Қазақстан денсаулық сақтау сапасы бойынша халықаралық рейтингте бірнеше сатыға төмендеді. Numbeo платформасының 2025 жылғы мәліметінше, елдің индексі 60,7 пунктті құрап, 99 мемлекеттің ішінде 60-орынға тұрақтаған. Екі жыл бұрын Қазақстан 57-орында болған деп хабарлайды Juzmedia.kz. Finprom.kz-ке сілтеме жасап.
Рейтингтің көшін Тайвань (87 балл), Оңтүстік Корея (82,8) және Нидерланд (80,6) бастап тұр. Көрсеткіш бойынша Қазақстанға ең жақын елдер – Ресей (57-орын) және Армения (61-орын). Numbeo индексі сауалнама нәтижелеріне негізделіп есептеледі және денсаулық сақтау сапасы, инфрақұрылым, қызметтердің қолжетімділігі мен ресурстар деңгейін қамтиды.
Зерттеу көрсеткендей, Қазақстан мен дамыған елдер арасындағы басты айырмашылық – денсаулық сақтау саласына жұмсалатын қаржы көлемінде. Our World in Data дерегінше, 2024 жылы АҚШ денсаулыққа ЖІӨ-нің 14,3 пайызын, Германия – 10,6 пайызын, Франция мен Швеция – 9,7 пайызын бөлген. Қазақстанның бұл көрсеткіші небәрі 2,9 пайыз болды, яғни Қытаймен бір деңгейде.
Мемлекеттік қаржы көлемі де айтарлықтай өзгермеген. Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы медицинаға 2,5 трлн теңге жұмсалды — бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 0,2 пайызға аз. Инфляцияны ескерсек, нақты шығын көлемі одан да төмен. 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында бұл салаға 1,3 трлн теңге бөлінген, өсім – бар болғаны 1,1 пайыз.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, өткен жылы бюджет есебінен бір адамға шаққандағы шығын 152,2 мың теңгені құрады. Көп өңірде бұл көрсеткіш 5–10 пайызға артқанымен, Астанада керісінше 14,6 пайызға азайып, 180,2 мың теңге болған. Ал ең жоғары көрсеткіш Қостанай облысында тіркелген – 183,1 мың теңге (+23,8%). Сарапшылар мұны елордадағы халық санының шапшаң өсуімен, ал бюджет жоспарлауының баяу бейімделуімен байланыстырады.
Мемлекеттік шығындармен қатар азаматтардың жеке денсаулық сақтау қызметтеріне жұмсайтын қаражаты да өсіп отыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың екінші тоқсанында халықтың ақылы медицинаға орташа шығыны 4,7 мың теңгені құрады – бір жылда 16,5 пайызға өсім. Ал бірінші тоқсанда бұл өсім 28,3 пайыз болған.
Мұның салдары – елдегі аурушаңдық деңгейінің артуы. Денсаулық сақтау министрлігінің деректерін салыстырғанда, 2022 жылдан 2024 жылға дейін 17 ауру категориясының тек бесеуі бойынша ғана төмендеу байқалған. Қалған 12 категорияда керісінше өсу тіркелген.
Ең алаңдатарлық көрсеткіш – қан айналым жүйесі аурулары. 2024 жылы бұл ауру 100 мың адамға шаққанда 18,6 мың жағдайға жеткен. Екі жыл бұрын көрсеткіш 16,9 мың болған. Бұл ауру түрі әлі де елдегі өлім-жітімнің негізгі себебі болып отыр.