homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Қазақстан екі ірі мұнай зауытын жекеменшікке сатуға дайындалып жатыр

25.11.2025, 15:06

Қазақстан алдағы үш жыл ішінде Атырау мұнай өңдеу зауыты мен Павлодар мұнай-химия зауытының бір бөлігін жеке инвесторларға беруді жоспарлап отыр. Бұл жөнінде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мәлімдеді деп хабарлайды Juzmedia.kz. LS-ке сілтеме жасап.

Сарапшылар мұны мұнай өңдеу саласындағы ең көлемді жекешелендіру кезеңі деп бағалауда.

РАСЕ Analytics директоры Асқар Исмаиловтың есептеуінше, Атырау МӨЗ толықтай алғанда шамамен 700 млн доллардан 1 млрд долларға дейін бағалануы мүмкін. Бұл аралықтың жоғарғы шегіне тек ұзақ мерзімді шикізатпен қамтамасыз ету және тұрақты бағалар жағдайында ғана қол жеткізуге болады. Павлодар зауытының құны 800 млн – 1,1 млрд доллар көлемінде. Екі зауыттың жиынтық нарықтық бағасы 1,7–1,9 млрд доллар деп есептеледі.

Алайда сарапшы Қазақстандағы бұрынғы тәжірибені ескерсек, зауыттардың нақты сатылым бағасы есептік құнының жартысына ғана жетуі мүмкін дейді. Бұған «ҚазМұнайГаздың» жанармай станциялары желісін және KPI Inc. кәсіпорнындағы үлесін төмен бағаға сатқан жағдайлар мысал болады. Исмаиловтың сөзінше, әр зауыт ең жақсы жағдайда 400–500 млн доллар шамасында өтуі ықтимал.

Сарапшының айтуынша, қазіргі уақытта екі зауыттың өндірістік қуаты жеткілікті, оларды кеңейту немесе ірі жаңғырту қажет емес. Керісінше, жаңа модернизация қосымша қарызды көбейтеді. Атырау зауыты әлі де алдыңғы жаңғырту жобасының міндеттемелерін өтеп келеді.

Зауыттарға ең жоғары қызығушылық Ресей тарапынан болуы мүмкін. Соңғы уақытта Ресейдегі ондаған мұнай нысаны дрон соққысынан зардап шеккендіктен, өндіріс қуатын Қазақстанға көшіру тәуекелі төмен балама ретінде қарастырылып отыр. Қытайлық компаниялардың да қызығушылығы мүмкін. Бұрын Атырау МӨЗ-ді шамамен 200 млн долларға сатып алуға ниет білдірген отандық топтар да жаңа жағдайда белсенділік танытуы мүмкін.

Жекешелендірудегі негізгі кедергілердің бірі — жанармай бағасының әкімшілік реттелуі. Сарапшының айтуынша, қазіргі жағдайда зауыттардың табыстылығы жасанды түрде төмендетіліп отыр, бұл инвесторлардың қызығушылығын азайтады. Екінші мәселе — нормативтік ортадағы тұрақсыздық: тарифтердің, ішкі нарық талаптарының және экспорттық шектеулердің жиі өзгеруі.

Инвесторлар үшін ұзақ мерзімді кепілдіктер, шикізатқа байланысты тұрақты шарттар және нақты реттелген баға саясаты қажет. Сарапшы сондай-ақ стратегиялық маңызды нысандарды мемлекет толықтай беріп қоюға болмайтынын, қажет жағдайда ішкі нарықты қорғау үшін «алтын акция» тетігі қолданылуы тиіс екенін атап өтті.

Исмаиловтың пікірінше, жеке капиталдың келуі өндірістік тәртіпті күшейтіп, өңдеу тереңдігін арттырып, Қазақстанды аймақтағы мұнай өнімдерін экспорттайтын маңызды орталыққа айналдыруға мүмкіндік береді. Дегенмен құрылымдық тапшылықты толық жою үшін төртінші мұнай өңдеу зауытының құрылысы қажет.