Қазақстанда жыл сайын 75-ке жуық толықметражды көркем фильм түсіріледі. Соңғы уақытта отандық кинодағы жаңа серпіліс туралы айтып жүргендер көп. Шынымен, кино индустриясы мәдени серпіліс сыйлады ма, әлде коммерциялық киноның көздегені өзге ме? Juzmedia-ның осы және өзге де сауалдарына қазақстандық киноcыншы, Қазақстан кинокритиктері қауымдастығының президенті Гүлнар Әбікеева жауап берді.
«Кино түсіруден Орта Азияда өзбек озып тұр»
- Гүлнар Ойратқызы, бүгінде Қазақстанда көп кино түсіріліп жатыр. Бұл индустрияның өскенін көрсете ме, әлде алаңдауға тұрарлық мәселе ме?
- Иә, Қазақстанда шынымен де фильм көп түсіріледі. Олардың қатарына көркем фильмдермен қатар деректі, қысқаметражды туындылар да кіреді. Сондықтан жылына нақты қанша толықметражды көркем фильм түсірілетінін ешкім дөп басып айта алмайды.
Мен басқаратын Қазақстан кинокритиктері қауымдастығы 2014 жылдан бері жеке есеп жүргізіп келеді. Егер 2014-2015 жылдары жылына 15-16 фильм түсірілсе, соңғы жылдары бұл көрсеткіш 100-ге жуықтады. Мысалы, 2024 жылы 90-нан аса картина болды, ал өткен жылы шамамен 75-76 фильм түсірілді. Нақты санды біз әдетте қаңтардың ортасында шығарамыз.
Жалпы алғанда, Қазақстанда жылына орта есеппен 75 толықметражды көркем фильм шығарылады деуге болады. Бұл - жақсы көрсеткіш. Салыстыру үшін айтсақ, Ресейде қазір шамамен 85 фильм түсіріледі, Қырғызстанда - 30-40 шамасында. Ал Орта Азияда бізден көп кино түсіретін жалғыз ел - Өзбекстан: онда жылына 120-дан астам картина түсіреді, бірақ олардың басым бөлігінің бюджеті аз, арзан туындылар.
- Ал, бізде түсірілетін картиналардың бюджеті белгілі ма?
- Қазақстан киноиндустриясында үш негізгі сектор бар. Біріншісі – мемлекеттік сектор. Бұл – Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы қолдаған фильмдер. Жыл сайынғы саны әртүрлі, бірақ орта есеппен 5–7 фильм. Яғни жалпы көлемнің 10 пайызына да жетпейді. Екінші - коммерциялық сектор. Бұл – жеке студиялар түсіретін фильмдер. Негізгі үлес осы секторға тиесілі: шамамен 65 картина, яғни 80–85 пайыз. Бұлар - прокатқа шығатын, табыс табуды көздейтін комедиялар мен өзге жанрлық фильмдер. Үшінші сектор - шартты түрде тәуелсіз немесе ҮЕҰ-сектор. Бұл - шағын бюджетпен жұмыс істейтін жеке студиялар. Мұндай фильмдердің бюджеті 10-40 миллион теңге аралығында, көбіне фестивальдерге арналған авторлық кино.
Мемлекет бір фильмге 200-300 миллион теңге бөле алады. Жеке студиялар әдетте 60-100 миллион теңгемен жұмыс істейді. Ал тәуелсіз жобалардың бюджеті одан да аз.
«Көрермен коммерциялық киноны ғана көреді: мәселе де осында»
- Прокаттағы кино мен фестивальдегі киноның аудиториясы неге әртүрлі?
- Өйткені қазақстандық көрермен негізінен коммерциялық сектордың өнімін ғана көреді. Прокатқа шығатын – сол фильмдер. Бұл сегментте өз көшбасшылары бар. Олар – Нұрлан Қоянбаевтың жобалары («Бизнес по-казахски»), Баян Есентаева, Құралай Анарбекова («Брак или брат»), Қуаныш Бейсеков продюсерлік еткен фильмдер. Негізі, кино арқылы миллиардтап табыс тауып отырған беске жуық адам бар.
Коммерциялық кино - бұл бизнес. Адамдар қаржы салады, кейін оны қайтарып, пайда тапқысы келеді. Бұл - қалыпты жағдай.
- Жылдың басты артхаустық және фестивальдік фильмдері деп қай картиналарды атар едіңіз?
- Ең алдымен – «Эвакуация» фильмін атап өтер едім. Ол Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Қазақстанға жасалған эвакуация туралы туынды. Мәскеу кинофестивалінде жүлде алған өте мықты туынды. Ана мен баланың тағдыры арқылы үлкен тарихи трагедия көрсетіледі.
Екінші маңызды картина – «Кадет». Мұнда да антиәскери пафос бар, бірақ басқа қырынан: анасы ұлын әскери мектепке беріп, соның салдарынан баласынан айырылып қалады. Өте ауыр, бірақ әсерлі картина.
«Өткен жылдың үздік коммерциялық фильмдері - комедия емес»
- Ал, коммерциялық секторда қай фильмдерге жоғары баға берер едіңіз?
- Бес картинаны бөліп көрсетуге болады. Біріншісі - «Сасық». Екіншісі - «Қайтадан», Қазақстан тарихындағы табиғи апат туралы алғашқы фильм. Бұл - «groundhog day» элементтері бар әлеуметтік драма. Азаматтық жауапкершілік туралы маңызды туынды. Үшіншісі - «37». Метродан жоғалып, 15 жылдан кейін оралған ер адам туралы психологиялық отбасылық драма. Есте сақтау, жоғалту, таңдау тақырыптары қозғалады.
Жалпы, биыл коммерциялық кино той комедияларынан алыстай бастады. Бұл жанр өзін сарқып болды. Қазір хоррор, мелодрама және отбасылық драмаларға сұраныс жоғары.
«Сенімге сызат түсірген – «Ауру»
- Биыл “сәтсіз шыққан жобалар” деп қайсы туындыны атар едіңіз?
- Менің ойымша, “Ауру” мен “Дәстүр-2” үмітті ақтамады. Ия, кәсіби тұрғыда жақсы шыққан картиналар, ия, тапқан табысы да қомақты болар. Бірақ, олардың көпшілікке берері аз, мағынасы тұрғысынан олқы тұстары да жетерлік. Мысалы, “Ауру” фильмінен кейін қайырымдылыққа сенімсіздік пайда болады. Ал шын мәнінде, мұндай жинақтар көптеген, әсіресе ауыр дертке шалдыққан балалардың өмірін сақтап қалып отыр. Ал, сенімге сызат түсіру - өте қауіпті.
- Қазақстан киносының болашағын қалай көресіз?
- Қазір коммерциялық киноны негізінен шоумендер, әртістер, блогерлер жасап жүр. Кино – идеология тұрғысынан, тәрбие тұрғысына ең қуатты құрал. Алайда, біз мұны сәл ұмытып, үлкен табыс табудың көзіне айналдырып алдық. Алайда, мұның үлкен зияны бар деп айта алмаймыз. Уақыт өте келе мән де, мазмұн да өзгереді, сан сапаға айналады. Бұл - табиғи процесс. Қазақстандық кино дәл қазір есею кезеңінен өтіп жатырдер едім.
- Сұхбатыңызға рахмет!