Қазақстанда тұрғын үй құрылысы биыл тағы бір белеске көтерілді. Жыл басынан бергі он айда пайдалануға берілген ғимараттардың жалпы көлемі 19,7 млн шаршы метрге жетті, деп хабарлайды Juzmedia.kz. Finprom.kz-ке сілтеме жасап.
Оның ішінде халыққа тапсырылған тұрғын үй ауданы 14,6 млн шаршы метрді құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,5 пайызға артқан. 9,3 млн шаршы метр көпқабатты үйлерге, 5,2 млн шаршы метр жеке үйлерге тиесілі. Жеке құрылыс салушылардың үлесі – 92 пайыз, оның ішінде 5,5 млн шаршы метр тұрғындардыкі.
2025 жылдың қаңтар–қазан аралығында мың адамға шаққандағы тұрғын үй енгізу көлемі 717,5 шаршы метрге жетіп, бір жылда 3,3 пайызға көбейді. Тапсырылған пәтерлер саны да бір жылда 6,7 пайыз өсіп, 132,2 мыңға жеткен. Ұзақ мерзімді деректерге қарағанда, тұрғын үй құрылысы тұрақты өсу траекториясында. Тек пандемия жылдарында аздап баяулағанымен, сала қайтадан жоғары қарқынға шыққан.
Соған қарамастан, тұрғын үймен қамту деңгейі әлі де жеткіліксіз. 2024 жылы елдегі тұрғын үй қоры 434,3 млн шаршы метрге жетіп, бір жылда 3,6 пайызға, ал 2015 жылдан бері 27,5 пайызға артқанымен, жан басына шаққандағы қамтылу 24,5 шаршы метр көлемінде қалып отыр.
Саладағы негізгі ынталандырушы күш – тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі. Оның операторы саналатын Отбасы банк бұл механизмді 22 жылдан бері іске асырып келеді. Осы уақыт ішінде 635,6 мың отбасы жүйе арқылы баспана алған. Қазір ЖСС-те 3,3 млн салымшы бар, жиналған қаражат 2,5 трлн теңгеден асады. Экономикалық белсенді халықтың үштен бірі жүйенің қатысушысы саналады.
Отбасы банк – табысты мемлекеттік институт. 2025 жылға мемлекеттік сыйлықақыға бөлінген сома 90 млрд теңге болса, бір ғана биыл банк 1,3 трлн теңгеден астам ипотека берген. Яғни әр 1 теңге мемлекеттік қолдауға 14 теңге жеңілдетілген ипотека сәйкес келеді. Бұл жүйенің мультипликативтік әсері өте жоғары екенін көрсетеді.
Қазақстандағы ЖСС моделі немістің Bausparen жүйесіне ұқсас әрі жабық форматта жұмыс істейді. Қыркүйекте Алматыда өткен халықаралық конференцияда қазақстандық тәжірибе жоғары бағаланған. Германияда Bausparen жүйесіне 22 млн адам қатысады, Чехияда халықтың жартысына жуығы осы жүйені қолданады.
ЖСС механизмдері әлемде бастапқы капитал жинауға, борыштық жүктемені азайтуға және қаржылық тәртіпті қалыптастыруға ықпал етеді. Мемлекеттік сыйлықақылар экономиканы ынталандырып, ипотекалық несиелердің көлемін арттырады: Германияда 220 млн еуро сыйлықақы 1 млрд еуродан астам ипотеканы қамтамасыз етеді. Қазақстанда бұл әсер одан да айқын.
Жүйенің әлеуметтік артықшылығы – орта табысты азаматтардың қолжетімді баспаналы болуына жағдай жасауы. Жинақталған қаражаттың жүйе ішінде қайта айналуы құрылыс саласын, жергілікті экономиканы дамытуға әсер етеді.
Қазақстанда ЖСС-ті либерализациялау туралы пікірталас жүріп жатыр, алайда сарапшылар жүйенің жабық әрі бақылауда болуын оның тұрақтылығының негізгі шарты деп санайды. Германиядағы жүйе 100 жылдан астам, Ұлыбританиядағы құрылыс қоғамдары 250 жылға жуық жұмыс істегенін ескерсек, жүйені өзгерту мәселесіне аса сақ қарау қажеттігі айтылып отыр.