Еуропаның ірі мемлекеттері алдағы апталарда Палестина мемлекетін ресми мойындауы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл шешімнің палестиналықтар мен Израиль үшін салдары қандай болуы мүмкін? Бұл туралы жазған Reuters сараптамасын Juzmedia.kz оқырмандарына ұсынады.
Қазір Палестинаның мәртебесі қандай?
1988 жылы Палестина азаттық ұйымы тәуелсіз мемлекет құрылғанын жариялаған еді. Оны бірден «жаһандық оңтүстік» деп аталатын елдердің көбі мойындады. Бүгінде БҰҰ-ның 193 мүше мемлекетінің 147-сі Палестинаны тәуелсіз ел деп таниды. Соңғысы – Мексика, 2025 жылдың қаңтарында мойындаған.
АҚШ пен Еуропаның жетекші елдері ұзақ жылдар бойы Палестинаны тек «екі мемлекет» шешімі бойынша келіссөз аяқталғанда ғана мойындаймыз деп келген. Бірақ Израиль мен Палестина 2014 жылдан бері ресми келіссөз жүргізген жоқ.
Палестина БҰҰ-да тек бақылаушы мәртебесіне ие. Толыққанды мүше болу үшін Қауіпсіздік кеңесінің келісімі қажет, онда АҚШ-тың вето құқығы бар. Қазіргі таңда Палестина билігі – Махмуд Аббас басқаратын Палестина автономиясы – Батыс жағалауда шектеулі билік жүргізеді. Ал 2007 жылдан бері Газа секторын ХАМАС бақылап отыр.
Кімдер мойындауға дайын?
Ұлыбритания, Франция, Канада, Австралия және Бельгия БҰҰ Бас Ассамблеясында Палестинаны мойындау жоспарын жариялады. Франция президенті Эммануэль Макрон бұл қадам Палестина билігінің реформаларымен қатар жүруі тиіс екенін айтты. Батыс елдері мұны Израильді Газаға шабуылды тоқтатуға және бейбіт келіссөздерге қайта оралуға қысым жасау құралы ретінде қарастырады.
Мойындау іс жүзінде не өзгертеді?
Сыншылар бұл қадамды көбіне символикалық қадам деп санайды. Себебі Қытай, Ресей, Үндістан және араб елдері Палестинаны ондаған жылдар бұрын мойындағанымен, бұл жанжалды тоқтатуға ықпал ете алған жоқ.
Дегенмен палестиналықтардың өздері үшін мұндай қадам маңызды саяси жеңіс болмақ. Олардың айтуынша, бұл әлемдік деңгейде серіктестік орнатып, Израильмен қарым-қатынасты қайта қарауға жол ашуы мүмкін. Мысалы, Ұлыбритания Израильдің басып алған аумақтарынан әкелінетін тауарларға тыйым салуы ықтимал.
Израиль мен АҚШ-тың реакциясы қандай?
Израиль бұл бастамаға қатаң қарсы шықты. Үкімет мойындау әрекетін ХАМАС-ты марапаттау деп санайды. Ел тарихындағы ең оңшыл билік басында отырған премьер-министр Биньямин Нетаньяху Израиль ешқашан Газа мен Батыс жағалаудағы қауіпсіздік бақылауынан бас тартпайтынын айтты.
АҚШ та Еуропа елдерінің бұл жоспарына үзілді-кесілді қарсы. Вашингтон Палестина билігі басшыларына санкция енгізіп, оларға БҰҰ Бас Ассамблеясына қатысуға виза бермей отыр.
Егер Еуропаның алпауыт елдері Палестинаны ресми мойындаса, бұл қадам символикалық қана емес, болашақтағы Таяу Шығыс келіссөздерінде жаңа жағдай туғызуы мүмкін.