homepage
Фото: Juzmedia.kz коллажы

Қазақстан мұнайы: бұл бизнестің шынайы иесі кім?

06.11.2025, 16:37

Қазақстан бүгінде әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші елдердің бірі болып саналады. Алайда басты сұрақ сол күйінде ашық күйінде қалып отыр — еліміздің «қара алтынынан» шын мәнінде кім ең көп пайда көріп отыр? Конституция бойынша жер қойнауы халыққа тиесілі болғанымен, нақты табыстың басым бөлігі үш алып оператордың қолында: «Тенгизшевройл», NCOC және Karachaganak Petroleum Operating. Бұл үш компания елдегі ең ірі кен орындарын — Теңіз, Қашаған және Қарашығанақты толық бақылауда ұстап отыр және жыл сайын миллиардтаған доллар табыс табады. Juzmedia.kz осы құрылымды егжей-тегжейлі талдап шықты.

Әділетсіз үлес пе?

Қазақстан көптен бері мұнай тәуелділігіне байланған ел. Мұнай – стратегиялық ресурс, елдің дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттырудың басты тетігі болуы тиіс еді. Бірақ шындығында бәрі керісінше: Қазақстанның «қара алтыны» ең алдымен трансұлттық корпорациялардың пайда көзіне айналып отыр.

Бүгінгі күні елдегі мұнай өндірісінің шамамен 70 пайызы үш ірі компанияның үлесіне тиеді: «Тенгизшевройл» (ТШО), North Caspian Operating Company (NCOC) және Karachaganak Petroleum Operating (KPO). Бұл компаниялар еліміздің ең ірі үш кен орнын басқарады және барлығы өнімді бөлу туралы келісімдер (СРП) аясында жұмыс істейді. Мұндай келісімдер тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, Қазақстанда мұнай өндіру үшін қажетті қаржы мен технология болмаған кезде жасалған. Алайда бүгінгі таңда бұл келісімдер шетелдік инвесторларға өте тиімді болып отыр.

Басты проблема – олардың өндірісі түгел дерлік экспортқа бағытталған. Яғни, бұл компаниялар өндірген мұнайды өздері басқарып, шетелге сатуға толық құқыққа ие. Олар ішкі нарықты мұнаймен қамтуға міндетті емес. Осы себепті ел ішінде мұнай өңдейтін зауыттар шикізат тапшылығын бастан өткеріп, ішкі нарықта жанармай жетіспеушілігі жиі қайталанады.

Сонымен қатар, бұл үш ірі оператор экспорттық кедендік төлемдерден босатылған. Бұл – ай сайынғы жүздеген миллион доллардың мемлекеттік бюджетке түспей, компаниялардың өз пайдасында қалуы деген сөз.

Керісінше, ішкі нарыққа жұмыс істейтін ұлттық және жергілікті мұнай кәсіпорындары ұлттық заңнама талаптарын қатаң орындауға міндетті. Олар жергілікті кадр үлесін арттыру, экологиялық нормаларды сақтау және салық төлеу сияқты міндеттерді толық атқарады. Дәл осы компаниялар ішкі нарықты жанармаймен қамтамасыз етіп отыр, бірақ көбіне өз шығынын өзі жаба алмай, залалмен жұмыс істейді.

Теңізден табыс кімге түседі

Қазақстандағы ең ірі мұнай кен орны – Теңіз. Оны игеріп отырған «Тенгизшевройл» (ТШО) еліміздің мұнай саласындағы ең қуатты кәсіпорын саналады. Компания Атырау қаласында тіркелген, бас директоры – Лакоби Питер Уильям.

Компанияның акционерлік құрамы былай бөлінген:
Chevron (АҚШ) – 50%
ExxonMobil Kazakhstan Ventures (АҚШ) – 25%
ЛУКОЙЛ (Ресей) – 5%
«ҚазМұнайГаз» (Қазақстан) – 20%

Яғни, елдің ең ірі мұнай көзінен түсетін табыстың 80 пайызы шетелдік компаниялардың пайдасына кетеді.

ТШО – Қазақстандағы ең ірі салық төлеушілердің бірі. 2022 жылы компания бюджетке 4,6 трлн теңге, ал 2023 жылы 3,7 трлн теңге аударған. Алайда бұл сандар ел қазынасына түскен кірістің жалпы көлемін көрсеткенімен, табыстың басым бөлігі инвесторларға қайтып кетеді. Тіпті, осындай алып көлемнің өзінде компанияның 461 870 теңге көлемінде салықтық берешегі бар екені анықталған (Атырау облысының кірістер департаментінің дерегі бойынша). Әрине, бұл «теңізге тамған тамшыдай» ғана, бірақ ол ірі ойыншылардың да мемлекет алдындағы міндеттемелерін толық орындамайтынын көрсетеді.

Қашаған: әлемдегі ең ірі жоба, бірақ кімнің пайдасына?

Каспий теңізінің жағалауында орналасқан Қашаған кен орны – соңғы 40 жылдағы әлемдегі ең ірі мұнай ашылымдарының бірі әрі ең қымбат жобалардың бірі. Оның операторы – North Caspian Operating Company (NCOC). Компания Атырауда тіркелген, басшысы – Рую Джанкарло.

Жобаға қатысушылардың үлесі:
ҚазМұнайГаз – 16,88%
Eni (Италия) – 16,81%
Shell (Ұлыбритания) – 16,81%
ExxonMobil (АҚШ) – 16,81%
TotalEnergies (Франция) – 16,81%
CNPC (Қытай) – 8,33%
INPEX (Жапония) – 7,56%

Бұл құрам жобаның жаһандық маңызын көрсетеді, бірақ ел үшін пайдасы соншалықты зор емес. Өйткені Қашағаннан өндірілген мұнай да негізінен экспортқа кетеді. Ішкі нарыққа ол шамамен 10 пайыз ғана жеткізіледі.

Компанияның салық төлемдері тұрақсыз. Мысалы, 2016 жылы бюджетке 144 млрд теңге, ал келесі жылы бар болғаны 19 млрд теңге ғана түскен. 2022 жылы бұл көрсеткіш 239 млрд теңгеге, 2024 жылы 210 млрд теңгеге дейін өскен. Алайда кен орнының ауқымын ескерсек, бұл ел үшін мардымсыз пайда.

Қарашығанақ: миллиардтаған табыс кімнің қолында

Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ кен орнын Karachaganak Petroleum Operating B.V. (KPO) басқарады. Бұл компания да халықаралық консорциум болып табылады.

Акционерлердің үлесі:
Eni (Италия) – 29,25%
Shell (Ұлыбритания) – 29,25%
Chevron (АҚШ) – 18%
ЛУКОЙЛ (Ресей) – 13,5%
ҚазМұнайГаз (Қазақстан) – 10%

Компанияның басшысы – Марсили Марко.

KPO ел бюджетіне жыл сайын миллиардтаған теңге салық төлейді. 2022 жылы – 1,4 трлн теңге, ал 2016 жылы бұл сома небәрі 127 млрд теңге болған. Көрсеткіштің мұншалықты құбылуы мұнай бағасына және экспорт көлеміне байланысты. Бұл елдің қаржы жүйесінің әлемдік нарыққа тәуелді екенін анық көрсетеді.

Бүгінде Қазақстан мұнайынан түсетін негізгі табыс шетелдік корпорациялардың қолында. Елдің жері де, ресурсы да өзінікі болғанымен, экономикалық қайтарымның басым бөлігі сыртқа кетіп отыр.

Триллиондап түсіп жатқан мұнай табысы ел ішіндегі өндірісті, әлеуметтік саланы немесе отын нарығын тұрақтандыруды емес, трансұлттық компаниялардың жылдық есебін толықтыруды қамтамасыз етуде.

Қарапайым қазақстандықтар үшін бұл тек бензин бағасының көтерілуі мен жанармай тапшылығы түрінде сезіледі.

Мұның бәрі Қазақстанның мұнай тәуелділігінің көрінісі: ел байлығы — сыртқы инвесторлардың тұрақты табыс көзіне, ал өз халқы үшін экономикалық тәуелділік тетігіне айналып отыр.

Қорытындылай айтқанда, қазіргі жүйе өзгермейінше, Қазақстан ресурсы мол, бірақ пайдасы аз елдердің қатарында қала береді.