homepage
фото: ашық дереккөзден

Жұмабек Сарабеков: Үкімет үшін келер жылдың жүгі ауыр болады

30.12.2025, 10:00

Juzmedia Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы, сасаттанушы Жұмабек Сарабековтің ел ішіндегі басты саяси-экономикалық өзгерістерге жасаған шолуын назарларыңызға ұсынады. 

Жылдың басты саяси оқиғасы - Парламенттік реформа

Жылдың ең басты саяси оқиғасы деп парламенттік реформаның анонсын атауға болады. Сенатты тарату және Парламентті бір палаталы ету - Қазақстанның билік жүйесі үшін аса маңызды бетбұрыс болайын деп отыр. Кезінде Сенат Мәжілістің саяси салмағын теңестіріп тұратын мекеме ретінде құрылған еді. Ол заң жобаларын қосымша сүзгіден өткізіп, асығыс немесе шикі шешімдердің алдын алатын маңызды институт болды. Сонымен қатар, Сенат төрағасы дәстүрлі түрде Президенттен кейінгі екінші тұлға саналып, саяси жүйеде айрықша орын алды. Енді Парламент бір палаталы болса, заң шығару бойынша барлық ауыртпашылық Мәжіліске түседі. Бұл оның рөлін автоматты түрде күшейтеді, бірақ сонымен бірге жауапкершілігін де арттырады. Яғни, реформаның аясында Мәжіліс жаңа жағдайға бейімделуі тиіс. Дегенмен де, қазір ең басты сұрақ - жаңа Парламенттің нақты моделі қандай болады, Мәжіліс спикерінің саяси салмағы қаншалықты өседі және билік тармақтары арасындағы жаңа тепе-теңдік қалай қалыптасады деген мәселе. Бұл реформа әлі де талқыланып жатыр, сондықтан оның түпкілікті нәтижесін біз 2026 жылы көруіміз әбден мүмкін. 

Рекордтық экономикалық өсім және халық табысының төмендеуі

Екінші маңызды тренд немесе оқиға – экономиканың жоғары қарқынмен өсуі мен халықтың нақты табысының төмендеуі арасындағы қайшылық. Үкіметтің бағалауынша, биылғы жыл қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы шамамен 6,5% өседі. Бұл – соңғы 13 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Формалды түрде алғанда, бұл өте жақсы нәтиже. Алайда қарапайым азаматтар бұл өсімді күнделікті өмірінде онша сезіп отырған жоқ. Себебі жоғары инфляция жағдайында халықтың нақты табысы 3,4%-ға төмендеді. Бұл 2016 жылдан бергі ең нашар көрсеткіштердің бірі. Оған қоса, теңгенің айтарлықтай әлсіреуі жағдайды одан әрі ушықтырды. Жаз айларында доллар бағамы бірнеше рет тарихи максимумға жетті. Сыртқы экономикалық жағдай да күрделі. Мұнай бағасы жыл басындағы 79-80 доллардан жыл соңына қарай шамамен 60 долларға дейін төмендеді. Бұл Үкімет жоспарлаған 75 долларлық деңгейден айтарлықтай төмен. Қазақстан экспорттық кірісінің 60%-дан астамы мұнайға тәуелді екенін ескерсек, мұнай бағасының төмендеуі теңгеге қысым жасап, бюджет тапшылығын ұлғайтып, Ұлттық қордан қосымша трансферттер алуға мәжбүрлеуде. Сондықтан 2026 жылы Үкімет одан да күрделі экономикалық шешімдер қабылдауға тура келеді. Мұндай жағдайда басты өлшем - ресми статистика емес, экономикалық өсімнің халықтың өмір сапасына нақты әсері болуы тиіс.

Жаңа Салық кодексінің қабылдануы

Үшінші маңызды оқиға – жаңа Салық кодексінің қабылдануы. Құжат бірнеше жыл бойы дайындалып, мемлекет, бизнес және сарапшылар арасында ұзақ талқыланды. Кодекс 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Жаңа кодекстің негізгі мақсаты – бюджет тапшылығын азайту. Соңғы жылдары мемлекеттік бюджет тұрақты түрде дефицитпен қалыптасып келеді. Мысалы, 2023 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджет тапшылығы ІЖӨ-нің шамамен 2,3%-не жетті. 2024 жылы тапшылық ІЖӨ-нің 2,7%-ына дейін өсті, бұл шамамен 7 млрд доллар. Шынын айтқанда, бюджет тапшылығы негізі одан да жоғары, себебі кірістер мен шығыстар арасындағы біраз айырмашылықты Үкімет Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер мен қарыз алу есебінен жауып келеді. Өз кезегінде, жаңа кодекс бюджетке жыл сайын қосымша 2–2,5 трлн теңге түсіруі керек. Алайда бұл реформа бірқатар тәуекелдермен бірге жүріп отыр. Біріншіден, көлеңкелі экономиканың ұлғаю қаупі бар. Салық жүктемесінің өсуі кейбір кәсіпкерлерді заң аясында жұмыс істеуден бас тартуға, яғни, бизнесті «көлеңкеден шығару» орнына, керісінше, жасырын секторға итермелеуі мүмкін. Екіншіден, шағын және орта бизнеске түсетін қысым күшейеді. Қосымша құн салығы бойынша шектің 40 млн теңгеге дейін төмендеуі көптеген жеке кәсіпкерлер үшін қиындықтар туғызуы мүмкін. Үшіншіден, салықтың өсуі автоматты түрде инфляцияны одан әрі күшейтуі мүмкін. Сондықтан 2026 жыл жаңа Салық кодексі үшін шешуші сынақ кезеңі болады. Бұл жағдайда Үкімет қажетті сәтте салық жүйесіне жедел түзетулер енгізуге дайын болғаны абзал.

Цифрландыру мен жасанды интеллектке стратегиялық бетбұрыс

Төртінші маңызды оқиға - цифрландыру мен жасанды интеллектке бағытталған жаңа мемлекеттік саясат. Қыркүйектегі Президент Жолдауында алдағы үш жылда Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру тапсырмасы айтылды. Осы бағытта Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды, ал ІІ-ді қолдануды реттейтін Цифрлық кодекс қабылданды. Бір жағынан, цифрландыру бойынша Қазақстанның белгілі бір артықшылықтары бар. Атап айтқанда, ТМД кеңістігінде еліміз цифрландыру деңгейі бойынша алдыңғы қатарда. Алайда қиындықтар да жеткілікті. IT мамандардың жетіспеушілігі, жоғары технологиялық инфрақұрылымның қымбаттығы және шетелдік технологияларға тәуелділік - негізгі тәуекелдер. Сондай-ақ Қазақстан АҚШ, Қытай және Таяу Шығыстың жетекші елдерімен бәсекеге түсуге мәжбүр. Сондықтан қолда бар ресурстарды қолымыздан келетін, тиімді нишаларға шоғырландыру аса маңызды.

Президенттің белсенді сыртқы саясаты және халықаралық сапарлар

Бесінші маңызды оқиға ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың белсенді сыртқы саясатын атап өтуге болады. 2025 жылы Мемлекет басшысы АҚШ, Қытай және Ресейге бірқатар маңызды сапарлар жасады. Бұл кездесулер барысында инвестициялық келісімдерге қол қойылып, стратегиялық әріптестікті тереңдету жөнінде уағдаластықтар жасалды. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясатты сақтай отырып, ірі державалар арасында балансты сақтап келеді. Бұл саясаттың басты мақсаты - елдің экономикалық және ұлттық мүдделерін қорғау. Бұл сапарлар - тек дипломатиялық қадамдар емес, сонымен қатар инвестиция тарту, жаңа технологиялар мен нарықтарға қол жеткізуге бағытталған прагматикалық саясаттың көрінісі. Осы тұрғыдан алғанда, 2025 жыл Қазақстанның сыртқы саясаты үшін белсенді әрі мазмұнды жыл болды.