Қазақстанда миллионнан аса адам шамадан тыс еңбек етеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Work-life balance ұғымы адамның жұмыстан тыс уақыты жеткілікті болуы керектігін айтып, аптасына 40 сағаттық еңбек режимін «алтын стандарт» деп белгілейді. Қазақстанда жұмыспен қамтылғандардың 80,2 пайызы аптасына 36–40 сағат жұмыс істейді. Алайда үйден жұмысқа қатынаудың өзі аптасына шамамен 5 сағат уақыт алады.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, елде жұмысшылардың бір бөлігі бұл көрсеткіштен тұрақты түрде асып түседі. 2024 жылдың үшінші тоқсанында аптасына 41 сағаттан көп жұмыс істейтіндердің саны 1,3 миллионнан асып, жалпы жұмыспен қамтылғандардың 14,4 пайызын құраған. Оның 68,9 пайызы жалдамалы жұмысшылар, 31,1 пайызы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.
Соңғы жылдардағы деректер шамадан тыс жұмыс істейтіндердің саны азайып келе жатқанын көрсетеді. 2019 жылы мұндай қызметкерлер 20 пайыз болған еді, яғни 1,8 млн адам. Қазір бұл көрсеткіш төмендегенімен, шамадан тыс еңбек ету әлі де кең таралған.
Бұл адамдар қаншалық шамадан тыс еңбек етеді? Бюро мәліметінше, олардың 86 пайызы аптасына 41–49 сағат жұмыс істейді. Бұл күнделікті 8 емес, 9 сағаттан көп жұмыс істеу деген сөз. 9 пайызы аптасына 50–59 сағат, ал 6 пайызы 60 сағаттан да көп еңбек етеді.
Ranking.kz мәліментінше, ең көп артық жұмыс сауда саласында байқалады: 371,4 мың адам немесе шамадан тыс еңбек ететіндердің 27,7 пайызы. Одан кейін өнеркәсіп (208,3 мың адам), көлік және логистика (153,5 мың адам), құрылыс (134,4 мың адам) келеді. Ең төмен көрсеткіш су жеткізу және қалдық шығару, қаржы және сақтандыру, ақпарат және байланыс салаларында тіркелді.
Шамадан тыс жұмыс істейтіндердің басым бөлігі басшылар емес, қызмет көрсету және сату саласының қарапайым қызметкерлері, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және біліктілігі төмен жұмысшылар. Қызмет көрсету және сату саласында 270,8 мың адам (20,2 пайыз), ал біліктілігі төмен санаттағы жұмысшылар 258,4 мың адамды құрайды.
Неге қазақстандықтар нормадан артық жұмыс істейді? Статистика көрсеткендей, олардың 60 пайызы жұмыс берушінің талабымен жұмыс орнында ұзақ уақыт қалуға мәжбүр. 10,1 пайызы өндірістік қажеттілікке байланысты, ал 23 пайызы көбірек табыс табу үшін артық жұмыс істейді. Ауылда табысты арттыру үшін артық жұмыс істеуге дайындар үлесі қаламен салыстырғанда әлдеқайда жоғары: 28,3 пайызға қарсы 20 пайыз.