homepage
фото. ашық дереккөз

Экономика 2025: пысық президент, "Робин Гуд" үкімет һәм сан мен сапа

29.12.2025, 11:14

Санаулы күндерден соң жыл аяқталады. Мойын бұрып қарасақ, ұтқан да, ұтылған да тұсымыз бар. Әсіресе, экономикалық блокта соңғысының мысы басым. Қазақ тағы байып кеткен жоқ. Әрине, оған кесе-көлденең тұрар фактор көп. Биыл сарапшылар тұтас жаһан экономикасы дамуын тежеді деп отыр, ал Қазақстан соның бір бөлшегі десек, бұл түсінікті де. Juzmedia экономист Мақсат Халықпен ел экономикасын жылдың жетістіктері мен жеңілістерін бір саралап шықты.

Пысық президент

«Экономист ретінде 2025 жылды сәтті деп айта алмас едім», деп бастады өз сұхбатын біздің спикер, экономис Мақсат Халық. Алайда, «жақсы сөз – жарым ырыс» дейтін қазақпыз, сондықтан әңгіме ауанын ел экономикасындағы жақса жаңалықтан бастауды өтіндік. Сонымен, әуелгісі - елге тартылған тікелей инвестиция туралы. Бұл ретте Президенттің пәрменін атап өтуге болмас. Жарғақ құлағы жастыққа тимей экономикасы алып елдерге сапарлап, құны миллиардтаған келісім шарттар жасасты. АҚШ-қа бір емес екі рет сапарлады, нәтижесінде биыл жалпы құны 70 млрд доллардан асатын халықаралық коммерциялық келісімдерге қол қойылды.

«Ия, бұл жылы елге инвестиция тартудан  оң тенденция байқалады. Бірақ, елге келген қаржының дені – президенттің ерік-жігерінің арқасы дер едім. Қай елге барса да Қазақстанға қаржы әкелуге президент тырысып ақ жатыр. Бірақ, ол президенттің міндеті ма? Бұл – тікелей үкіметтің міндеті еді. Әсіресе, Қытай тарапынан құйылған инвестиция көлемі біршама артты. Экономист ретінде бұл мені сескендірмейді, қай елден болса да инвестицияның келгені жақсы. Әлемде инвестиция үшін күрес жүріп жатыр. Бірақ, мені үркітетіні - қазіргідей үкімет тұрғанда сол ақшаны үлкен жауапкершілікпен ұқсатып, шашауын шығармай жұмсай ала ма? Күмәнім бар. Мендегі үрей осы», дейді Мақсат Халық.

«Робин Гуд» кейпіндегі үкімет

«Салықтық реформаның болғаны бір жағынан дұрыс та шығар, оның ішінде өзім құптайтын - сән-салтанатқа салынған салық бар. Салық саясатының осы бір тұсы – елдегі Асандар мен Үсендердің үлесін теңестіруге жасалған бір қадам деп айтуға болатын шығар.

Тағы сол, президенттің пәрменімен үкімет Робин Гудтың сипатын алып, байларға салық салуы, яғни прогрессивті салық шкаласын енгізуі құптарлық шешім», дейді экономист.

Жаңа Салық кодексі 18 шілдеде қабылданған. Ол 2026 жылдың 1 қаңтарында күшіне енеді. Енді құны 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік үшін - 2 млн 946 мың теңге, сондай-ақ, құны 18 000 АЕК асатын көлікке, құны 24 000 АЕК жоғары яхталар мен ұшақтарға, сондай-ақ бағасы 500 000 теңгеден асатын алкоголь мен 10 000 теңгеден жоғары бағаланатын сигараға салық төлеу міндеттеледі.

Қол сұқпайтын қор

Осы жазда президент қорды басқару жөніндегі кеңес құрып, Төрағасы етіп өзін бекітті. Реті келгенде айта өткен жөн, Ұлттық қор ресми түрде 2001 жы­лы Қасым-Жомарт  Тоқаев ол кезде Ми­нистрлер кабинетін басқарып тұрған еді. Сол қордан енді келер жылы аударым әлдеқайда азаймақ. Бұл жақсы нышан дейді спикер.

«Келер жылы үкімет Ұлттық қорға қол сұғуды азайтуды жоспарлап отыр. 2,7 трлн теңге көлемінде трансфер алмақ. Мұны дұрыс шешім деп айтуға болады», дейді қаржыгер.

Сан мен сапа

Биыл Қазақстанның экономикалық өсімі - 6,5%. Статистикаға сенсек, жалпы ішкі өнімнің өсімі – 300 млрд доллардан асып, жан басына шаққандағы ЖІӨ 15 мың долларға жуықтаған. Ауыз толтырып айтқанмен, бұл құрғақ сандар болуы мүмкін дейді Мақсат Халық. «Бұл көрсеткіштерді үкімет үлкен мақтанышпен айтады, жетістік көреді. Бірақ, мен экономист ретінде бұл сандардың астарына үңіле отырып, бұл көрсеткіштердің құрғақ сандар екеніне көз жеткізем. Бұл өсім негізінен бағаның өсімі, бюджет шығындарын көбейту арқылы жүзеге асты дер едім. Бұл халықтың табысына, еңбек өнімділігіне, шағын және орта бизнестің дамуына ешқандай өсім берген жоқ. Қорыта айтсақ, экономикалық саясаттың ортасында адам емес, көрсеткіш тұрған сияқты. Халықтың табысын қорғауға басымдық берілмеді. Инфляция өсіп, халықтың табысын ортайтып, жеп жатыр. Өкініштісі осы».

Экономикалық блоктағы тағы екі қателік туралы

Қазақстан фискалды қатаң саясат режиміне ауысуда. Мақсат Халықтың айтуынша, егер ҚҚС мөлшері қазіргі 12%-дан 16%-ға көтерілсе, тауарлар мен қызметтердің бағасы кем дегенде 4%-ға қымбаттауы мүмкін. Экономистің айтуынша, қазіргі инфляцияның қарқынды сипат алуы негізінен осы ҚҚС байланысты болып отыр.

«Экономикалық блоктағы тағы бір қателік – ақша-несие саясатында базалық пайыздық мөлшерлеменің жоғары болып тұрғандығы. Соның әсерінен арзан ақша нарықта қалмады. Көп банктер ипотека беруден бас тартты. Бұл неге әсер етеді? Іскерлік белсенділікті төмендетеді, инвестиция тартуда қолайсыздық тудырады. Сәйкесінше, бұл экономиканың өсуін тежейді».

Ел экономикасының ертеңі

Қазақстан экономикасын 2026 жылы не күтіп тұр? Экономист бұл сұраққа нақты жауап беруден қиналады. Себебі, оған әсер ететін фактор көп. Геосаяси жағдай, қарулы қақтығыстар, мұнай бағасының төмендеп кетуі секілді сыртқы факторлар ішкі шешімдермен қабысып, ел экономикасын есеңгіретіп жіберуі бек мүмкін...

«Бізде әлі күнге дейін экономиканы басқарудың біртұтас моделі жоқ. Тағы сол президенттің нұсқаулығымен жасалған 2029 жылға дейінгі бағдарлама бар. Ал, 2029 жылдан кейін не болады? Белгісіздік. Ал, ұлттық модель кемінде 10-15 жылға жасалуы керек», дейді экономист.