Әлеуметтік желілерде тараған видеода танымал асаба той үстінде қонақтарға тәкбір айтқызып, дауыстап ұрандатқан сәт қоғамда қызу пікірталас туғызды. Діни мағынасы терең бұл сөздің көңіл көтеру кешінде қолданылуы жұртты екіге бөлді: бірі мұны имандылықпен байланыстырса, енді бірі — радикалдық реңк көреді.
Тәкбір — араб тіліндегі «Аллаһу әкбар» (Алла Ұлы) сөзі. Бұл тіркес мұсылмандықта тек діни рәсімдерде, намазда, азанда, дұғада немесе діни мейрамдар кезінде айтылады. Яғни ол — құлшылықтың бір бөлігі.
Кейбір елдерде (Сауд Арабиясы, Ауғанстан, Пәкістан, Йемен) тәкбір діни жиындарда, шерулерде немесе ұжымдық рух көтеру сәттерінде де қолданылады. Алайда, оны көңіл көтеру мақсатындағы ортада айту — мұсылман дүниесінің өзінде де бірізді дәстүр емес.
Қазақстан — зайырлы мемлекет. Сондықтан діни ұрандардың қоғамдық жиындарда дауыстап айтылуы діни символиканың қоғамдық кеңістікке орынсыз араласуы ретінде қабылдануы мүмкін. Әсіресе тәкбір сөзі жаһандық медиа кеңістікте көбіне діни-саяси реңкте, тіпті радикалды топтардың ұраны ретінде де жиі кездеседі. Осы себепті де кей азаматтар бұған алаңдаушылық білдіруде.
Бұл туралы философия, саясаттану және дінтану институтының аға ғылыми қызметкері Асылтай Тосболат былай дейді:
«Белгілі бір діни ортаның өз ішіндегі, қандай контексте екені белгісіз, бір-екі рет қайталаған сөз болуы да мүмкін нәрсені жаппай қазаққа еніп бара жатқан салт дей алмаймыз ғой. Егер ұлттық не қазақи салтқа салсақ, әрине көзге қораш. Тәкбірді сахнада не тойға жиналғандар топ болып ұжымдық сипатта айтуы қазақ дәстүрінде жоқ екені анық.
Әрине, той да уақыт өте келе түрлі жоралғылармен толыса береді, қатып қалған дүние емес. Дегенмен тойда тәкбір айтудың қазақта сан ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі бар деп айта алмаймыз. Егер тәкбір айтуды тойларда жаппай дәстүр қылып енгізу қажет дейтін бастама көтерілсе, байбалам салуға болатын шығар, ал бес секундтық үзіндіден жаппай үрдіс қалыптасты деген қорытынды жасауға келмейді».
Сарапшының пікірінше, бұл жекелеген жағдай болуы мүмкін және оны бүкіл қоғамға тән құбылыс деп бағалау — асыра сілтеу. Дегенмен, зайырлы қоғамда діни рәміздерді бей-берекет пайдалану қоғамдық келісім мен мәдени тепе-теңдікке нұқсан келтіруі мүмкін. Сол себепті діни элементтердің қайда және қалай қолданылатыны — бейжай қарайтын мәселе емес.