Қазақстанда сиыр етінің бағасы бірден 4–5 мың теңгеге дейін өсіп, халықтың күнделікті шығынына ауыр салмақ түсті деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Әр тарап өз уәжін айтады: Ауыл шаруашылығы министрлігі сұраныстың артуы мен экспортқа сілтейді, ал сарапшылар мұны он жылдық қателіктердің салдары деп отыр. Orda.kz сараптамасы көрсеткендей, мәселе тек маусымдық тапшылықта емес — бүкіл ет өндірісі жүйелі дағдарысқа тап болған.
Қазақстанның ет өндірушілер одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаевтың айтуынша, Қазақстан табиғи және материалдық ресурстарға бай ел бола тұра, ұзақ мерзімді аграрлық стратегия жасай алмады. Елде жайылым да, астық та, климат та бар, бірақ сала қысқа мерзімді шешімдермен өмір сүріп келді.
«Біз әлемдегі алғашқы бес ет өндіруші елдің қатарына енер едік, бірақ жоспарлы саясат жоқ. Соның кесірінен фермерлердің көбі табыстан айырылып, мал басы қысқарды», – дейді ол.
Бақтыбаевтың пікірінше, бұл – классикалық «голланд ауруының» көрінісі: мұнай табысына сеніп, азық-түлік қауіпсіздігіне көңіл бөлінбеген кезеңнің салдары. Пандемия кезінде логистика тоқтағанда ғана еліміз өз өндірісінің маңызын сезген.
Министрліктің ұстанымы басқа. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов бағаның өсуін экспорттың артуымен және шекара маңындағы жаңа сою кәсіпорындарының ашылуымен түсіндіреді. Оның айтуынша, биылғы жылдың басында ірі көлемде мал сыртқа сатылып, ішкі нарықтағы ұсыныс азайған.
«Біз ет жетіспейді демейміз, бірақ бағаның күрт өсуі байқалды. Бұл – көрші елдер тарапынан жоғары сұраныс пен жаңа өңдеу кәсіпорындарының ашылуымен байланысты», – дейді Сұлтанов.
Министрлік кейін ұрғашы және тірі малды экспорттауға шектеу қойып, тек толық өндірістік циклді қамтамасыз ете алатын кәсіпорындарға ғана рұқсат берді. Бұл қадам ішкі нарықты тұрақтандыруға бағытталғанымен, сарапшылардың пікірінше, мәселенің түбін шешпейді.