Қазақстан экономикасы соңғы жылдардағы ең жоғары қарқындардың бірін көрсетіп отыр. 2025 жылдың он айының қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнім 6,4 пайызға өсті деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл көрсеткіш бірнеше негізгі фактордың ықпалына сүйеніп қалыптасты: ішкі сұраныстың артуы, инвестиция көлемінің ұлғаюы және өнеркәсіп, құрылыс, көлік сияқты тірек салалардың қайта жандануымен тікелей байланысты.
Экономикалық өсімге негізгі үлесті өнеркәсіп енгізді. Оның нақты өсімі 7,3 пайыз болып, жалпы ІЖӨ өсімінің үштен бірін қамтамасыз етті. Өнеркәсіппен бірге сауда және көлік салалары да экономиканың жалпы серпінінің 70 пайыздан астамын беріп отыр. Салалар бойынша өсім мынадай: көлік және қоймалау 20,7 пайыз, құрылыс 15,1 пайыз, сауда 9 пайыз, ауыл шаруашылығы 5,4 пайыз, байланыс 4 пайыз.
Ranking.kz мәліметінше, өңдеу өнеркәсібінде де өрлеу байқалады: машина жасау 11,5 пайыз, тамақ өндірісі 9,1 пайыз, химия өнеркәсібі 10,9 пайыз, металл бұйымдар шығару 14,1 пайыз, мұнай өңдеу 6,3 пайыз. Мұның барлығы экономиканың бір ғана бағытқа емес, бірнеше салалық тірекке сүйеніп өсіп келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар, Қазақстанның ІЖӨ өсімі жаһандық орташа көрсеткіштен екі есе жоғары. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы биыл әлемдік өсімді 3,2 пайыз көлемінде бағалап отыр.
Бұл өсім елде жүргізіліп жатқан инфрақұрылымдық және өндірістік жаңғырту бастамаларымен де байланысты. «Самұрық-Қазына» қоры осы процестің негізгі қозғаушысы болып отыр. Қордың 2025 жылғы инвестициялық портфелі 50 триллион теңгеден асады. Оның ішінде 33,3 триллион теңгенің жаңа жобалары бар: «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы (1,4 трлн), энергетикадағы 18 ірі жоба (10,3 трлн), 5G желісін дамыту (536,9 млрд), «Қарабатан» инфрақұрылымы (619 млрд), «Мойынты – Қызылжар» теміржол желісі (566 млрд) және басқа да бастамалар.
Қордың активтері де рекордтық деңгейге жеткен: 2024 жылдың соңында 41,1 трлн теңге, бұл бір жылдағы 11,3 пайыздық өсім. Таза пайда 38,6 пайыз артып, 2,4 трлн теңгені құрады. Көрсеткіштердің барлығы қордың табысын қайта инвестициялау арқылы экономиканы әртараптандыру және жаңғырту бағытын ұстап тұрғанын дәлелдейді.
«Самұрық-Қазына» елдегі ең ірі жұмыс берушілердің бірі: 256 мың қазақстандық осы қор тобының кәсіпорындарында еңбек етеді. Қордың әлеуметтік жобаларға бөлген қаражаты 916 млрд теңгеге жеткен. Мемлекетке төленген салықтар — 2,086 трлн теңге, дивидендтер — 737 млрд теңге. Экономикалық дамуға жалпы қосқан үлесі 8,256 трлн теңге.
Энергетика, мұнай-газ, көлік, телекоммуникация және тау-кен металлургия салаларындағы тиімділік те өсіп келеді: уран сатылымы 23,3 пайызға, теміржол жүк тасымалы 11,4 пайыз, ал алтын өткізу көлемі 55 пайыз артқан.
Суверенді қорлар әлемдік тәжірибеде де маңызын арттырып жатыр. 2025 жылы әлемде мұндай 121 қор жұмыс істейді. Орталық Азияда Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжан ұлттық активтерді басқарудың ірі құрылымдарын дамытып келеді. Бұл тренд мемлекеттік активтерді орталықтандырып басқару әрі инвестиция тарту жолындағы тиімді модель екенін дәлелдейді.
Осылайша, Қазақстан экономикасының жоғары өсімі ішкі сұраныстың күшеюі, өнеркәсіптің тұрақты дамуы, инфрақұрылымдық жаңғырту және ұлттық қордың ауқымды инвестицияларының арқасында қалыптасып отыр.