Қазақ халқының киім мәдениеті – тек сән мен тұрмыстың көрінісі емес, сонымен бірге халықтың шаруашылығын, географиясын, әлеуметтік жіктелісін және сыртқы сауда қатынастарын айқын көрсететін мәдени құбылыс. Киім-кешектің қандай матадан тігілгеніне қарап, сол кезеңнің экономикалық мүмкіндігі мен әлеуметтік теңсіздігін байқауға болады. Juzmedia-ның Balbal tas айдарында бұрын қазақтардың киім-кешекке және өзге де қажеттілігіне матаны қайдан, қалай жеткізгендігі туралы шолуын ұсынамыз.
Көшпелі өмір салты жағдайында қазақтар киімге қажет материалды ең алдымен табиғаттан алды.
Қойдың, ешкінің, түйенің жүнінен шұға, мауыты, киіз, пүліш сияқты маталар иіріліп, тоқылды. Ал киіз басу — үй тұрмысындағы ең кең тараған шеберліктің бірі еді. Қой жүні жуылып, сабалып, суық пен желге төзімді киімге айналатын.
Мәселен, жүн мен киізден сырт киімдер — шапан, шидем, тон тігілді.
Мал терісінен ішік, былғары шалбар, етік, кебіс жасалды.
Түйе жүнінен жылы шекпендер, көрпелер, тоқылған киім түрлері дайындалды.
Шыңғысхан тұсында халықтың Терістік Қытайды жаулап, мата молшылығына кенелгендігі туралы қызық дерек бар.
Бұл туралы тарихшы Жувайни: «Бұрын тері киетін еді, қазір жібекпен торқаға малынып, байлыққа бөгіп отыр», деп жазды.
Қытайдан басталып, Орталық Азия, Қазақстан, Иран, Таяу Шығыс арқылы Еуропаға дейін созылған Жібек жолы кезінде де сауда мен айырбас қарқынды дамып, сырттан түрлі мата келе бастады.
Қытай тарихшысы Сюй Тиннің жазуынша, бұрынғы тері шапандар енді қамқа, торғын, алтын арқаулы жібектен пішілетін болған. Әсіресе қызыл, көгілдір, күрең, жасыл түстер таңдалған.
Кейін Орынбор, Қазан, Троицк сияқты Ресей жәрмеңкелерінен шыт, бәтес, мәуіті, мануфактуралық мата көптеп әкелінген.
Бұл туралы қазақстандық зерттеушілердің «Attribution of the Kazakh Traditional Dress in the Collections of the Russian Ethnographic Museum» (2016) атты зерттеу мақаласында:
“XIX ғасырда қазақ киімдері сауда жолдары арқылы келген маталармен түрленіп, бай мен кедей арасындағы айырмашылық айқын көріне бастады”, — деп жазады.
Байлар мен төрелер сән үшін Қытайдың торғыны мен Бұхараның барқытын тұтынса, қарапайым халық өз қолынан шыққан жүн мен тері киімдерді тұтынған.
Арнайы Juzmedia үшін Ая Өміртай