Биткоин бағасы бір тәулікте 5 пайыздан аса төмендеп, нарық капитализациясы 3,3 трлн доллардан 3,2 трлн долларға түсті. Соған қарамастан, жаһандық крипторезерв жинап жатқан елдер саны өсіп келеді. Қазақстан да мемлекеттік деңгейде криптоқор құруға жақындап қалды, деп хабарлайды Juzmedia.kz Ranking.kz мәліметіне сүйеніп.
CoinGecko дерегінше, 2025 жылғы 10 қарашада әлемдік криптовалюталар нарығының жалпы құны 3,6 трлн долларды құрап, бір жылда 31,2 пайызға артты. Криптонарықта биткоиннің үлесі 59,4 пайызға жеткен. Негізгі активтің қымбаттауы немесе арзандауы басқа монеталардың да бағытына тікелей әсер етіп отыр.
Соңғы он жылда криптовалюта әуесқойлардың тар бағытын-тан әлемдік қаржы феноменіне айналды. Бірқатар мемлекет цифрлық активтерді резерв құралы ретінде қарастыра бастады. 2025 жылғы қарашада 13 елде мемлекеттік немесе квазимемлекеттік құрылымдарға тиесілі 645,7 мың биткоин бар. Бұл шамамен 58 млрд доллар.
Ең ірі иеленуші – АҚШ. Ел қазынасында 326,6 мың биткоин бар. Үкімет жақында 127 мыңнан астам монетаны тәркілеп, резерв көлемін айтарлықтай ұлғайтқан. Вашингтонның мақсаты – әлемдегі жетекші криптоэкономика орталығына айналу.
Екінші орында – Қытай. 2020 жылы тәркіленген 190 мың биткоин ресми деректерде көрсетілгенімен, қазіргі кезде ел үкіметінің оларды сақтап отырған-отырмағаны нақты белгісіз. Елде криптовалюталарға тыйым салынғандықтан, ақпарат жабық.
Ұлыбритания (61,2 мың биткоин) мен Украина (46,4 мың биткоин) да ірі иеленушілер қатарында. Бірақ бұл елдерде активтерді үкімет тікелей басқара алмайды: Ұлыбританияда криптоактивтер полиция басқаруында болса, Украинада биткоиндердің басым бөлігі шенеуніктердің жеке әмияндарына түскен қайырымдылықтардан құралған.
Әзірге сатылып кеткенімен, Германия 2024 жылдың басында 50 мың биткоин тәркілеп, бір сәтке ірі криптоиеленушілердің біріне айналған еді. Канаданың, Финляндияның және Грузияның да конфискаланған активтері бар.
Ал БАӘ, Сальвадор және Бутан биткоинді тәркілеу арқылы емес, майнинг және сатып алу арқылы жинаған. Сальвадорда биткоин – ресми төлем құралы. Ел күн сайын бір биткоиннен сатып алып келеді. Бутан жасыл энергияны пайдаланып, мемлекеттік ауқымда майнинг жүргізуде.
Кейбір мемлекеттер криптовалютаны санкцияларды айналып өту үшін пайдаланып отыр. Солардың қатарында Солтүстік Корея (803 биткоин) және Венесуэла (240 биткоин) бар. Ресейде 1 мыңнан астам биткоин болғанымен, олар мемлекетке тікелей тиесілі емес, мемлекеттік құрылымдарға байланысты 1,5 мыңнан астам мекенжайға бөлінген.
Еуропада крипторезервті алғашқылардың бірі болып Чехия ресми түрде енгізді. 2025 жылдың қарашасында елдің ұлттық банкі 1 млн доллар көлемінде пилоттық криптопортфель іске қосты.
Қазақстан да бұл бағытта қадам жасап жатыр. 2025 жылғы қыркүйекте Ұлттық банкке Мемлекеттік цифрлық активтер қорын құру тапсырылды. Егер қор 2026 жылдың басында іске қосылса, Қазақстан мемлекеттік крипторезерві бар әлемдегі алғашқы 15 елдің қатарына және Орталық Азияда бұл қадамды жасаған тұңғыш мемлекетке айналады.
Ranking.kz мәліметінше, Қазақстан криптовалютаға иелік етуде кешіккенімен, криптоинфрақұрылымды жүйелі дамытуда өзге елдерден озып келеді: майнингті реттеу, экожүйе қалыптастыру және болашақ мемлекеттік резерв үшін құқықтық негіз жасау қатар жүргізіліп жатыр.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.