homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Қазақстанда жұқпалы аурулар қайта өршіп келеді: себеп – екпеден бас тарту

27.11.2025, 11:40

Қазақстанда соңғы жылдары бірқатар жұқпалы аурулар көбейді. Көпшілігі – вакцинамен басқарылатын инфекциялар, яғни олардың басым бөлігі уақтылы егілсе, мүлде таралмас еді. Ұлттық статистика бюросының деректерін 2019 және 2024 жылдар арасында салыстырғанда, ахуалдың айтарлықтай нашарлағаны анық көрінеді деп хабарлайды Juzmedia.kz Ranking.kz-ке сілтеме жасап.

Коклюшпен сырқаттану бес жылда 19 есе артты, скарлатина – 5,4 есе, вирусты гепатит – 3,1 есе көбейді. Қызылшамен сырқаттану да шамамен екі есеге ұлғайды. Абсолютті көрсеткіштерде де күрт өсім байқалып отыр.

Қызылша бойынша жағдай ерекше. 2018–2019 жылдардағы індеттен кейін көрсеткіштер төмендегенімен, 2023 жылы ауру қайта өршіп, сырқаттанушылар саны бірден 7,4 мың есе өсті: 4 жағдайдан 29,7 мыңға дейін. Денсаулық сақтау саласы оны соңғы он жылдағы ең ауқымды індет деп атады. Себебі – инфекцияның сырттан енуі және екпе алмағандардың көп болуы. 2025 жылдың он айында 2,8 мың жағдай тіркелді. Науқастардың 80 пайызы – мүлде егілмеген балалар.

Мәселенің түпкі себебі – вакцинадан бас тартудың көбеюі. Денсаулық сақтау министрлігі жыл сайын жариялайтын дерекке қарағанда, 2017 жылы екпеден бас тартқандар 5,3 мың болса, өткен жылы – 20,7 мың. Биыл бұл көрсеткіш тағы 20 мыңға жуық. UNICEF зерттеуінше, бас тартудың негізгі уәжі – жеке сенім (60%). Яғни ата-аналар нақты түсініктеме бермейді. 12 пайызы діни себепті айтса, тағы 12 пайызы вакциналарға сенбейтінін мәлімдеген. 6 пайызы жалған ақпараттың ықпалына түскенін мойындады.

Әлеуметтік желілерде жиі кездесетін уәж – «бала екпеден кейін ауырып қалады», «асқыну болады» деген үрей. Бұл, ең алдымен, дұрыс ақпарат жеткізу жұмысының әлсіздігін көрсетеді. Осы мақсатта Ұлттық қоғамдық денсаулық орталығы ресми вакцинация порталына барлық сұрақтың жауабын орналастырған: екпенің құрамы, әсері, асқыну қаупі, тіпті «егу аутизм тудыра ма?» деген мифтің толық түсіндірмесі бар.

Коллективті иммунитет үшін халықтың басым бөлігі уақытында егілуі керек. Қызылша үшін шекті деңгей – 95–97%. Ал Қазақстанда ағымдағы жылдың басында жалпы вакцинациямен қамту 95,3% болғанымен, кей өңірлер мен жекелеген топтарда бұл көрсеткіш төмен.

Бұған қоса, халықаралық деректер де Қазақстандағы ахуалды салыстыруға мүмкіндік береді. OurWorldInData мәліметіне сәйкес, бір жасқа дейінгі балаларды вакцинамен қамту деңгейі әлемдік және еуропалық көрсеткіштен жоғары. Полиомиелит, гепатит В, көкжөтел, дифтерия бойынша қамту 98%–дан жоғары. Қызылша мен қызамық бойынша – 93%. Яғни елдегі негізгі мәселе – бас тартатын топтардың шоғырлануы.

Вакцинадан бас тарту – әлемдік деңгейдегі қатер. ДДСҰ бұны жаһандық денсаулыққа төнген он қауіптің бірі деп санайды. Осы ретте The Lancet журналында жарияланған австралиялық зерттеуші Эндрю Шаттоктың еңбегі маңызды дерек келтіреді: соңғы 50 жылда вакциналар 154 млн адамның өмірін сақтап қалған. Оның 146 миллионы – бес жасқа дейінгі балалар. Яғни вакцинация болмағанда балалар өлімінің деңгейі 40 пайызға жоғары болар еді.

Бүгінде бала өлімінің нақты деңгейі 2,8% болса, вакцинасыз жағдайда ол 4,7%-ға жетер еді. Егер екпеден бас тарту үрдісі күшейсе, бұл көрсеткіш бірнеше жылдың ішінде-ақ құлдырайды. Қазір Қазақстанда дифтерия, тырысқақ, оба, сүзек сияқты аса қауіпті аурулар бойынша нөлдік көрсеткіш сақталып отыр. Бұл – екпенің көзге көрінбейтін, бірақ ең үлкен жеңісі.

Соңғы деректер бір нәрсені анық көрсетеді: вакцинациядан бас тарту тек баланың емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздігіне төнген қатер. Коллективті иммунитет әлсіресе, қазіргі тұрақты жағдай кез келген сәтте қайта құлдырауы мүмкін.