Каспий қосымшасы дың ете қалды. «Internet shopping сізге қашықтан төлеу жіберді» деген жазу шықты. 12500 теңге екен. «Төлеу» батырмасын бастым. Сәлден кейін жекеме «В 14:00 курьер выезжает» деген хабарлама келді. Тыйым салынған вейпті дәл осылай телеграм арқылы сатып алдым.
Таяуда достарымның бірі телеграм арқылы вейп сатылатынын айтқан еді. Өзі біраз жылдан бері химиялық түтінді будақтатып жүретін. Сөзі қаншалықты рас екенін тексеріп көру үшін телеграмнан іздеп көрдім. Бірнеше аккаунт электронды темекі, вейп өнімдерін сататынын жарнамалапты.

Ең қызығы, сатушымен тікелей байланыс жасамайсыз. Арнайы бот арқылы тапсырыс бересіз. Табылған аккаунт-боттардың ішінен біреуін таңдап алдым. «Ассортимент» деген кнопканы басқаннан кейін вейптің түр-түрі шыға келді. WAKA, HYPPE, Elfbar – түрлі-түрлі дәммен бар екен.
«Заказать» деген батырманы басқаннан кейін тауардың атын, адресті, қашықтан төлем жіберу үшін нөмір сұраған хабарлама келді. Бәрін толтырдым. Жарты сағат өтті ме, жоқ па, каспийге төлем жасау туралы хабарлама келді.

Жұмыстың қарбаласымен эксперимент туралы ұмытып кетіппін. Түскі астан кейін телефоным шылдырайды. «Доставка әкеп тұр едім» дейді тұтқаның арғы жағындағы жігіт.
Келіп тұрған кәдімгі жеткізу қызметімен айналысып жүргендердің бірі екен. Қолыма әдемі қорапқа салынған затты ұстатты. Сөзге тарттым.
– Ішінде не бар екенін білесің бе?
– Жоқ, ағасы. Білмедім. Біз ашып қарамаймыз. Тапсырыс түседі, әкеп береміз.
– Әәә, жарайды. Қанша төлеуім керек?
– 2300 теңге.
– «Перевод» па? Әлде QR ма?
– «Перевод» істей саласыз ба.
Сол жерде қорапты ашып қарадым. Сыртына жұмыстың адресі, телефон нөмірім жазылыпты. Әдемілеп орағаны соншалық, ішінде Қазақстанда сатуға тыйым салынған вейп жатыр деп мүлдем ойланбайсыз.
Былтыр Парламент вейп аталып кеткен электронды темекілерді сатуға, тасымалдауға тыйым салатын заң жобасын қабылдаған еді. Көп ұзамай президент құжатқа қол қойып, тыйым салатын нормалар 2024 жылғы 20 маусымда күшіне енді.
Құжатқа сәйкес, вейптер мен оларға арналған сұйықтықтарды сатып, таратқаны үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе 50 тәулікке дейін қамау көзделген.
Аталған өнімді әкелген және таратқандарға 2000 АЕК-ке дейін айыппұлдан 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу және айыру жазасы қарастырылған. Ұйымдасқан топпен немесе аса ірі кіріспен жасалса 5000 АЕК-ке дейін айыппұл не 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленеді.
Содан кейін еліміздің қалаларында жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ секілді қаптап кеткен вейп-шоптар біртіндеп бәрі жабылды. Заң жүзінде вейп сатуға тыйым салынғанымен, іс жүзінде әлі күнге дейін қара нарықтан жоғалған жоқ. Жоғарыда айтып өткеніміздей, соған өз көзімізбен куә болдық.
Қазақстанда вейпке тыйым салынғанымен, әлі де қара нарықтан жоғалмай отырғанын құқық қорғау органдары да мойындап отыр. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтың айтуынша, қазіргі таңда вейп сататын телеграм каналдардың жолын кесу жұмыстары жүріп жатыр.
Осыдан бірнеше күн бұрын ғана Қаржылық мониторинг агенттігі Астана қаласында электрондық тұтыну жүйелері (вейптер), хош иістендіргіштер мен оларға арналған сұйықтықтарды заңсыз саудалаған топтың жолын кесті.
Жедел-іздестіру нәтижесінде 5 қойма анықталған. Тінту барысында 490 мыңнан астам вейп тәркіленген. Оның нарықтағы құны 6 миллиард теңгені құрайды.
Сонымен қатар ірі желіні ұйымдастырушылар ірі соманы қолма-қол ақшаға айналдыру үшін дроперлерді пайдаланған. Қазіргі таңда ұйымдастырушыларға іздеу жарияланып отыр.
Бұл бір Астанадағы жағдай. Еліміздің басқа өңірлерінде де вейпті заңсыз саудалағандар ара-тұра қола түсіп жатады.
Мысалы, күні кеше Павлодарда өткен арнайы акция кезінде жалпы құны 1,6 миллиард теңгеден асатын 90 мыңнан астам вейп пен 122 мың дана акциздік маркасы жоқ темекі жойылған.
Заң қатаңдатылып, вейптің сатылымына шектеу қойылғанымен, оны түбегейі жою мүмкін болмай тұр. Қаржылық мониторинг агенттігі жыл басынан бері вейпті заңсыз саудалаған 57 желіні анықтаған.
Миллионнан астам өнім тәркіленіп, жойылған. Олардың жалпы құны 12 миллиард теңгені құрайды. Аталған өнімнің бәрі Telegram мессенджері және курьерлік жеткізу арқылы Қазақстанның бүкіл өңіріне таратылып келіпті.
Tastau_qaz қоғамының негізін қалаушы Татьяна Фоминова заңсыз саудамен күресуге ешкім мән бермегеніне алаңдаулы. Белсенді топ құқық қорғау органдарымен бірлесіп, оған жол бермеуге болатынын алға тартады.
«Егер шынымен күресу ниет етсе, әлеуметтік желілерде вейпті ашық сататын қаптаған аккаунт ашылмас еді. Оларды қолға түсіру оңай. Сатып аласыз да, тыйым салынған өнімді таратып отырғанды қылмыс үстінде әшкерелейсіз. Алайда мұның ешкімге керегі жоқ тәрізді», дейді Т.Фоминова.
Былтыр вейпке тыйым салатын заң жобасы талқыланғанда депутаттар электронды темекілердің жастар, әсіресе оқушылар арасында кең тарағанын айтып дабыл көтерген еді. Расында, электронды темекілерге тыйым салынғанға дейін жүргізілген әлеуметтік сауалнама еліміздегі әрбір екінші оқушы вейп тартып көргенін көрсетті.
Ал «Қазақстан балалар қорының» мәліметіне сүйенсек, Алматы мен Астана қалаларында жастардың 80 пайыздан астамы тәтті дәмі бар зиянды түтінді будақтатып көрген екен.
Сондай-ақ 11–15 жастағылардың 5,8 пайызы (ұлдар 6,7%, қыздар 4,9%) электронды темекіні соңғы 30 күнде қолданғанын айтса, тұрақты пайдаланатындар үлесі 9,8 пайызды құраған. 2014–2022 жылдар аралығында бұл көрсеткіш ұлдарда 5 есе, қыздарда 7 есе артқан.
Академик Даленов атындағы профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институты ғылыми қызметкері, терапевт дәрігер Қарлығаш Сүйіндіктің айтуынша, көпшілік вейпті сән ретінде қабылдап, оның шынайы қауіпін ескере бермейді. Ондағы сұйықтықтарға қосылатын түрлі қоспалар, мысалы жеміс-жидек, ментол және өзге де ароматизаторлар, ауыр аэрозоль түзеді.
«Мұндай сұйықтық бронх эпителийін зақымдап, ағзаның тіндеріне оттегінің жетуін азайтады. Оның концентрациясы жоғары. Сол себепті тыныс алу жолдарын жарақаттайды. Салдарынан шаршағыштық, жөтел, ұйқының бұзылуы, мазасыздық секілді белгілер пайда болуы мүмкін», дейді Қ.Сүйіндік.
Дегенмен Tastau_qaz қоғамының негізін қалаушы Татьяна Фоминова вейпке тыйым салу нәтижесін берген жоқ деп есептейді. Оның айтуынша, түтін будақтататын адамдар қайтадан темекі шеге бастаған.
«Статистикаға сүйенсек, дәстүрлі темекі мен оралатын шылым өндірісі мен сатылымы қатарынан үшінші жыл өсіп келеді. Бұл вейпке салынған тыйымның нақты әсерін айқын көрсетеді. Оның үстіне, қазір вейптер «көлеңкелі» жолмен әкелініп жатыр. Оның құрамы мен сапасы күмәнді, қауіп те тудырады.
Егер вейпке ұлттың денсаулығы үшін тыйым салынса, онда бұл тәсіл ақырында тиімсіз емес, зиянды болып шықты. Адамдар сертификатталмаған вейптерді пайдалануға мәжбүр. Мемлекет вейп сатудан түсетін қыруар салықтан қағылып отыр. Ал балалар бәрібір сол бұрынғыдай қорғалмаған күйі қалды» дейді Т.Фоминова.
Бұған дейін вейптерді сатуға салынған тыйымның күшін жою туралы бірнеше рет петиция жарияланды. Дегенмен, заң өзгерген жоқ. Вейпке тыйым салынғанына қарамастан, қара нарықта оның әлі де еркін айналып жүргені қоғам үшін үлкен қауіп болып отыр. Заңсыз саудадан түсетін миллиардтаған пайда мен жастардың қызығушылығы бұл мәселені толық жоюды қиындатып тұр. Сондықтан бақылау шараларын күшейту жеткіліксіз.
Жастарға вейптің сән емес, денсаулыққа қауіп төндіретінін түсіндіру қажет-ақ. Бұл мәселені жауапты мекемелер қалай шешеді? Ол жағы әзірге белгісіз
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ