Түркия енді мектеп және жоғары оқу орындарының оқулықтарында «Орталық Азия» атауының орнына «Түркістан» терминін қолданатын болды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл шешімді елдің Ұлттық білім министрлігі бекітіп, жаңа бағдарламаға енгізді.
Министр Юсуф Текин Анкарада ақпарат құралдарына бұл өзгеріс түркі әлемінің бірлігін күшейтуге бағытталғанын мәлімдеді. Ол «Орталық Азия» ұғымын бөгде империялардың отаршылдық мақсатпен енгізген атауы деп атап, оқулықтар Түркияның төл тарихи лексикасына сай болуы тиіс екенін нықтады.
Turkish Minute басылымының жазуынша, «Түркістан» ежелгі дәуірлерден бері Ұлы дала мен Тұран өлкесін мекендеген түркітілдес халықтардың ортақ тарихи кеңістігін білдірген. Термин Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстан территориясын қамтиды, сондай-ақ Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданында да қолданылып келген.
Анкара бұл өзгерісті Түркияны түркітілдес мемлекеттердің мәдени орталығы ретінде ілгерілету саясатының жалғасы деп бағалап отыр. Президенттік әкімшіліктің коммуникациялар жөніндегі басшысы Бурханеттин Дуран Түрік әлемі үшін «ортақ түркі әліпбиінде» кітап шығару жұмыстары басталғанын айтты. Оның айтуынша, бұл қадам ақпарат және медиа саласында бірлескен жобаларды күшейтеді.
Түркі әлемі бүгінде 300 миллионнан астам адамды қамтиды. Қазақстандық тарихшылар да өңірдің тарихи атауының «Түркістан» екенін, «Орталық Азия» термині сырттан таңылғанын алға тартады. XIX ғасырда неміс ғалымдары енгізген бұл ұғым кеңес дәуірінде одан әрі бекіп, өңірдің байырғы атауын ығыстырған.