір-ақ түсінді. Сөйтіп, жаңағы жариялылық деген ұғымнан жұғым да қалмай, біржолата құрдымға кетті. Әміршіл әкімшілік жүйе әлеуметтің әлеуметтік тірлігі шынымен әлсіреп кеткенін көрсе де көрмегендей, естісе де естімегендей, таскерең, тым-тырыс, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ күн кешіп жатқан. 2019 жылы күтпеген жерден билік ауысты. Қосарланған билік болса да, сол күндері Ақордаға ат байлаған аз топ Азаматтық қоғамның әбден әбіржіп кеткенін жақсы білетін. Бірден Президент жанынан Ұлттық қоғамдық сенім Кеңесін құрып, халықтың мұң-мұқтажы мен қоғамдағы өзекті, өткір мәселелерді ашық қаузап, толғауы тоқсан тоғыз түйткілдің түйінін тарқата бастады. Қысқасы халыққа қайта қайырылды. Күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселелерді уақыт тезіне салып шешуге тырысты. Алайда, араға уақыт сала бұл Кеңестен де көңілі қалғандар болды. «Диалог имитациясын жасайтын алаң» деп сынап құрамынан кеткендер де болды, ізін ала келгендермен қатары толды. 

2022 жыл. Қанды Қаңтар оқиғасынан соң Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына Ұлттық құрылтай құру бастамасы көтерілді. 117 адамнан тұратын Құрылтайды президенттің өзі басқарып, 4 отырысы өтті, көтерілген мәселелер бойынша жалпы саны 26 заң қабылданды. Сол құрылтай Сыр бойында соңғы рет жиналды бүгін. Құрылтайдың соңғы отырысы болғандықтан, қоғамда қауесеттер қаулады. Сонымен гу-гулеген көптің көпіршітіп, жұрттың көкпар тартқан көкезу әңгімесіне Президент  нүкте қойды.

Президент қазіргідей жаһан жанығып, жанталасып жатқанда жайбарақат жату ел ертеңіне енжар қараумен тең екенін ашық айтты. Айтты да, алда болатын, Конституциялық реформалардың тиегін ағытты. Күздегі жолдауында айтқан, бір палаталы Парламент жүйесін енгізу ерте ме, кеш пе жүзеге асатынын жұрт күткен. Көпке созбады. Елдің ең басты заң шығаршы органы алдағы уақытта Құрылтай болып қайта құрылып, 5 жылға сайланып, құрамы 8 комитеттен тұратын 145 депутатпен толықпақ. Сайланатындар тек қана партиялық тізіммен өтеді.

«Мұндай тәсіл саяси партиялардың институционалдық рөлін күшейтеді. Сондай-ақ олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады»,-деді Тоқаев.

Бұдан төрт күн бұрын Алматыда қоғам белсенділері жиналып, бұл бастамаға қарсылық білдіргені бар. Олардың ойынша, елде партияға мүше адамдар саны 2 миллионға да жетпейді, ал қалған 12 миллион азамат Конституцияда жазылған, сайлану құқығынан айырылады…

Хош. Президент Парламент ешкімнің қамқорлығына, қадағалауына мұқтаж емес екенін ескертіп, Президенттік квоталарды түгел жойды. Бірақ, қоғамның әлеуметтік тобына тиесілі квоталарды мейлінше сақтап қалуды тапсырды. Бір палаталы Парламенттік жүйеге көшетіндіктен, Ата заңға да көп өзгерістер енбек.

«2022 жылғы реформа кезінде Ата заңның 33 бабы жаңартылған еді. Ал қазіргі өзгерістер одан да ауқымды. Біз, шын мәнінде, жаңа Конституция қабылдауға пара-пар қадам жасағалы отырмыз», – деді президент.

Соның ішінде Сайлау туралы және Саяси партиялар туралы заңдарға жаңа талаптар енетіні сөзсіз. Ол Парламентке өту межесін қазіргі 5 пайыздан қайтадан 7 пайызға көтеру туралы ұсыныс. Бірақ, бұған біздің елдегі партиялардың әлеуеті жете ме, жоқ па ол жағын дәп қазір ешкім дөп басып айта алмайды. Сондықтан дәл осы межеге қатысты мәселе алдағы күндері талқыланатыны сөзсіз. 

Ел көп айтып, қазірдің өзінде әркім өз танысын апарып отырғызып қойған вице-президент лауазымы да осы жолғы өзгерістердің ең өзектісі. Мәртебесі жаңа Конституцияға арнайы енгізілетін вице-президентті - Президенттің өзі ұсынады. Оның кандидатурасына Құрылтай келісім береді. Вице-президент халықаралық форумдар мен шетелдік делегациялармен келіссөздерде Қазақстанның сойылын соғады. Жаңадан құрылатын Құрылтайда Президенттің мүддесін қорғайды. Отандық, шетелдік саяси һәм қоғамдық ұйымдармен, ғалымдармен, мәдени-ағартушылық саланың өкілдерімен жұмыс істейді. Бірақ, осы тұста бір сұрақтың басы ашық қалып отыр. Ол бізге енгізілетін вице-Президент АҚШ-тың моделімен үндесе ме, әлде мүлдем жаңа лауызым ба деген сауал? Әрі оның Конституция бойынша құзыретіне сай билік басында нешінші тұлға болатыны да қызық. Себебі, қазір бейресми екінші аталынып жүрген Үкімет басшысы лауазымы төмендеп қалуы бек мүмкін. Осы ретте саясаттанушы Досым Сәтпаев вице-президент қызметіне қатысты былай деп пікір білдірді: 

«Вице-президентке келсек, ол үш негізгі функцияны атқарады. Біріншіден, президент қайтыс болса, отставкаға кетсе не импичмент жарияланса, оның орнын басатын қосалқы лидер. Екіншіден, жүйедегі саяси балансты ұстап тұрушы. Үшіншіден, президенттің арнайы тапсырмаларын орындап, парламенттегі бақылаушы болады. Бұған қоса, вице-президент парламентке президенттің мүддесін ұсынады. Бірақ, тәжірибе көрсеткендей, қолдан жасалған саяси конструкция Конституцияны өзгерту арқылы құрылса, халық арасынан сенім мандаты жоқ белігі бір адамдарға сүйенсе, ал сол жүйе күшті саяси институтқа арқа сүйей алмаса, онда бұл өте әлсіз конструкция болады».  

Жалпы, Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобына қоғам өкілдерінен 600-ден астам ұсыныс түскен. Бұл тек Парламенттік реформаға қатысты ұсыныстар. Ал жалпаы биліктің құрылымы мен басқада басқару институттардың жұмысын жетілдіруге қатысты 1600 ұсыныс түскен. Әрі Ақорданың ішіндегі атынан ат үркетін кейбір лаузымдар жойылады. Демек, бұл Ата заңды өзгертіп, түзетуге қатысты түрілген білекті түсіре салуға әлі ерте дегенді білдірсе керек. Өйткені, елде ертең Конституциялық комиссия құрылмақ. Оны Конституциялық соттың төрағасы басқарып, құрамына 100-ден астам қоғам өкілдері кіреді. Сөйтіп, Конституциялық соттың төрағасы жетекшілдік ететін топ Жаңа Конституцияны жік-жігімен, тарау-тарауымен, бап-бабымен қайта жазуға кіріседі. Сонымен, Қазақстанның саяси сахнасына биыл көктем ерте келген секілді. Алда тағы референдум, алда тағы сайлау...

Бекәлі Жәдік