Халықаралық валюта қорының есебінде Қазақстанда инфляцияның өсуіне Ресейден келетін сыртқы ықпал мен ішкі сұраныстың күшеюі әсер етіп отырғаны атап өтілді, деп хабарлайды Juzmedia.kz LS.kz-ке сілтеме жасап.
Ұйым Қазақстан экономикасының өсу болжамын жақсартты. 2025 жылы жалпы ішкі өнімнің өсімі 5,9%, 2026 жылы 4,8%, ал 2027 жылы 3,4% деңгейінде болады деп күтілуде. Бұрынғы болжамдарда бұл көрсеткіштер сәл төмен болған.
ХВҚ дерегінше, биыл Орталық Азия мен Кавказ өңірінде ең жоғары экономикалық өсім Қазақстан мен Өзбекстанда байқалған. Бұған ішкі тұтыну көлемінің артуы, несиелеудің жандануы және шетелден келетін ақша аударымдарының көбеюі ықпал етті.
Инфляция аймақтағы елдердің басым бөлігінде 2025 жылдың шілдесінде өткен жыл соңындағы деңгейден жоғары болды. Бұл үрдіске электр қуаты тарифтерінің қайта қаралуы (Қырғызстан), Ресейден келетін импорттық баға өсімі (Қазақстан мен Қырғызстан), сондай-ақ ішкі сұраныстың жоғары болуы себеп болып отыр.
Сонымен бірге, өңірдегі экономикалық тұрақтылықтың арқасында өсім болжамдары да түзетілді. ХВҚ биыл Орталық Азия мен Кавказ елдері үшін экономикалық өсімді 5,6% деңгейінде болжайды (өткен жылғы 5,5%-дан жоғары). Мұны Қазақстандағы мұнай өндірісінің ұлғаюы, несиелеудің кеңеюі (Армения, Грузия, Қазақстан) және бюджеттен қосымша қаржы бөлу (Армения, Қазақстан, Қырғызстан) қамтамасыз етуде.
2025 жылы өңірде мемлекеттік шығындарды көбейту бағыты сақталады, ал 2026 жылдан бастап бюджеттік саясат біртіндеп қатаңдатылмақ. Бұл — инвестициялық шығындардың азаюымен (Әзербайжан) және салық реформалары арқылы мұнайдан тыс кірістерді арттырумен (Қазақстан) байланысты. Ал Қырғызстан мен Тәжікстанда керісінше, бюджеттік ынталандыру саясаты орта мерзімде сақталады деп күтілуде.
ХВҚ сарапшылары ақша-несие саясаты бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуі тиіс деп санайды. Орта мерзімді кезеңде инфляцияның нысаналы деңгейден жоғары болуы Мысырда, Қазақстанда және Тунистe байқалады деп күтілуде, сондықтан қатаң ақша саясатын ұстану қажет.
Қор орталық банктерге шешім қабылдау кезінде ашықтықты сақтауды және тәуелсіздігін қорғауды ұсынады. «Зерттеулер көрсеткендей, орталық банктің тәуелсіздігіне қысым жасау инфляция мен тәуекел құнын арттырады. Бұл кейін сенімді қалпына келтіру үшін саясатты ұзақ уақыт бойы қатаң ұстауға мәжбүрлейді», – делінген ұйым хабарламасында.
Сондай-ақ, қаржы нарығындағы қатаң жағдайлар банк активтерінің сапасына әсер етуі мүмкін. Сол себепті билік органдары қажет болған жағдайда макроқадағалау шараларын жедел түзетіп, бақылау және реттеу жүйесін күшейтуі тиіс.
Ал Halyk Finance сарапшылары ХВҚ-ға қарағанда Қазақстан экономикасының өсімін неғұрлым сақ болжауда. Олар 2025 жылы өсімді 5,6%, 2026 жылы 4,5% деңгейінде болжайды. Бұған мұнай бағасының төмендеуі, өндіру көлемінің баяулауы, Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың азаюы, салықтардың өсуі және тұтынушылық несиелеудің тежелуі себеп болады.
Сондай-ақ биыл Қазақстандағы жылдық инфляция қыркүйекте 12,9%-ға жетіп, 2025 жылдың ең жоғары деңгейін көрсетті. «Қазан айында Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтеруі инфляцияны тежеу шарасы болғанымен, ол несие беру мен ішкі сұранысты бәсеңдетіп, экономикалық тепе-теңдікті бұзуы мүмкін», – деп атап өтті агенттік.
ХВҚ есебінде Украинадағы соғыс пен геосаяси тұрақсыздық өңірдің экономикалық ахуалына да әсер еткені айтылады. Орталық Азия мен Кавказ елдеріне капитал мен жұмыс күшінің ағылуы артты, инфрақұрылымға инвестициялар көбейді, аймақтық өзара байланыс нығайды. Алайда экономиканың шикізатқа тәуелділігі мен құрылымдық икемсіздігі бұл өсімді тұрақты өнімділікке айналдыруға кедергі болып отыр.