homepage
Фото: BAQ.KZ

Адамзаттың дамуы бәсеңдеп бара ма? Қазақстан қандай деңгейде?

12.11.2025, 09:40

2024 жылы адам дамуы индексі рекордтық деңгейге жетуі мүмкін, бірақ өсу қарқыны соңғы 35 жылдағы ең баяуы болады. БҰҰ Даму бағдарламасы сарапшыларының алдын ала болжамы бойынша, бұл көрсеткіш жаңа биіктікке көтерілгенімен, пандемия салдарынан жоғалған жылдардың орнын толтыруға жеткіліксіз. 2020–2021 жылдары адамзаттың білім, денсаулық және табыс саласындағы негізгі көрсеткіштері күрт төмендеп, 2030 жылға дейінгі тұрақты даму мақсаттарына жету үмітін әлсіреткен. 2022–2023 жылдары адам дамуы индексінің өсуі баяу болды, ал бүгінде даму қарқынының тежелуі онжылдықтарға созылатын үдеріс болуы мүмкін, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

2023 жылы жаһандық адам дамуы индексі 0,756 деңгейінде болды, ал 2022 жылы — 0,752. Бұл көрсеткіш 0 мен 1 аралығында есептеледі. Экономикасы дамыған елдерде индекс 0,914-ке жетсе, ең кедей мемлекеттерде небәрі 0,515-ке тең. Бұл айырмашылық адамдардың өмір сүру ұзақтығы, табыс деңгейі және білім алу мүмкіндіктеріндегі теңсіздікті айқын көрсетеді. Исландия (0,972), Норвегия (0,970) және Швейцария (0,970) көш басында. Ал тізім соңында — Оңтүстік Судан (0,388).

Қазақстан жоғары даму деңгейі бар елдер қатарына кіреді. 2023 жылы еліміз 193 елдің ішінде 60-орынды иеленіп, адам дамуы индексі көрсеткіші 0,837 болды. Бұл — ТМД мен Орталық Азия елдері арасындағы ең жоғары нәтиже. Ресейдің индексі 0,832, Беларусь — 0,811, ал аймақ елдері ішінде Түрікменстан (0,764) 95-орында, Өзбекстан (0,740) — 107-орында, Қырғызстан (0,699) — 117-орында, Тәжікстан (0,691) — 128-орында.

Соңғы 33 жылдағы динамикаға қарағанда, ең жылдам дамыған ел — Қытай. 1990 жылы оның адам дамуы индексі 0,491 болса, 2023 жылы 0,955-ке жетіп, АҚШ-тан да озып кетті. Америка Құрама Штаттарында өсу бірқалыпты, бірақ баяу жүрді. Қазақстанда серпін 2010 жылдан кейін байқалды: 2010 жылы 0,692 болса, 2020 жылы 0,781-ге жетті. Осы кезеңде ел Ресеймен теңесіп, кейіннен басып озды. Өзбекстан да тұрақты өсім көрсетті: 2000 жылғы 0,603-тен 2023 жылы 0,740-қа дейін.

Адам дамуы индексі өмір сүру ұзақтығы, білім деңгейі, табыс көлемі және гендерлік теңдік сияқты көрсеткіштерге сүйеніп есептеледі. Көшбасшы елдер бұл бағыттардың бәрінде жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Мысалы, Еуропада өмір сүру ұзақтығы орта есеппен 83–84 жыл, ал оқуға жұмсалатын уақыт — 14 жыл. Гендерлік жалақы айырмасы да ең аз деңгейде. Бірақ кейбір елдерде аномалиялар байқалады: Жапонияда орташа өмір ұзақтығы 84,7 жыл болса да, адам дамуы индексі бойынша тек 23-орында. Бұған табыс деңгейі мен гендерлік теңсіздік әсер еткен. Швейцария да осыған ұқсас: ұзақ өмір мен жоғары табысқа қарамастан, гендерлік алшақтық елдің көрсеткішін төмендеткен.

Қазақстан бойынша көрсеткіштер жаһандық ортадан жоғары. Елімізде өмір сүру ұзақтығы ұзағырақ, табыс жоғарырақ, гендерлік теңсіздік төменірек. Дегенмен, БҰҰ Даму бағдарламасы мен ҚР Ұлттық статистика бюросының деректері арасында айырмашылықтар бар. Мысалы, 2023 жылы халықаралық ұйым өмір ұзақтығын 74,4 жыл деп есептесе, БНС мәліметі бойынша ол 75,1 жыл. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 75,4 жылға жетті. Гендерлік жалақы айырмасы бойынша БҰҰ Даму бағдарламасы 14,7% десе, БНС — 25,7% деп көрсетті. Мұндай айырмашылықтар деректерді жинау әдістемесінің ерекшелігімен түсіндіріледі.

2019–2024 жылдар аралығында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері айтарлықтай жақсарды. Өмір сүру ұзақтығы екі жылға артты, әйелдер мен ерлер арасындағы жалақы айырмасы 32,2%-дан 26,5%-ға азайды, ал жан басына шаққандағы ЖІӨ 9,8 мыңнан 14,4 мың АҚШ долларына дейін өсті. Бұл елдің адам дамуы индексін жүйелі түрде арттыру бағытын жалғастырып келе жатқанын дәлелдейді.