homepage
Фото: ЖИ арқылы жасалды

Қазақстандықтардың жартысынан көбі өз кәсібіне риза

27.10.2025, 11:03

Қазақстанда биыл наурыз айында жүргізілген сауалнама нәтижесінде тұрғындардың 50,7 пайызы өз кәсіби қызметіне толық қанағаттанатынын мәлімдеді. Былтыр бұл көрсеткіш 49,9 пайыз болған. Тағы 29,9 пайызы жұмысына ішінара риза екенін айтқан (2024 жылы — 45,5%). Ал кәсібіне мүлде разы емес қазақстандықтар үлесі 3 пайыздан 0,9 пайызға дейін азайған. Есесіне жауап беруге қиналғандар мен сұрақ өзіне қатысы жоқ деп көрсеткендердің үлесі бір жылда 1,6 пайыздан 18,5 пайызға өскен, деп хабарлайды Juzmedia.kz Finprom.kz-ке сілтеме жасап.

Сауалнамаға 15 жастан асқан 12 мыңға жуық адам қатысты. Нәтижесінде ауыл тұрғындары қалалықтарға қарағанда өз кәсібіне көбірек риза екені анықталды: ауылдықтардың 53,9 пайызы, қалалықтардың 49,4 пайызы жұмысына толық қанағаттанады. Ішінара қанағаттанғандар – қалада 30,8%, ауылда 27,7%. Қала тұрғындары арасында кәсібіне мүлде разы емес адамдар үлесі жоғарырақ – 1,2% қарсы 0,7%.

Жыныс тұрғысынан ерлер әйелдерге қарағанда өз жұмысына көбірек риза: 55% және 48,1%. Ішінара қанағаттанғандар ерлер арасында – 29,3%, әйелдер арасында – 30,2%. Қанағаттанбағандар әйелдер арасында көбірек: 1% қарсы 0,6%. Жас топтары бойынша ең қанағаттанғандар – 29–38 жас аралығындағы азаматтар (62,5%), ал ең аз риза топ – зейнет жастағылар (29,5%).

Материалдық жағдайына қарай ең ауқатты азаматтар өз кәсібіне риза болып шықты: жеткілікті тұрмысы барлар – 82,6%, жоғары деңгейде қамтамасыз етілгендер – 76,8%, ортадан жоғары – 73%, орта деңгей – 43,3%, ортадан төмен – 27,2%, аз қамтылғандар – 14,8%.

2025 жылдың екінші тоқсанында елде 9,3 миллион жұмыспен қамтылған адам тіркелді — бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,2 пайызға көп. Олардың 7,1 миллионы мамандығы бойынша жұмыс істейді, 1,7 миллионы басқа салада еңбек етеді, ал 531,7 мыңы мүлде кәсіби білім алмаған. Қала тұрғындары арасында мамандығы бойынша жұмыс істейтіндер үлесі жоғарырақ — 83,3%, ауылда – 63,7%. Қалада мамандығына сай келмейтіндер 14,3%, оқымағандар 2,4%, ал ауылда бұл көрсеткіштер сәйкесінше 24,8% және 11,5%.

Гендерлік тұрғыдан әйелдердің мамандығы бойынша жұмыс істеу үлесі сәл жоғары: ерлердің 74,8 пайызы, әйелдердің 77,6 пайызы өз саласында еңбек етеді. Мамандығына сай келмейтін жұмыс істейтін ерлердің үлесі – 19,2%, әйелдерде – 17%. Ешқандай білім алмаған ерлер – 6%, әйелдер – 5,4%.

Өңірлер бойынша ең көп жұмыспен қамтылғандар дәстүрлі түрде халық тығыз орналасқан аймақтарда тіркелді: Алматы қаласында – 1,1 миллион адам (жылдық өсім 3,7%), Түркістан облысында – 818,8 мың (өсім 1,3%), Алматы облысында – 740,3 мың (өсім 3,5%). Ең аз жұмыспен қамтылған өңір – Ұлытау облысы, мұнда 94,7 мың адам еңбек етеді (–3,1%). Одан кейін Солтүстік Қазақстан (255,6 мың, –2,2%) және Жетісу (287,4 мың, –1,8%) облыстары келеді.

Салалар бойынша ең көп жұмыспен қамтылғандар көтерме және бөлшек сауда мен автокөлік және мотоцикл жөндеу саласында – 1,6 миллион адам (өсім 3,3%). Одан кейін білім беру (1,2 миллион, +2,5%), ауыл, орман және балық шаруашылығы (1 миллион, –5,2%), көлік және қоймалау (676,9 мың, +1%), құрылыс (638,3 мың, –1%). Ең аз жұмыспен қамтылған салалар – сумен жабдықтау мен экологиялық қызмет, жылжымайтын мүлік операциялары және энергиямен жабдықтау.