homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Қазақстанда айналымдағы төлем карталарының саны 83 миллионға жетіп, рекорд орнатты

12.11.2025, 13:09

Қазақстанның қаржы жүйесі соңғы жылдары терең цифрлық трансформация кезеңін бастан кешіріп жатыр. FinTech секторы банктер мен тұтынушылар арасындағы өзара байланыстың жаңа моделін қалыптастырып, экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналды. Соның айғағы ретінде биыл елдегі төлем нарығы жаңа межені бағындырды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ұлттық банк мәліметінше, 2025 жылдың қыркүйек айының соңында айналымдағы төлем карталарының жалпы саны 83 миллионға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 4 пайызға көп. Соңғы бес жылда карталар саны 87 пайызға, ал он жылда бес есеге артты. Егер елдегі әрбір тұрғынды, оның ішінде балаларды да есептесек, бүгінде әр қазақстандыққа шамамен төрт төлем картасынан келеді. Он жыл бұрын бұл көрсеткіш бір картадан да аз болатын.

Мұндай серпінге мобильді банкингтің дамуы, цифрлық экожүйелердің кеңеюі және қолма-қолсыз есеп айырысудың күнделікті өмірге енуі әсер етті. Цифрлық төлемдердің қарқынды дамуы Қазақстанды әлем бойынша халықтың қолма-қолсыз төлемдерге тартылу деңгейі ең жоғары елдердің қатарына қосты.

Жыл басынан бері елдегі қолма-қолсыз төлем көлемі 135,2 триллион теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 15,5 пайызға артты. Бұл жалпы айналымның 87 пайызын құрайды. Оның ішінде 80 пайызы — интернет пен мобильді қосымшалар арқылы жасалған төлемдер (108,3 трлн теңге), 10 пайыздан астамы — QR арқылы төлемдер, ал 9,6 пайызы — POS-терминалдар арқылы жүзеге асқан. Бұл құрылым соңғы жылдары тұрақтанып, нарықтың сапалық кезеңге өткенін көрсетеді.

2025 жылдың шілдесінде 910 мыңнан астам кәсіпкер 1,3 миллионнан астам POS-терминал арқылы төлем қабылдаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға көп. 1000 адамға шаққанда 97 терминалдан келеді. Сондай-ақ онлайн-банкингті белсенді қолданушылар саны 27,1 миллионға жетіп, бір жылда 12 пайызға артты.

Қаржы нарығының цифрлық трансформациясы аясында елде бірнеше ірі бастамалар жүзеге асып жатыр. 2023–2025 жылдарға арналған Open Banking және Open API тұжырымдамасы қабылданды. Сонымен қатар цифрлық теңге жобасы сынақтан өтуде, криптовалюта мен жасанды интеллектті қолдану бағыттары зерттеліп жатыр.

2024–2029 жылдарға арналған жасанды интеллектті дамыту тұжырымдамасы, киберқауіпсіздік пен цифрлық басқару стратегиялары да осы бағытта бекітілген. Финтех пен цифрландыру мәселелері Digital Almaty және Digital Bridge форумдарында талқыланып келеді. Ал 2025 жылғы 13 қарашада өтетін Central Asia Fintech Summit шарасы аймақтық финтех саласының жаңа кезеңіне серпін бермек.

Осылайша, төлем нарығындағы рекордтық өсім мен цифрлық инфрақұрылымның кеңеюі Қазақстанның қаржы жүйесін сапалы жаңа деңгейге көтеріп, елді Орталық Азиядағы финтех көшбасшыларының қатарына шығарды.
 

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.