2024 жылы Шығыс Қазақстандағы Шүлбі су қоймасында су деңгейі күтпеген жерден күрт төмендеді. Бұл гидрологтар үшін қауіпті құбылыс болғанмен, археологтар үшін таптырмас мүмкіндік. Өйткені жылдар бойы су астында жатқан көне тұрақтар қайтадан жер бетіне шықты. Ғалымдар осы мүмкіндікті пайдаланып, бұрын толық зерттелмеген тас ғасырына тиесілі Шүлбі мен Осиха ескерткіштерін қайта зерттеуге кірісті. Нәтижесінде Қазақстан археологиясы үшін бірнеше маңызды ғылыми жаңалық ашылды.
Зерттеуді Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлімшесіне қарасты Археология және этнография институтының ғалымдары мен Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің археологтары жүргізді. Экспедицияға көп жылдар бойы Шығыс Қазақстан палфеолитін зерттеп келе жатқан археологтар – Галина Павленок, Екатерина Бочарова, Антон Анойкин, сондай-ақ қазақстандық ғалым Жәкен Таймағамбетов жетекшілік еткен.
Ең басты жаңалық не? Осиха ескерткішінен алғаш рет жеткілікті көлемде тас құралдары табылды. Бұған дейін ескі қоныстан аздаған мардымсыз сынықтар ғана табылып, ғалымдар нақты қорытынды жасай алмаған еді. Ал 2024 жылғы зерттеу Осихада өмір сүрген адамдардың қай кезеңде, қандай технологиямен еңбек еткенін анықтауға мүмкіндік берді. Ғалымдардың айтуынша, Осихада табылған құралдар бұл мекеннің жоғарғы палеолиттің соңғы кезеңіне (шамамен 12–15 мың жыл бұрын) жататынын дәлелдейді. Яғни, бұл мамонттар дәуірінің соңы, адамзаттың жаңа өмір салтына көше бастаған шағы.
Бұл нені дәлелдейді? Зерттеу Шығыс Қазақстан аумағында бір ғана «өркениеттік үлгі» болмағанын; бір кезеңде әртүрлі адам қауымдастықтары қатар өмір сүргенін; олардың құрал жасау тәсілдері де бірдей болмағанын көрсетті. Қарапайым тілмен айтсақ: бұл өңірде тас дәуірінде де «әртүрлі мәдениет, әртүрлі стиль» болған.
Ғалымдар мұны қалай анықтады? Археологтар тас құралдарды жай санаумен шектелмей, «сериация» деген әдісті қолданды. Бұл заттардың формасы мен технологиясына қарап, олардың қайсысы ертерек, қайсысы кейін пайда болғанын анықтайтын тәсіл. Осы әдіс арқылы Шүлбі, Осиха, Үшбұлақ, Қарасай сияқты бірнеше тұрақтың арақатынасы салыстырылып, Шығыс Қазақстан палеолитінің жаңа салыстырмалы хронологиясы жасалды. Маңыздысы, бұл хронология бұрын алынған радиокөміртекті мерзімдермен де технологиялық деректермен де сәйкес келіп отыр.
Бұл жаңалық несімен маңызды? Аталған зерттеу Қазақстан аумағы ежелгі көші-қон жолдарының шетінде емес, дәл ортасында болғанын әрі Орталық Азияда адамзат тарихы әлдеқайда күрделі әрі көпқабатты екенін көрсетеді. Сонымен қатар, су қоймаларының астында әлі де зерттелмеген қаншама тарих жатқанын аңғартады.
«2024 жылдың мамыр айында Шүлбі су қоймасындағы судың төмендеуі ұзақ уақыт бойы су астында жатқан палеолит ескерткіштерін зерттеуге мүмкіндік берді. Осиха ескерткішінде алғаш рет мәдени және хронологиялық тұрғыдан анықтама жасауға жеткілікті тас артефактілер коллекциясы жиналды. Бұған дейін табылған жекелеген олжалар бұл ескерткіштің палеолитке жататынын нақты дәлелдеуге мүмкіндік бермеген еді. 2024 жылы жиналған артефактілер кешені Осиханы жоғарғы палеолиттің соңғы кезеңіне сенімді түрде жатқызуға негіз болды. Бұл кешен толық тас өңдеу циклінің болғанын және ерте голоцен дәуіріне тән технологиялармен байланысты еместігін көрсетеді. Осылайша, Осиха материалдары Шығыс Қазақстан аумағындағы дербес жоғарғы палеолиттік мәдени кешен ретінде қарастырылады», деп жазылған ғылыми мақалада.
Арнайы Juzmedia үшін
Ая ӨМІРТАЙ