homepage
Фото: коллаж Juzmedia

Арзан бензин көзден бұлбұл ұша ма?

14.01.2026, 19:02

Қазақстандықтар үшін арзан бензинннің ақыры осы жылы түгесілуі мүмкін. Себебі алдағы уақытта еліміздегі бензин мен дизель отынының бағасы көрші мемлекеттермен теңесуі тиіс. Негізгі фактор – Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) ішінде мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығының іске қосылуы. Тиісті шешім 2025 жылғы 21 желтоқсанда Санкт-Петербургте өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында қабылданды. Осылайша, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕАЭО-ның мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыру туралы шарт күшіне енгелі отыр.

Арзан бензин демекші, 2025 жылғы 30 қаңтарға дейін мемлекеттік баға реттеу тетігі жойылғанға дейін Қазақстанда бензиннің шекті бөлшек бағасы 1 литріне 205 теңге болатын. Ал дизель отыны 295 теңге деңгейінде белгіленген-ді. Сол уақытта АИ-92  бензині бағасының бізбен көршілес мемлекеттер арасындағы айырмасы 70%-дан 111%-ға дейін жететін. Атап айтқанда, Ресейде АИ-92-нің литрі 406 теңге, Қырғызстанда – 453 теңге, Өзбекстанда – 505 теңге болды. Дизель отынының құны Ресейде – 483 теңге, Қырғызстанда – 486 теңге, Өзбекстанда – 527 теңге, Арменияда 684 теңге шамасында белгіленді.    

2025 жылғы қаңтардың соңында Энергетика министрлігі отын бағасын мемлекеттік реттеуден бас тарту әдісіне көшіп, бензин мен дизель отынына шекті баға қойған бұрынғы барлық нормативтік құжаттардың күшін жою туралы бұйрық қабылдады. Баға ырықтандырылғаннан кейін жанар-жағармай 5-8%-ға қымбаттады. Әйтсе де бензин мен дизель отынының құны көршілес елдердегіден әлдеқайда төмен. Бензин құны Қазақстанда біраз жылдан бері қымбатшылықтың негізгі көзіне айналғаны рас. Баға сәл көтерілсе-ақ бірден барлық тауар құны өседі. Инфляция ахуалы күрделеніп, қоғамдық көңіл-күйге әсер ете бастаған соң Үкімет 2025 жылғы 19 мамырдан бастап мұнай өнімдерін экспорттауға кезекті алты айлық тыйым енгізген. Осы арқылы бензин бағасының шарықтап кетуіне жол берілмейтініне уәде етілді. Сарапшылар мұның салдарынан арзан жанар-жағармай көршілес елдерге өтіп кететінін айтады. 

Заңсыз тауарға тоқтам жоқ

Расында да біздің арзан отын шекара асып, өзге ел игілігін көретін тауарға айналғандай. Өткен жылдың қазан айында Қаржылық мониторинг агенттігі «тек Қазақстан-Қырғызстан шекарасында ай сайын осындай тәсілмен 10 мың тоннаға дейін жанар-жағармай материалдары сыртқа шығарылатынын» хабарлаған. Ведомствоның мәліметінше, бензин мен дизель отыны теміржол көлігімен де, өзге тауар ретінде бүркемеленіп әкетілуде. Ал Қазақстан-Өзбекстан шекарасында контрабандамен айналысушылар ұзындығы 450 метр болатын жерасты туннелін қазып, ол арқылы тәулігіне 5-7 тонна отын шығарған. «Заңсыз қызмет шамамен екі ай бойы жалғасқан», – деп мәлімдеді ҚР Бас прокуратурасы.

Бұл мәселеге бұған дейін Мемлекет басшысы да назар аударып, Қазақстанның іс жүзінде көршілес экономикалар үшін арзан жанар-жағармай көзiне айналғанын айтқан болатын. Яғни, еліміз шекаралас мемлекеттерге арзан ЖЖМ-ды көлеңкелі түрде жеткізушіге айналып отыр. «Каспий» тауар биржасының есептеулері бойынша, формалды тыйым жағдайында да «сұр» экспорттың ай сайынғы көлемі 10 мыңнан 45 мың тоннаға дейін жеткен. Ал жылдық шығын көлемі 1,2 млрд долларға бағаланды. Қазақстанның арзан бензинін көрші елдерге тасымалдайтындар әр литрден 50-200 теңге аралағында табыс көретіні де айтылды.    

Үкімет бұған дейін де бензин экспортына тыйым салып көрген. Алғаш рет 2022 жылғы 12 шілдеде шектеу қойылды. Бұл шешімді Энергетика министрлігі, Қаржы министрлігі, ҰҚК және ІІМ бірлесіп қабылдаған. Содан бері мұндай тыйымдар үйреншікті шараға айналды: баға өсе бастаса, билік отын экспортына шектеу қояды. Алайда, сарапшылар мұның бәрі уақытша ғана шешім деп сипаттайды. Экспортқа шектеу қою көлеңкелі тасымал әрекетін тежей алмайды. Белгілі экономист Алмас Шөкин отандық ақпарат құралдарына берген пікірінде жанармай бағасын жасанды түрде төмендетудің салдарын түсіндірді. Оның айтуынша, халық та экономика да ұзақ жылдар бойы  арзан отын бағасына бой үйреткен. 

«Біз экономика мен халықты ұзақ жылдар бойы арзан бензинге дағдыландырдық. Бізде жалғыз бензин емес, басқа қызмет бағасы да өсіп жатыр. Мәселен, шаштаразға барсаңыз – екі есе қымбаттаған. Бірақ, оған ешкім шу шығарып жатқан жоқ. Ал бензиннің литрі бір аптада екі теңгеге қымбаттаса болды – ондаған мақала мен жазбаны көресіз. Бұл біз үшін өте сезімтал тақырып. Сондықтан Үкімет бұл үдерісті кезең-кезеңімен жүргізуді таңдады», – дейді ол.

Сарапшылар «сұр» экспорт көршілес елдермен баға теңескен жағдайда ғана жойылатынын айтады. Олардың пікірінше, кез келген шектеу саланың әлсіз тұстарын аңғартатын сигналға айналады. Бұл жердегі парадокс мынада: елдің негізгі экспорттық артықшылығы болуы тиіс салаларда: ауыл шаруашылығы мен мұнай өнімдеріне шектеулер жиі қолданылады. Яғни, заңды экспорт арқылы миллиардтаған табыс табудың орнына, мемлекет бұл қаражатты көлеңкелі схемалар арқылы жоғалтып отыр.

Ортақ нарық: кім ұтады?

ЕАЭО-ның мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығы туралы әңгіме бүгін ғана қозғалып отырған жоқ. Бұл идея 2000-жылдардың басынан бері пісіп-жетіліп келеді. Жалпы, одаққа мүше елдер бастамасы өзара жеткізілімдерді жүйелеуді, ішкі кедергілерді жоюды, электр энергиясымен алмасуды жақсартуды және ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыруды көздейді. Алайда бұл мақсатқа жету жолы бастапқыда болжанғаннан әлдеқайда күрделі болып шықты. Мұнда тозығы жеткен инфрақұрылымнан бастап, тариф қалыптастырудағы түрлі тәсілдер мен электр энергиясына қол жеткізудің біркелкі болмауына дейін жүйелі проблемалар жетерлік. Сала мамандары инфрақұрылымды жаңғыртып, нарықта бәсекені дамыту үшін кем дегенде 8-10 жыл уақыт қажет.  

Десе де бірыңғай нарықты іске қосудың дедлайны ретінде 2027 жылдың 1 қаңтары деп белгіленді. Дәл қазіргі сәтте ортақ нарық ең алдымен, Ресейге тиімді, одақ ішіндегі ең ірі мұнай өндіруші әрі экспорттаушы да өзі. Мұнай өңдеу зауыттарының да қуаты жоғары, өнім түрі кең. Яғни, ортақ нарық Ресейге баға мен логистикада басым позицияны сақтауға мүмкіндік береді.

Беларусьтің өз мұнай аз болғанымен шикізатты Ресейден қолайлы бағамен алып, өңдеу ісін жолға қойған. Елдің мұнай өңдеу зауытттарының жалпы қуаты жылына 24 млн тоннаға дейін мұнай өңдей алады. 2023-2024 жылдары Беларусь МӨЗ 15 млн тоннадай өңдеп, оның 6 млн тоннасы ішкі нарыққа жұмсаса, 9 млн тоннасын экспортқа шығарған. Былтыр Ресей Үкіметі ішкі нарықты отынмен толық қамтамасыз ету мақсатында бензин мен дизель отынын экспорттауға тыйым салып, қазан айында Беларусьтен 36 480 тонна бензин сатып алған болатын. 

Мұнай мен газ өндірісінде импортқа тәуелді Армения мен Қырғызстанға да ортақ нарық оң жамбасқа келетін жүйе. Бұл елдер үшін бірыңғай нарық өнімді жеткізу тұрақтылығын, болжамды бағаны қамтамасыз етуі мүмкін. Ал, бірыңғай газ нарығын құру перспективалары бұдан да күмәнді көрінеді. Армения, Беларусь және Қырғызстан газды сатып алушы елдер болса, ал Ресей мен Қазақстан газ өндіретін әрі экспорттайтын мемлекеттер. Сол себепті баға қалыптастыруда барлығының мүддесі бірдей үйлесе бермейді.

Бұл жүйе Қазақстанның ірі өндірушілері үшін жаңа мүмкіндіктер ашқанымен, бірқатар жүйелі тәуекелдері бар:

Біріншіден бағаның өсуі. Арзан отынға үйренген ішкі нарыққа бірқатар қиындық әкеледі деген сөз. Екінші мәселе – экспорттық қысым. Егер баға айырмасы сақталса, отандық өндірушілерге өнімді ішкі нарықтан гөрі экспортқа шығару тиімді болады. Десе де, ҚР Энергетика министрлігі отын бағасының күрт өсімі болмайтынын айтып сендіріп отыр. 

Еске салайық, Қазақстанда 2025 жылғы 16 қазаннан 2026 жылғы наурыз айының соңына дейін АИ-92 маркалы бензин мен дизель отыны бағасын одан әрі көтеруге мораторий енгізілген. Алайда бірыңғай нарық іске қосылған күннің өзінде билік отын бағасын қалыптастыру үдерісінен мүлде шет қалады деу екіталай. Мысалы, ЕАЭО-дағы ең ірі экономика – Ресей экспорттық нетбэк жоғары болған кезеңдерде ішкі нарықтағы отын бағасын ұстап тұру үшін өз мұнай компанияларына субсидиялар төлеп келеді. Interfax деректеріне сәйкес, 2024 жылы мұнай компаниялары бюджеттен 1,8 трлн рубль, 2023 жылы – 1,6 трлн рубль, 2022 жылы – 2,2 трлн рубль алған. Яғни, орта есеппен жылына шамамен 20–25 млрд АҚШ доллары көлемінде қолдау көрсетілген. Осыған байланысты Қазақстанда да мұнай өңдеу секторы мен мұнай компанияларын қолдаудың ұқсас тетігін енгізу қажет болуы мүмкін. Мұндай механизм отын бағасының жоғары құбылмалылығына жол бермеуге де ықпал етер еді.                                     

Түйін

Қалай десек те, ЕАЭО-ның ортақ мұнай өнімдері нарығы – Қазақстан үшін сыртқы міндеттеме ғана емес, ішкі реформаларды жеделдетуге мәжбүрлейтін фактор. Бензин бағасын жасанды жолмен ұстап тұру уақытша иллюзия екені айқындала бастады. Экономикалық тұрғыдан алғанда, Қазақстан үшін негізгі тәуекел – ішкі баға мен әлеуметтік саясаттың сыртқы нарық логикасына тәуелді бола бастауы. Осы жағдайда басты міндет – ортақ нарыққа қатысудың нақты шарттарын қатаң бекіту. Атап айтқанда, ішкі нарықты қорғау тетіктерін сақтау, бағаның күрт өсуіне жол бермейтін өтпелі механизмдер енгізу және ұлттық мүддені ескеретін ерекшеліктерді келісімдерде алдын ала қарастыру қажет.

Бауыржан Базар