Осы аптада президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметте үлкен ауыс-түйіс жасады. Ғани Бейсембаев Оқу-ағарту министрі қызметінен кетіп, оның орнына Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова тағайындалды. Бұл ротацияға себеп бар деп айтуға болар. Соңғы кезде даулы реформалар, мұғалімдердің жаппай шағымдары, мектеп құрылысы бағдарламасындағы түсініксіз тұстар мен оқу бағдарламасына енгізілген өзгерістер қоғамда көп пікірталас тудырған еді. Juzmedia.kz Бейсембаевтың министр ретіндегі қызметін, артта қалдырған мұрасын, оның іске асырған жобалары мен жаңа министрді күтіп тұрған шаруа барысын шолып көрді.
«Тым сақ әрі консерватив министр»
Ғани Бейсембаев қарапайым мұғалім, сол мұғалімдер арасынан министрлікке дейін көтерілген. Ол 2023 жылдың қаңтарынан бері 2,5 жыл бойы білім саласын басқарды. Қызметке келгенде апатты және ескі мектептерді жоюға, мектептерді бір ауысымға көшіруге, білім сапасын арттыруға уәде еткен еді. Бірақ мамандардың айтуынша, оның реформалары баяу жүрді, әсіресе ауыл-аймақтардағы мектептер жеткілікті жабдықталмады. Ал өзгерістер көбіне сөз жүзінде қалып, жүйелі түбегейлі өзгерістерге жете қойған жоқ. Сарапшылар оны жабық, сақ және тым консервативті министр болды деп санайды.
Қоғамдық кеңес мүшесі Нұрмұхаммед Досыбаев та әлеуметтік желіде:
«Оның кезінде жүйелі тәжірибе, сала дамуының айқын көзқарасы, таланттарға сүйенген кадр саясаты болмады, ал ең бастысы – алға батыл қадам жасауға тәуекел етпеді. Сарапшылармен ашық диалогтың орнына жабықтық пен қысым, журналистердің сұрақтарына шынайы жауаптың орнына үнсіздік, нақты шешімдердің орнына салтанатты шаралар мен марапаттар болды» деп жазды.
Бірақ атап өтетін тұсы да бар. Бейсембаев мұғалімдердің қорғаушысы ретінде есте қалды. Ол мұғалімдерді әртүрлі шараларға мәжбүрлеп жұмылдыруға қарсы шығып жүрді. Мәселен, Семейде жаңа жылдық шырша безендіруге жіберілген мұғалім жарақат алған кезде министр араласты. Маңғыстауда әкімнің шешімімен жұмыстан босатылған мектеп директорын қайта орнына қайтаруға ықпал етті. Қаскелеңдегі қайғылы оқиға кезінде де ол мектеп директорын қорғап шықты, өйткені жауапкершілік ата-аналарға жүктелуі тиіс деді.
Тегін тамақтандыру және соңғы қоңырау
Оның бастамасымен 2023 жылдың қыркүйегінен бастап мемлекеттік мектептерде бастауыш сынып оқушылары және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары тегін ыстық тамақпен қамтыла бастады. 2024 жылдан бастап жекеменшік мектептердің бастауыш сынып оқушылары да осы мүмкіндікке ие болды. Бұл бастама 25 мыңнан астам баланы қамтиды, оған 12 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.
Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар балалардың да жалпы мектептерде оқуы үшін жағдай жасалды. Мектептерде арнайы педагогтар, ассистенттер мен жеке көмекшілер жұмыс істей бастады. Оның бастамасымен оқу жылының ұзартылған мерзімі қысқартылып, мектеп бітіру 25 мамырға қайта ауыстырылды.
Тағы бір бастамасы – жасанды интеллектті білім беру саласына енгізу жоспары. 2025–2029 жылдарға арналған бағдарлама қабылданып, «Цифрлық сауаттылық» пен «Информатика» пәндерінде жасанды интеллект элементтері қолданылып жатыр. Бұл қадам ауылдық мектептерге де робототехника мен бағдарламалауды дамытуға жол ашпақ.
Ең қатты сынға түскен реформасы
Алайда оның жұмысы үнемі сын астында болды. 2023 жылы бірден 136 мұғалім президентке ашық хат жазып, Бейсембаевты отставкаға жіберуді сұрады. Себеп – шешімдердің жабық қабылдануы, мұғалімдер қауымымен диалогтың жоқтығы, нақты проблемаларға баяу реакция танытуы. Сондай-ақ ол енгізген кейбір реформалар қоғамды алаңдатты.
Мәселен, 2026 жылдан бастап кей пәндерді біріктіру көзделді: физика, химия, биология – «жаратылыстану»; алгебра мен геометрия – «математика»; дүниежүзі тарихы мен құқық негіздері – «қоғамдық ғылымдар» пәніне біріктірілмек. Ата-аналар мен мұғалімдер мұның білім сапасын төмендету қаупін тудыратынын айтты.
«Білім беру бағдарламалары жаңарады деді. Өзі Алтынсарин атындағы Білім академиясы президенті боп тұрғанда басталған тірліктің не болғанын да жұрт білмейді. Керісінше, химия, физика, биологияны қосып жаратылыстану ғылымы пәні қылу, дүниежүзі тарихы мен құқық негіздері бірігеді, алгебрамен геометрия бірігіп математика болады деп, отпен суды қосып бейкәсібилік көрсетті де, солай мемстандартты өзгертті. Жұрт шулап еді, оны да сиырқұймышақтандырып жоқ қылды. Ескі, 2016 жылғы бекітілген мемстандарт пен оқу жоспарларын жаңарту, әттеген-айларын шешу үшін жасалған мемлекеттік стандарт пен оқу жоспары жүйесі дайын еді ол келгенде. Енгізбеді, өкінішке орай, созбақтап жүріп қоштасты. Қорықты шешім қабылдаудан», - деп жазды бұл туралы белгілі маман Аятжан Ахметжан.
Айта кету керек, Аятжан Ахметжан министрлікті тікелей сынға алып жүрген сарапшының бірі. Сол үшін «ұлттық мектептер жобасын министрлік қудалады» деген ақпарат та тарады.
«Абай ұлттық мектебін бекітемін деп, ұлттық мектеп бағдарламасына уәде берді, бірақ ол да жоқ. Керісінше, ұлттық мектеп жасаймыз деген біздің артымызға шам алып түсіп, заңсыз тапсырма беріп, QAZBILIM ұлттық лицейінің неше мектебін жаптырғанын жақсы білесіздер. Кәдімгідей тұралатты», - дейді оқытушының өзі.
Жайлы мектептер жайлы болды ма?
«Жайлы мектеп» бағдарламасы да көп сынға қалды. Бастапқыда 401 жаңа мектеп салу жоспарланғанымен, кейін бұл көрсеткіш 217-ге дейін қысқарып кетті. Бұл да қоғамда сұрақ тудырды. Ал балабақшаларға ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілгенімен, ата-аналар мен сарапшылар мұны қолдамады. Өйткені балалар күнде фейсбақылаудан өтуге мәжбүр, бұл құқық бұзушылық пен жеке деректердің қауіпсіздігіне қатысты күмән тудырды.
Мұғалімдердің жалақысына қосымша ақы туралы уәделер де орындалмады. Класс жетекшілерге үш есе қосымша ақы беріледі деген сөздер айтылғанымен, мұғалімдер мұндай қолдауды сезінген жоқ. Көптеген ұстаздар әлі де төмен айлыққа шағымданды.
Енді жаңа министр Жұлдыз Сүлейменоваға үлкен шаруа жүктеліп отыр. Ол реформаларды жылдамдатуы, ауылдағы мектептердің жағдайына көбірек көңіл бөлуі, мұғалімдермен ашық жұмыс жасауы қажет. Ұстаздар оның кәсіподақпен тығыз жұмыс істегенін қалайды, өйткені айлық мәселесі әлі де өткір күйінде тұр. Қоғам жаңа министрден жай ғана кадрлық ауыс-түйісті емес, нақты өзгерістерді күтеді. Қазақстандағы білім беру саласы уәделерді емес, нақты істерді талап етіп отыр