Қазақстанда 15 қараша — ұлттық валюта күні. 1993 жылы дәл осы күні теңге ресми түрде айналымға енгізіліп, елдің экономикалық тәуелсіздігінің символына айналды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ұлттық банк дерегінше, 1993 жылдың 12 қарашасында «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» жарлыққа қол қойылып, 15 қарашада теңге айналымға жіберілген. Сол күні республика бойынша рубль теңгеге толықтай айырбасталды. Заңға сәйкес, бұл күн қаржыгерлердің кәсіби мерекесі ретінде де атап өтіледі.
1992 жылы ұлттық валютаны әзірлеу үшін арнайы мамандар тобы құрылып, тарихи деректер мен мәдени ерекшеліктер зерттелді. «Таньга», «донга», «денге», «ақша» және «сом» сияқты нұсқалар ұсынылғанымен, академик Сауық Такежанов ұсынған «теңге» атауы қабылданған. Бұрын айналымда болған тиын инфляция салдарынан өз құнын жоғалтып, айналымнан шыққан. Теңге таңбасы (〒) көне түркі алфавитіндегі «т» таңбасына негізделген және «теңгри» сөзімен мағыналық байланысы бар.
Қазақстан банкноттары сериялық және естелік түрге бөлінеді. 1993 жылдан бері бес түрлі серия шығарылған: «Портреттер», «Әл-Фараби», «Бәйтерек», «Қазақ елі» және «Сақ стилі». Естелік банкноттар шектеулі таралыммен жарық көреді және жаңа қорғау технологияларын сынауға мүмкіндік береді. 1993 жылдан бері елдегі маңызды оқиғаларға арналған бірнеше естелік купюра шығарылған: ОБСЕ төрағалығына арналған 1000 теңгелік банкнота, 7-қысқы Азия ойындарына арналған 2000 теңге, ұлттық валютаның 15, 20 және 30 жылдықтарына арналған бірнеше номинал, сондай-ақ тәуелсіздік мерейтойларына арналған 10 000 және 20 000 теңгелік үлгілер.
Ұлттық банк теңгенің қорғаныс деңгейінің аса жоғары екенін атап өтеді. Банкнот қағазының ерекше дыбысы, су белгілері, қорғаныш жіптері, түсі өзгеретін бояулар мен рельефтік бедерлер көзбен де, қолмен де тексеруге мүмкіндік береді. Қазақстан әлемде алғаш болып микрооптикалық екі түсті қорғаныс жібін — «rapid vision» технологиясын енгізген. «Сақ стилі» сериясында үшөлшемді динамикалық голографиялық патчтар қолданылған. 2022 жылғы 20 000 теңгелік банкнота 25 қорғаныс элементімен жасалғаны айтылады.
Цифрлық теңге де енгізіліп жатыр. Бұл — ақшаның үшінші формасы. Ол қолма-қол және қолма-қолсыз түрлерді толықтырып, мемлекеттік қаржы мен халықаралық төлемдерде тиімді шешім ұсынуы күтіледі. 2021 жылы оның технологиялық мүмкіндігі расталып, 2023 жылы алғашқы төлем картасы шығарылған. Цифрлық валютаны енгізу кезең-кезеңімен жүрмек.
Теңгенің сапасы мен дизайны әлемдік сарапшылардан жоғары бағасын алып келеді. Өткен жылы High Security Printing байқауында 10 000 теңгелік банкнота «Үздік жаңа банкнота» номинациясында бірінші орын алды. 2024 жылы ұлттық валютаның 30 жылдығына арналған 10 000 теңгелік естелік купюра IACA марапатында финалист атанды. Бұған дейін де Қазақстан банкноттары бірнеше рет халықаралық жүлделерге ие болған: 20 000 теңгелік банкнота 2015 жылы Еуропаның үздік аймақтық банкнотасы деп танылған, ал 1000 теңгелік банкнота 2013 жылы IBNS нұсқасы бойынша үздік банкнота атанған.
Монеталар да жоғары бағаланады. 2024 жылы «TEŃGEGE 30 JYL» монетасы IACA марапатында финалист болды. «Балқаш алабұғасы», «Қорқыт ата», «Ай-Күн» сияқты сериялар халықаралық «Монетное созвездие-2024» байқауында жүлдеге ие болған. Халықаралық конкурстарға 18 елден 24 номинант қатысқаны айтылады.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.