Естеріңізде болса, «Абай жолындағы» аса салтанатпен суреттелетін көріністің бірі – Бөжейдің өлімі. Ақ үйдің оң жақ белдеуіне туқара әкеп тігуінен бастап, қаракөк аттың құйрық-жалын күзеуін, ағайын боп қаралы үйдің салмағын бөлісе көтеруге дейінгі сәттерді өте қанық суреттейді. Әуезов Бөжейдің өлімін жан-жақты суреттеуінен біз нені ұғамыз?
Әуезов Бөжей өлімі көрінісінде қазақ халқының рухани мәдениеті мен адамдық болмысының терең қабаттарын ашады. Жазушы бұл оқиғаны жеке бір адамның қазасы емес, тұтас бір дәуірдің, ортаның адамгершілік өлшемін танытатын көрініс ретінде береді.
Құнанбаймен араздықтан соң «Жер ашуы – жан ашуы» деп Байдалы бастатқан топ Бөжейдің жаназасына тобықты ауылдарын шақырмайтын тұсы бар. Бірақ қазақ салты бойынша «өкпеге қиса да, өлімге қимаған», қанша араз болса да қаралы үйге көңіл айтпауға болмайды. Сондықтан Бөжей ауылдары Жәнібекке көшіп келген соң, қалың топ көп аялдамастан күнбатысқа қарай тартты деп жазады. Жиырмашақты ауыл саба жиып, сойыс әзірлеп, Құнанбайдың өз үлкен үйі үш саба, бір ту бие, бір тай сойыс пен азаға деп түйе жөнелтеді.
«Аттылардың қалың тобы осындай лек-лек боп, Құнанбай шоғырын алдына сап келе жатқан. Бір сәтте осы жұрт екі қоныстың арасындағы сары жазықты айғай шуға батырып, оң жақтағы биік қара адырды бөктерлеп Жәнібекке қарай ат қойды. Бұл елдің ежелгі ырымы бойынша, өлімге бата оқи барудың ең үлкен шарты осылай алыстан айғайлап «ойбай, бауырым» деп жылай шабу болатын», деп өлімге, ажалға деген халықтың ұжымдық реакциясын әсерлі жеткізеді.
Бөжейдің жаназасы кезіндегі «жылай шабу», алыстан «ойбай бауырым» деп дауыс шығару - халықтың өлім алдындағы салттық мінезін бейнелейтін көрініс. Бұл — тек эмоция емес, ырымдық әрі ұжымдық әрекет: қайғыны бөлісу, аруақты құрметтеу, елдің біртұтастығын білдіру.
Қазақ қоғамында өлім жеке адамның емес, тұтас қауымның қайғысы саналатын. Сол себепті Әуезов суреттеген ұжымдық жоқтау – халықтық психология мен рухани мәдениеттің айғағы. Жазушы адам мен қоғам, кек пен кешірім, салт пен сезім арасындағы күрделі байланыстарды көркемдікпен тоғыстырады.
Құнанбай мен Бөжей арасындағы араздық — билік пен намыс, бедел мен озбырлыққа қатысты тартыс.
Бірақ Құнанбай да, оның маңайы да ортақ дәстүрге бағынады. Бұл арқылы Әуезов қазақ қоғамында адамдық борыштың жеке өкпеден, бас араздықтан биік тұрғанын көрсетеді.
Үлкендердің әлі күнге дейін бала-шағаны «Үйге қарай жүгірме» деп тыйып отыруының артында осындай мағыналы астар жатса керек.
Өйткені үй - үй ғана емес, киелі ошақ, отбасының берекесі мен тыныштығының ордасы.
Арнайы Juzmedia үшін Ая Өміртай