homepage
фото: коллаж Juzmedia

Шешілген орамалдың шуы: онлайн пікір мен офлайн ой

17.01.2026, 10:30

Тағы бір танымал әнші хиджабын шешті. Instagram әлеуметтік желісінде 3,7 млн жазылушысы бар Айдана Меденова орамалын шешіп, сахнаға қайта оралмақ. Кеше ол әлеуметтік желіге видео жариялап, мектеп жасындағы қыз баласының да хиджабын шешкенін хабарлады. 

Осындай сәттерде қоғам пікірі қақ жарылатын әдеті. Оқырмандар арасында қызу пікірталас басталады. Бірі мұны жеке таңдау деп қабылдаса, енді бірі танымал тұлғалардың әрекетін сынға алып, орамалды ойыншыққа айналдырды деп сөгеді. Дәл осы тақырыпты біздің қоғам неге жақын қабылдайды? Танымал адамдардың діни ұстанымына қатысты шешімдері неге көпшіліктің ашық наразылығын тудырады? Juzmedia мамандардың пікірін сұрады. 

Хиджапты киіп, шешкен жұлдыздар

«КешYou» тобының экс-әншісі Ақбота Нұр 2020 жылы хиджаб киген суреттерін жариялады, бірақ бір ай өткен соң, шешіп, өнердегі жолын қайта жалғастырды. Бір миллионнан астам оқырманы бар Рамина Таипова 2023 жылы хиджаб киіп, сол жылдың өзінде қайта шешкен еді.

Бьюти-блогер Айым Алтынбекова (Aeka Posh) 2022 жылдан бастап 2025 жылдың күзіне дейін хиджаб киіп жүрді. Бұл кезеңде ол діни сабақтар өткізіп, онлайн курстар да сатқан болатын.

Ақтөбедегі мешітте болған келеңсіз оқиғадан кейін көпшілікке танылған тикток-блогер Эммануэлла Наурызбаева да 2025 жылдың күзінде хиджабын шешуге шешім қабылдап, кейін түрлі образдағы фотоларымен жұртты таңғалдырды.

Екі миллионға жуық оқырманы бар Мөлдір Жиенбаева да біраз уақыт дін жолында жүріп, орамал таққан блогерлердің қатарында болған. Алайда 2025 жылдың күзінде ол хиджабын шешкенін мәлімдеп, бұл шешімге оңайлықпен келмегенін айтты.

Діни тренд пе рухани тірек пе? 

Психолог, гештальт-терапевт Марал Жұмагелдінің айтуынша, әлеуметтік желідегі бұл құбылысты блогердің жеке шешімі ретінде қарастыру аздық етеді. Бұл – психологиялық процесс. Қоғамда, әлемде болып жатқан түрлі қатыгездіктерден қорғану әдісі болуы кәдік. 

«Егер біз орамал тағып, хиджабпен оранған танымал тұлғаны жеке бір фигура ретінде ғана емес, жоғарыдан дронмен қарағандай қарастыратын болсақ, мұның өте ауқымды әрі терең мәселе екенін көреміз. Жер бетінде алаң көп. Жер-жерде тұтанған соғыс оттары, қатыгез әрекеттер, өлім-жітім әлеуметтік желіде ашық айтылып, жазылып жатқанда кез-келген адам беймаза күй кешеді. Тіпті күйзеліске там болады. Осындай жағдайда адамдарда өзіне демеу іздейді, өмірдің мәнін табуға тырысады, қорған болар құндылықтар іздейді. Соның бірден бір жолы – дін», -  дейді Марал Жұмагелді.

Осы ретте әсіресе, қоғамның назарында жүрген жандардың әрекеті анық көрініп, бір адамның шешімі көптің талқысына айналады. Психолог мұндай радикалды шешімге адамның ішіндегі жан жарасына да итермелеуі мүмкін дейді. 

«Әр адамның ішкі дүниесі, ішкі процестері бар. Оның ішінде қанағаттанбаған қажеттіліктер, травмалық тәжірибелер болуы мүмкін. Солардың бірі - «маңызды болу» қажеттілігі. Егер адамда осы қажеттілік дефицитте болса, ол дінді белгілі бір операция ретінде қолдануы ықтимал», - дейді ол.

Ал, Ақтөбе медресе колледжінің ұстазы, методист Данияр Кенжеұлы дін әлеуметтік желіде оқырман жинаудың механизміне айналып бара жатқанын айтады. 

«Дін, сенім-наным адамның рухани дүниесінің тірегі екені хақ. Осыны пайдаланып дінді сенімге ену мен аудиторияны кеңейтудің құралы ретінде пайдаланып жүргендер баршылық. Аузына Алланы алған медиа-тұлғаның қайбіріне болмасын жүрегінде сенімі бар адам тез иланады, сыйлайды, соңынан ереді»,- дейді ол. 

«Неге шешті?» емес, «неге киді?» деген сұрақ маңызды

Психолог Марал Жұмагелді «неге шешті?» деген сұрақтан гөрі, «неге киді?» деген мәселені маңыздырақ деп санайды. Себебі, орамал тағу әрдайым саналы, ішкі тұрақты шешім бола бермейді. Кей жағдайда бұл ішкі дағдарыстан қашудың бір жолы болуы мүмкін.

«Менің практикамда орамалды экзистенциалды кризис кезінде таққан адамдар көп. Экзистенциалды тақырыптар - өмір мен өлім, ауру, жалғыздық секілді пенде қашып құтыла алмайтын мәселелер. Осындай кезде адам сырттан демеу іздей бастайды, ішкі шындықпен бетпе-бет келмеудің жолын табуға тырысады. Себебі, ол кездесу өте ауыр. Ал оған төтеп беру үшін ішкі тұрақтылық қажет. Өкінішке қарай, көп адамда ол жоқ. Сондықтан орамал - ішкі дағдарыстан қашудың, одан құтылудың бір жолы болып көрінуі мүмкін. Дағдарыс өткен соң, ол да шешілуі ықтимал. Мұнда «дұрыс» немесе «бұрыс» деген баға жоқ - бұл өмірдің қиындығымен күресудің тәсілдері. Бұл кризис өтпелі, сондықтан да кейбірі өміріндегі қиын кезең аяқталғаннан кейін орамалдарын шеше бастайды», - дейді психолог.

Ал, медресе ұстазының бұл реттегі ұстанымы да өзгермейді. Ол орамалды киіп, қайта шешу - аудиторияны көтерудің таптырмас тәсілі деп санайды. 

«Орамалды блогерлер дінді уақытша ермек еткен соң, либерализмнің құрбаны болып, халықтың ақтауына сүйене отыра, орамалды шешіп жатады. Осы арадан дінді саудалау мен арзан пиардың иісі шығып тұрғаны анық. Себебі, қазір елдің назарын өзіне аудару үшін хайп қуатын тақырыптардың бірі - дін. Бірі дінді қаралап әлек болса, екінші бір түлкі бұлаңды бағыт еткен топ саудаға салады. Орамалды киіп, қайта шешу қыруар адамның назарын өзіңе аудару маркетингше охват, аудиторияны көтерудің таптырмас тәсілі. Капитализмге жұтылған заманда өмір сүріп жатқан соң асыл болған көп дүниенің саудаға түсетіні таң қалдырмайды десек те, сенім секілді қымбат жан азығының медиа-тұлғалардың қолындағы ермекке айналғаны өкінішті-ақ», - деп қорытты ол. 

Сарапшының айтуынша, хиджаб кию дін атынан сөйлеуге автоматты түрде құқық бермейді. Әлеуметтік желіде өзін діни кеңесші ретінде көрсетіп жүрген кейбір блогерлердің әрекеті осы тұрғыда сұрақ тудырады. 

«Орамал тағу - дін атынан сөз алуға әсте құқық бермейді. Дәл сол сияқты сақал жіберіп, жұмаға бару да молдалықтың құжаты емес. Қазақта «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген аталы сөз бар. Соның үшін, әр салада өз маманы, білімдары сөз ұстауы ләзім. Мына, мен, ислам құқығының маманы бола тұра, медицина бойынша елге жөн сілтесем, халыққа күлкі боларым анық емес пе?! Бірақ бұл мұсылманның дін жайлы мүлде жақ ашуына болмайды деген сөз де емес. Бастысы, үстірт әрі ойдан-қырдан жинаған ақпараттармен, үкім шығарып, субъективті позицияңды ақиқаттың соңғы субстанциясы етіп көрсетуден сақ болу керек. Оқырмандарына оңды-солды өзінің тар діни түсінігінен өткен ақылын айтып жүргені былай тұрсын, маркетинг құралдары арқылы сенімдеріне ие болған оқырмандарына дұға, курс, кітап сатып әлек. Бұл істері еш қисынға келмейді. Өйткені, дін жайында үкімді, пәтуаны, шекараны діни құзыреттілігі бар адам ғана белгілей алады», - дейді Данияр Кенжеұлы.

Қоғамның реакциясы – қоғамның диагнозы 

Психолог маман Марал Жұмагелді, блогерлердің орамал тағу немесе оны қайта шешуіне қатысты қоғамның реакциясы туралы былай деп ой қорытады: 

«Мұнда екі маңызды жәйт бар. Біріншіден, мұндай адамдардың толеранттылық деңгейі өте төмен, яғни басқа адамның таңдауына орын беру, рұқсат ету, құрметпен қарау қабілеті әлсіз. Әр блогер – жеке тұлға, оның киюі де, шешуі де өз таңдауы. Біз жеке тұлға ретінде басқа біреудің таңдауына араласуға құқымыз жоқ, тек ұсыныс айтуымыз мүмкін, бірақ шешіміне ықпал ете алмаймыз. Екіншіден, психологиялық тұрғыда адам өзіне рұқсат бере алмаған дүниені біреуден көрген кезде ішінде агрессия пайда болады. Сондай-ақ, өмірді тек «ақ пен қара», «дұрыс пен бұрыс, «жақсы мен жаман» деп қабылдайтын адамдар бар. Мұндай адамдар орта деңгейде тұра алмай, бір шеттен екінші шетке ауытқып отырады», - деп түсіндіреді ол.