Қазақстанда салалық банктер құруға қойылған тыйым алынып тасталуы мүмкін. Бұл бастаманың қаншалықты жүзеге асатынын LS агенттікке ресми сауал жолдап, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен білді деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Агенттіктің мәліметінше, бұл ұсыныс Мәжілісте жаңа банк заңын талқылау аясында қарастырылып жатыр. ҚНРДА «салалық банктерге тыйымды алып тастауға түбегейлі қарсы емес», бірақ мұндай шешім қабылдамас бұрын «мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен жан-жақты талдау жүргізу қажет» деп санайды.
Қазір бұл мәселенің жекелеген тұстары тиісті мемлекеттік органдар арасында келісу кезеңінде тұр.
Қолданыстағы заңға сәйкес, Қазақстанда мемлекет қатысатын салалық банктер ашуға тыйым салынған. Ерекше жағдай ретінде тек Отбасы банкі бар — ол ұлттық даму институты мәртебесіне ие.
Мәжіліс отырысында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов осы тақырыпқа қатысты пікір білдіріп, Агробанк құру идеясына тоқталды. Оның айтуынша, мұндай институтты ашу кезінде бірнеше фактор ескерілуі тиіс.
Біріншіден, банктің тұрақты капиталдандыру қажеттілігі бар. Себебі макропруденциялық талаптарға сай, банкті үнемі мемлекет тарапынан қаржыландырып отыру керек болады. Екіншіден, депозиттерді кепілдендіру жүйесіне қатысу міндеті капиталға қосымша салмақ түсіреді.
Оның сөзінше, халықаралық қаржылық есеп стандарттарына сай, Агробанктің депозиттік маржасы теріс болуы мүмкін, себебі ауыл шаруашылығына берілетін несиелер нарықтық шарттардан тыс әрі жоғары тәуекелге ие.
«Ауыл шаруашылығындағы несиелер әрдайым тәуекелі жоғары сала болып қала береді. Сондықтан бұл тәуекелдерді дұрыс бағалап, азайту керек. Егер осы бағытта нақты шешімдер қабылданса, ауыл шаруашылығын несиелеуге маманданған даму институты ретінде Агробанк тиімді жұмыс істей алады», — деді ол.
Ал қаржы сарапшылары бұл идеяға күмәнмен қарайды. Азаматтық қаржы клубының талдаушыларының пікірінше, салалық банктер құру шын мәнінде бизнесті несиелеу мәселесін шешпейді, керісінше жаңа әрі күрделі экономикалық қиындықтар туындатуы мүмкін.
Сонымен қатар, сарапшылар мұндай бастаманы іске асыру мемлекетке үлкен шығын әкелетінін айтады. Бұл өз кезегінде қазірдің өзінде тапшылығы бар мемлекеттік бюджетке қосымша салмақ түсіреді.