Экс-президент Назарбаевтың Мәскеуге барып, Путинмен кездесуі қоғамда қызу талқыланып, депутаттар арасында дүрбелең туғызды. Халық қалаулылары бірінен соң бірі мұндай кездесулердің кесірін айтып жатыр. Осындай бір кесімнің авторы – Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи. Ол мемлекеттік құпияға қолы жеткен бұрынғы жоғары лауазымды тұлғалардың шетелге шығуын заңмен шектеуді ұсынды. Оның айтуынша, бұл ұлттық қауіпсіздікке қатысты мәселе, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
«Маған өз елінде, өз халқынан тірек таба алмаған адам аянышты. Енді ол қолдауды елден тыс жерден іздеуге мәжбүр. Бұл – экс-президент үшін трагедия», деді депутат.
Оның айтуынша, экс-президенттер, бұрынғы министрлер мен жоғары лауазымды шенеуніктер білетін мемлекеттік құпиялар уақыт өткеннен кейін де ұлттық қауіпсіздік факторы болып қала береді. Осыған байланысты Бәпи Қытайдағы тәжірибені мысалға келтіріп, мұндай тұлғалар үшін алдын ала «шекаралық бақылау» немесе «қызыл жалау» тетігін енгізуді ұсынды. Депутат бұл қатарға Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Қайрат Қожамжаровты да қосты.
2024 жылдың қаңтарында "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатында Тоқаев бұрынғы президентке қарата “қалай десек те, мемлекетте үлкен және кіші президент деген болмауы керек деп санаймын. Кеттің бе – қайырылма!”, деген еді. Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Тоқаевтың осы сөзін мысал етіп, былай деді:
"Кеттің бе – қайырылма!"» деген қағиданы "Кеттің бе – қараңды батыр" деп жалғастыру – ел үкімі! Назарбаев 4 жыл бұрын Путинмен кездескенде осылай сартылдаған фотоаппараттар дауысы бір аптадан кейін Алматыда тарсылдаған автоматтар дауысына айналып, Қаңтар қасіретіне ұласқан еді. Енді міне, тағы да, Путинге барып, пультіне айналуды сұрап отырғаннан сау ма?!"
Депутат Мақсат Толықбай болса Назарбаевтың бұл сапарының астарында елдік мәселе жатқанына сенбейді.
”Ол не үшін барды? Пана іздеп барды ма? Жеке қаржы активтерін сақтап қалуға кепілдік сұрап барды ма? Жеке қауіпсіздік мәселесі ме? Ең қызығы, біз жыл бойы елдің ішінде Назарбаевты ешқандай іс-шарадан көрмейміз. Бірақ жылдың соңында жылт етіп Кремльде отырады. Бір емес, екі емес, үш емес. Жылдағы жағдай осылай қайталанып жатыр. Бұл дегеніміз не? Бұл - қоғамдық мүддені елемеу. Не болмаса “маған бәрібір” деген түсінік. Не болмаса билікте ұзақ отырып қалған адамның шындықтан алыстап кетуі. Немесе “мен әлі де маңызды адаммын” деген ішкі сезім. Бірақ бұл сигналдардың ешқайсысы да біздің қоғамда қабылданбайды. Сондықтан Назарбаевтың Ресейге барған сапарлары автоматты түрде біздің қоғамда жеке мүдде призмасы түрінен ғана қаралады. Ол елдік мәселемен барды дегенге ешкім сенбейді”, дейді ол.