Қазіргі геосаяси жағдайда қару-жарақ саудасы бұрын-соңды болмаған қарқынға шықты. Украинадағы соғыс, Тайвань төңірегіндегі қауіп және Америкаға сенімнің әлсіреуі елдерді қару қоймаларын толықтыруға, жаңа тапсырыс беруге мәжбүрлеуде. Енді тек дәстүрлі алыптар ғана емес, орта деңгейлі мемлекеттер де осы нарықта алға шығып отыр. The Economist басылымының осы бағыттағы сараптамасын ұсынамыз.
Қыркүйектің 3-і күні Бейжіңдегі Аспан қақпасы алаңы бейбіт болмайды. Си Цзиньпин, Ким Чен Ын, Владимир Путин және өзге де көшбасшылар екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуын атап өтуге жиналды. Қытай әскерлері шерумен жүріп өтіп, ұлттық намысты көтеріп, әскери қуатты паш етпек. Бірақ ең бастысы – бұл шеру Қытайдың жаңа қару-жарақтарын әлеуетті сатып алушыларға да, қарсыластарына да көрсетуге арналмақ.
Қазір әлемдегі әскери жоспарлаушылар жаңа қаруларға мол қаржы жұмсауда. Танктерге, артиллерияға, жойғыш ұшақтарға, дрондарға деген сұраныс бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті.
Тамыздың 31-і күні Британия Норвегияға 10 миллиард фунтқа (13,5 млрд доллар) бес сүңгуір қайыққа қарсы фрегат сататын келісімшартқа қол қойды. Бірақ бұл табыс дәстүрлі экспортшылар – Америка, Еуропа мен Ресейдің қолына түгелдей тиіп жатқан жоқ. Керісінше, орта деңгейдегі екі амбициялы мемлекет – Оңтүстік Корея мен Түркия қару саудасындағы дүрбелеңді тиімді пайдаланып отыр.
Бұл жарыс үлкен өзгерісті көрсетеді. Еуропаның қару компаниялары «қырғи-қабақ соғыс» аяқталғаннан кейін қысқарып қалған өндірісін қайта қалпына келтіруге, ал Украинаға берілген көмектен соң бос қалған қоймаларын толтыруға уақыт қажет.
Әдетте Америкадан кейінгі екінші ірі қару сатушы саналатын Ресей Украинадағы шығындардан кейін ең алдымен өз армиясын жабдықтауға мәжбүр. Батыстың санкциялары оған жойғыш ұшақ секілді күрделі техниканы шығаруға қажет бөлшектерді алуға кедергі келтіруде.
Өткен жылы Ресейдің қару экспорты 2022 жылмен салыстырғанда шамамен 50%-ға құлдырады, жаңа тапсырыстары да азайды. Үндістан, Вьетнам, Мысыр секілді тұрақты клиенттер басқа жаққа көз сала бастады.
Көпшілігі Оңтүстік Кореяға бет бұрды. НАТО-ға мүше еуропалық елдерге қару жеткізуде Америка бірінші орында болса, екінші орынды Оңтүстік Корея мен Франция бөлісіп тұр. Әлем бойынша кейбір категорияларда, мысалы танктер мен артиллерияда, Корея тіпті Американың өзін басып озған. Жойғыш ұшақ сатуда ол АҚШ пен Франциядан кейін үшінші орында.
Өткен жылы Корея Сауд Арабиясына 3,2 млрд доллардың Cheongung-II әуеқорғаныс жүйесін, Перуге 460 млн доллардың әскери кемесін, Румынияға 1 млрд доллардың өздігінен жүретін гаубицаларын сатты.
Ең ауқымдысы – 2022 жылы Польшаға қол қойылған, қазір 22 млрд долларға жеткен келісім. Оның ішінде 180 K2 Black Panther танкі, 672 гаубица, 48 FA-50 жойғыш ұшағы, 288 K239 реактивті жүйесі бар. Польша Ресейден қорғануды қалайды әрі шұғыл әрекет етіп жатыр. Ал Корея үшін бұл – қару экспортындағы жаңа белеске шыққанын білдіретін батыл қадам, Еуропада басқа да ірі келісімдердің жолын ашпақ.
Кореяның артықшылығы – ол НАТО стандартына сай қаруларды қысқа мерзімде, қолайлы бағамен шығара алады. Жеті ірі компания үкіметпен бірге тапсырыс алып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын үйлестіреді. Өндірістік қуатты сақтау ел үшін басымдық, себебі Корея ресми түрде әлі күнге дейін Солтүстік көршісімен соғыста.
Кеме жасау саласында да олар алда: Канадаға 12 KSS-III сүңгуір қайығын 17 млрд долларға сату мүмкіндігі бар, тіпті АҚШ Әскери-теңіз күштері үшін де тапсырыс алуы ғажап емес.
Ең ірі жобасы – KF-21 жойғыш ұшағы. Ол келесі жылы әскерге қабылдануы тиіс. Әзірге 4,5-буын саналады, бірақ келесі жаңартудан соң толыққанды 5-буындық жасырын жойғышқа айналуы мүмкін. Бұл Оңтүстік Кореяның ең дамыған американдық платформалармен, мысалы F-35-пен бәсекеге түсе алады деп күтілуде. Жапония мен Израильдің өзі мұндайға жете алмаған.
Тағы бір өрге өрлеген ойыншы – Түркия. Соңғы бес жылда оның қару экспорты 2 млрд доллардан 7 млрд долларға өсті. Бұған елдің стратегиялық тәуелсіздікке ұмтылысы әсер етті.
Baykar компаниясының дрондары қытайлық үлгілерден асып түсті: TB2 моделі 30-дан аса елге 500-ден көп данамен сатылды. Сауд Арабиясы Baykar-мен 3 млрд долларлық жаңа Acinki дронын бірлесіп шығаруға келісім жасады.
Baykar Италияның Leonardo компаниясымен де серіктесіп, жаңа буын Kizilelma жасырын дронын Еуропаның болашақ GCAP жойғыштарымен қатар ұшыруды көздеп отыр.
Ердоған Африка мен Таяу Шығысқа қару сату арқылы ықпалын күшейткісі келеді. Бірақ түрік компаниялары енді Еуропаның ауқымды бюджетіне үміт артып отыр. Түркиядағы адам құқықтарына қатысты алаң – қазір еуропалықтар үшін «қымбатшылық».
Түркияның қарулары – шайқастарда сыналған, күрдтерге қарсы соғыста, Сирия мен Ливиядағы операцияларда қолданылған. Олар НАТО стандартына сәйкес, бағасы да қолжетімді, әрі сатып алушыға қосымша талап қойылмайды.
Түркияның ұсынысы кең: Altay танкі, артиллерия, зымырандар, әуеқорғаныс жүйелері, радарлар, MILGEM фрегаттары мен эсминецтері, Hurjet ұшақтары, ATAK тікұшақтары, дрондар, радиоэлектрондық күрес құралдары.
Биыл Түркия мен Испания 1,6 млрд долларлық келісімге отырып, 30-ға жуық Hurjet шығарады. Румыния Otokar Cobra II сауытты машиналарының 1059 данасын 930 млн долларға сатып алмақ. Португалия 134 млн долларға теңіз жабдықтау кемелеріне тапсырыс берді. Өткен жылы Германия Түркияны «Еуропалық әуеқалқан бастамасына» қатысуға шақырды.
Сарапшылар Түркия 11-орыннан 5-орынға көтерілуі мүмкін деп отыр. Оның TAI Kaan атты бесінші буын жойғыш жобасы бар. Ол F-16-лардың орнын басып қана қоймай, экспортқа арзан F-35 баламасы ретінде Индонезия, Әзербайжан, Сауд Арабиясы, Пәкістанның қызығушылығын тудыруы ықтимал.
Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Корея президенті елін 2027 жылға қарай әлемдегі төртінші ірі қару экспорттаушыға айналдырамыз деген. Бұл әлі де қиындау жоспар. 2022 жылы сатылымы 17,3 млрд доллар болса, биыл 23 млрд-қа жетуі мүмкін. Бірақ бәсеке күшейіп келеді. Білікті инженерлердің Батыс компанияларына ауысу қаупі бар. Үкіметтің қорғаныс бюджетінде ғылыми-зерттеу үлесін арттырмаса, Корея бәсекеге төтеп бере алмауы мүмкін.
Сонымен қатар, технологияға қол жеткізу шектеулі: Польшаға тапсырыс берілген жойғыш ұшақтар өндірісі Америка кей бөлшектерді экспорттауға рұқсат бермегендіктен тоқтап тұр. Түркия да әлі күнге дейін F-35 секілді батыстық ірі жобалардан тыс қалып отыр. Тіпті Ресей де қайта оралуы мүмкін.
Дегенмен жаңа ойыншылар үшін қару-жарақ жарысында биік мақсат қою қисынды болып тұр.