homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Соңғы он жылда қазақстандықтардың несие белсенділігі алты еседен астам артқан

23.10.2025, 09:40

Соңғы он жыл ішінде халыққа берілген қарыз көлемі 6,2 есеге өсіп, 2015 жылғы 3,8 трлн теңгеден 2025 жылы 23,7 трлн теңгеге жетті. Несиеге сұраныс жыл сайын тұрақты өсіп отырған, тек 2016 жылы ғана аздап төмендеу байқалған, деп хабарлайды Juzmedia.kz LS сайтына сілтеме жасап.

Несиелердің негізгі үлесін тұтынушылық қарыздар (оның ішінде автонесие) құрайды – шамамен 16 трлн теңге, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 6,1 есе көп. Одан кейінгі орында ипотекалық қарыздар – 6,6 трлн теңге (+7,4 есе) және өзге кредиттер – 1,1 трлн теңге (+3,5 есе).

Бір кезде 13,9%-ға дейін жеткен 90 күннен асқан мерзімі өткен берешектердің үлесі 2022 жылы 3,64%-ға дейін төмендегенімен, биыл қайта өсіп, 4,52%-ға жетті.

Халықтың шамадан тыс қарыздануын тежеу үшін билік жаңа талап енгізуде: 2026 жылғы 1 сәуірден бастап қаржы ұйымдары жеке тұлғаларға берілетін несиелер бойынша тәуекелді активтердің 2%-ына тең қосымша капитал буферін қалыптастыруы тиіс. Бұл банктердің несиелеу қарқынын бәсеңдетуге бағытталған. Сонымен қатар, реттеушілер тұтынушылық несиелердің жылдық тиімді мөлшерлемесін 46%-дан 40%-ға дейін төмендетуді жоспарлап отыр.

Сол арада бизнеске берілген кредит көлемі де артты — соңғы он жылда 7,5 трлн теңгеден 17,1 трлн теңгеге дейін көбейіп, 2,3 есе өсті. Ең үлкен үлес өнеркәсіпке тиесілі – 6,7 трлн теңге (+4,5 есе), кейін сауда (3,9 трлн теңге, +1,7 есе) және өзге салалар (3,4 трлн теңге, +2 есе) тұр. Тасымал саласына берілген несие 1,4 трлн теңгеге дейін жетіп, 2,9 есе ұлғайған.

Келесі жылдан бастап банктердің табысына дифференциалды салық енгізіледі: бөлшек несиелеуден түскен табысқа 25%, бизнес несиесінен түскен табысқа 20% корпоративтік табыс салығы салынады.

Ұлттық банк 2022 жылдан бастап деректер жинаудың жаңа тәсілін қолдана бастады. Енді статистикаға банктермен қатар Қазақстан Даму Банкі, квазимемлекеттік сектор ұйымдары, ипотекалық және микрокредиттік компаниялар деректері де қосылады.