Бір-біріне қару кезеніп, қабақ шытқандардың «бір қайнауы ішінде» демесеңіз, жаһандық геосаясаттың қазаны қазір бұрқ-сарқ. Сол бұрқ-сарқтың ішінде Қазақстан бұғып қалды дейтіндей ешнәрсе болмағанымен, ел ішінде көп талқылана қоймаған жаһандық бір жағдаят болды биыл. Ол біздің елдің - жуан елдер Ибраһим һәм Авраам деп ат қойып, айдар таққан Келісімге қосылуы...
Авраам келісімінің авторы Дональд Трамп. Ол АҚШ-тың 45-ші Президенті болған жылдары жаһан жұрты дипломатиялық бастама деп жүрген келісімді өзі кесіп-пішіп, сызып шыққан. Мұраты - Араб әлемі мен Израиль арасындағы араздыққа ара-ағайын болып, көп жылғы кикілжіңдерді тоқтату. АҚШ-тың бастамасымен бірден БАӘ, Бахрейн, Марокко және Судан секілді елдер қолдап (Судан әлі толық келісімге қосылмаса да, бас тартпайтынын айтқан ел) Израильмен дипломатиялық қарым-қатынастарды қалыпқа келтіруге келісті. Әрине, Авраам келісіміне қосылып отырған әр елдің өз ішкі есебі бар. Мәселен, Израиль мен Парсы шығанағы елдері Иранның ядролық бағдарламасы мен аймақтағы ықпалынан сескенеді. Бір-біріне сес көрсетпесе де, Таяу Шығыстағы тұрақтылық пен теңдікті сақтау үшін Араб әлемі Израильмен ынтымаққа мүдделі. Бірақ, әлгіндегідей әлімжеттік, әсіре күш туралы ашып айтпаса да, БАӘ мен Бахрейн бұл келісім тараптар арасында ақпараттық-технология, ауыл шаруашылығы, медицина мен туризмді дамытуға жол ашты деп жүр. Олар Израильмен сауда инвестиция және бірлескен стартап жобалары арқылы өз экономикасын дамытуды көздейді. Ал Қазақстан ше?!.
Қазақстан Таяу Шығыстағы соғыстан кейін Авраам келісіміне қосылған алғашқы ел. Қарашаның басында Ақ үйде болған кездесуден Ақорда қысқа ғана ақпарат таратты: «Ақ үйдегі кездесу барысында Қазақстан мен АҚШ президенттері Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесті. ҚР-ның Ибраһим келісімдеріне қосылуы әңгімелесудің арқауы болды. Мемлекет басшысы Президент Трамптың Таяу Шығыста бейбіт өмір орнатуға нақты алғышарттар жасап, көпшілік күмәнмен қараса да, елеулі нәтижелерге қол жеткізгеніне назар аударды. ️Ибраһим келісімдеріне қосылу арқылы Қазақстан қақтығысты еңсеруге, диалогты ілгерілетуге және БҰҰ Жарғысы негізіндегі халықаралық құқықты қолдауға үлес қосады. Қазақстанның бұл шешімі ешбір мемлекетпен екіжақты қатынастардағы міндеттемелеріне нұқсан келтірмейді. Бұл - бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуды көздеген көпжақты дипломатияның заңды жалғасы әрі нақты көрінісі. АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешімін жоғары бағалап, бұл қадам өзге елдерді аталған бастаманы қолдауға үндейтінін атап өтті».
Бір қарағанда ешқандай артық-ауыс, кем-кетік дүние жоқ. Келісіммен келісу Қазақстан билігінің тәпсірлеуі бойынша Израильмен қарым-қатынасты жақсартқанымен, Палестина халқын қолдамаймыз дегенді білдірмейді. Тек Таяу Шығыстағы дипломатия мен татулыққа қазақ жасаған бір қадам ғана. Бірақ, бір бірақ бар...
Ол біздің Авраам келісімдеріне қосылумыз Иранмен арадағы қатынасқа сызат түсірмей ме деген сауал? Өйткені Иран Авраам келісімдерін Израиль мен Арабтардың сатқындығы деп санайды. Иранның бұрыңғы басшысы Хасан Рухани бұл келісімдерді «Палестина халқына, Иерусалим мәселеніне және мұсылмандарға жасалған сатқындық» деп таниды. Иранның жоғары көш басшысы Аятолла Хаменеи болса, 2020 жылы БАӘ-нің Израильмен келісіміне «Ислам дүниесін, Араб елдерін және Палестина мәселесін ұмыту» деп сынаған. Осыдан кейін Иран, Сирия және кейбір Араб елдері Қазақстанның бұл қадамын Израильге бейімделу деп қабылдауы бек мүмкін. Оның үстіне Иран қазақпен Каспийдің табанын бөлісіп отырған көрші ел. Әлбетте, әзірге Иран билігі Қазақстанның бұл келісімге қосылуы туралы ешқандай ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Бірақ бәрібір осы келісім Иранннан басқа да ислам елдерімен арадағы ағайындыққа аздап кілтипанын тигізуі мүмкін деген күдік пен күмән бар...
Бұл ретте депутат Айдос Сарым былай деп пікір білдіреді:
«Жалпы, қазақ дипломатиясы – Қазақстан мемлекеттік қызметінің ең тиімді әрі дамыған салаларының бірі деуге толық негіз бар. Бұл жайт әлемнің барлық деңгейінде мойындалған, оны көптеген елдердің парламент өкілдері мен әріптестеріміз де атап өтеді. Қазақстанның «Авраам келісімдеріне» қосылуы – ұлттық мүдделерімізге толық сәйкес келетін, жан-жақты ойластырылған стратегиялық қадам. «Авраам келісімдеріне» қосылу арқылы біз трансатлантикалық өлшемде тағы бір сенім шеңберін құрамыз. Бұл – жай ғана механикалық қолдау немесе дипломатиялық ишара емес. Менің ойымша, біз бұл кеңістікке өз тәжірибемізбен, философиямызбен, әлеуетімізбен және түркі әлеміндегі, ШЫҰ кеңістігіндегі, сондай-ақ Таяу Шығыстағы дамыған, кей жағдайда тіпті эксклюзивті байланыстарымызбен еніп отырмыз».
Біздіңше Авраам келісіміне кіру Қазақ үшін жарамсақтанып, жалтақтап, жағатсу емес. Бұл - жан сақтау. Өйткені, елу жыл жаһандық және жағырапиялық жағдайлармен тікелей айналысқан жанның ел тағдырына келгенде жаза басуы мүмкін емес. Қажет десеңіз бұны дипломатияның мызғымас діңі деу керек. Ал келісімнің өзі болса, Қазақстан мен Батыс елдерінің оның ішінде АҚШ-пен, Израильмен арадағы стратегиялық серіктестікті сенімді түрде нығайта түспек. Әйтпесе, Дональд Трамп Ақ үйдің кілтін қараптан-қарап Тоқаевқа сыйға тартпас еді...
Бекәлі Жәдік