homepage
Фото: Қазақстанның Арал өңіріндегі қоршаған орта және посткеңестік трансформация

Арал туралы ағылшынша кітаптар не айтады?

25.07.2025, 10:15

WIRED журналының мәдениет пен фотография саласы бойынша авторы Чарли Лок бір жазбасында: «Адамзат Арал теңізін жойды. Енді ол қайта тіріледі» деген ұран тастайды. Осыны оқып отырып өне-бойың шымырлайды.   Қазір Арал теңізінің аты ғана теңіз. Балықтары баяғыда жойылып кеткен, онымен бірге балық шаруашылығы да күйреген. Теңіз түбінің құрғап қалған лайынан көтерілген тұз желмен бірге жақын маңдағы ауылдарға дейін жайылыпайналаны тозаққа айналдырған. Тот басқан, қаңырап бос қалған балық аулау кемелері құрғақ далада шашылып жатыр. Бұл – әлемдегі ең ірі экологиялық апаттардың бірі саналады. Алайда қазір Арал теңізі біртіндеп қайта жанданып келеді.

«Су қайта оралды – ертегі секілді», – дейді француз фотографы Дидье Бизе, ол бұл жаңғыруды өзінің Aral dreams («Арал армандары») атты фотосериясында бейнелейді. «Кенеттен Арал теңізінде тіршілік қайта оралуда» дегенді асқақтап айтқысы келген де сол ғалым.

Арал теңізінің жойылуы әлемдегі ең ауыр экологиялық апаттардың бірі болса, оның қайта тірілуі – әлемдегі ең үлкен қайтып оралудың бірі. Бұл жазбамызда ағылшын тілінде жарық көрген Арал теңізі туралы кітаптарға тоқталамыз.

 

«Қазақстанның Арал өңіріндегі қоршаған орта және посткеңестік трансформация» атты бұл еңбек – теңіз жағалауында өмір сүретін халық үшін осы ауқымды өзгерістер нені білдіретінін алғаш рет терең зерделеген кітап.

Кітапта кеңестік кезеңге дейінгі, кеңестік және посткеңестік кезеңдегі балық шаруашылығының жағдайы баяндалып, өңірдегі орасан экологиялық өзгерістер кеңестік социализм мен постсоциалистік кезеңдегі өзгерістермен тығыз байланысты екенін дәлелдейді. Бұл этнографиялық көзқарас өңірге жиі таңылатын «экологиялық апат» деген айтылымды қайта ой елегінен өткізуге мүмкіндік береді.

Теңіздің тартылуы мен ішінара қайта оралуын Арал қаласының бұрынғы порты мен оның маңындағы балықшы ауылдарындағы түрлі жергілікті тұрғындар, сондай-ақ ғалымдар, шенеуніктер мен халықаралық даму ұйымдары қалай қабылдағанын зерттей отырып, Уильям Уилер экологиялық өзгерістердің әртүрлі мағыналарын ашып көрсетеді.

Бұл еңбек – экологиялық және саяси-экономикалық дағдарыстар тоғысында адамдар қалай өмір сүреді деген сұраққа нақты этнографиялық деректер арқылы жауап беруге ұмтылады. Кеңес заманынан қалған мұраларды терең қамти отырып, өңірді өзгертіп жатқан жаңа трансұлттық байланыстарға да ерекше назар аударылған.

Кеңестік социализм мен оның кейінгі кезеңдеріне арналған терең саяси-экологиялық талдау ұсынатын бұл кітап – Орталық Азиядағы экологиялық антропологияның қалыптасып келе жатқан бағытына қосылған тың еңбек. Ол экологиялық антропологтар, экология тарихын зерттеушілер, сондай-ақ Орталық Азия мен бұрынғы Кеңес Одағын зерттеумен айналысатын түрлі сала ғалымдары үшін аса құнды бола бермек.

Бұл зерттеу кітабы туралы «Water Alternatives» басылымы «Экологиялық және саяси-экономикалық өзгерістер аясында халық өмірінің бай этнографиялық сипаттамасы» деген баға берсе, ал «Slavic Review» агенттігі «Қазақстандағы Арал қаласында жүргізілген кең көлемді этнографиялық зерттеулерге негізделген, жергілікті ахуалды терең ашып көрсететін еңбек» , деп оқырманды қызықтыра түседі.

Бұл кітап Арал теңізі алабындағы су ресурстары мәселелері мен оны басқаруына арналған алғашқы көпсалалы шолу. Сонымен бірге аталған туынды Әмудария мен Сырдария өзендері алаптарын толық қамтиды.

Амудария мен Сырдария – Арал теңізі алабының басты екі өзені және олардың салалары – Орталық Азиядағы шамамен 70 миллион адам үшін тіршілік көзі. Аймақтық және халықаралық сарапшылар жазған бұл еңбек Арал өңіріндегі су ресурстарын басқару мен дамытудың қазіргі жағдайын, үрдістері мен болашағын сыни тұрғыда талдайды.

Кітапта өңірдегі су басқару тарихы, жер үсті және жер асты суларының бағалануы, трансшекаралық су мәселелері, экологиялық тозу мен оны қалпына келтіру, сондай-ақ судың негізгі экономикалық салалар мен Орталық Азия елдерінің жалпы әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызы мен өңірдегі гидросаясат туралы кешенді мәліметтер берілген.

Кітап теңіз алабын басқару, Орталық Азиядағы экологиялық саясат пен су ресурстарын басқару тақырыптарына қызығатын оқырмандар үшін маңызды оқулық болмақ. Тіпті мемлекеттік мекемелердегі шешім қабылдаушылар үшін анықтамалық құрал, ал үкіметтік емес ұйымдар үшін құнды мәлімет көзі ретінде қызмет атқара алады.

«Ібіліс пен жоғалып бара жатқан теңіз: Арал теңізі апаты туралы шынайы оқиға» деп аталатын бұл кітап зерттеуші Роб Фергюсонның туындысы.

Ол кітабында мынадай дерек келтіреді: «Әлемдегі төртінші ірі теңіз санатындағы Арал қазір сегізінші орынға дейін төмендеп, бастапқы көлемінің небәрі 20 пайызын ғана сақтап отыр. Ол алдағы 20 жылда мүлде жоғалуы мүмкін. Бұл апаттың негізгі себебі – Өзбекстан мен бұрынғы КСРО-ның көрші елдеріндегі артық суару мен суды тиімсіз пайдалану».

Редактор қызметін атқарған Роб Фергюсон Өзбекстанда 250 миллион долларлық Арал теңізін құтқару жобасы аясында «қоғамдық ақпараттандыру бойынша сарапшы» болып жұмыс істеген. Оның міндеті – өзбектер арасында экологиялық дағдарыс туралы түсінік қалыптастыру және су үнемдеу мәселелері бойынша ағарту жүргізу болған.

«Ібіліс пен жоғалып бара жатқан теңіз» – осы жобаның көптеген сәтсіздіктері жайлы жазылған еңбек. Кітапта баяндалған уақыт пен қаржының босқа ысырап болуын ескерсек, Арал теңізінің жойылуы – іс жүзінде анық нәрсе

Бір жылдық келісімшарт кезеңінде Фергюсон жоба жетекшісі – кітап атауындағы «Ібіліспен» (мырза G.) жиі текетіреске түсіп отырған. Ақырында жобада елеулі ештеңе жүзеге аспаған. Фергюсонға жергілікті Орталық Азия халқын түсінбейсің деген айып тағылған. Шын мәнінде, бұл кітапта сол халық туралы терең түсінік қалыптаспайды. Автор кездесетін G. мырза мен басқа шенеуніктер – іс-әрекеті мен ниеті анық емес, жай ғана карикатуралық тұлғалар.

Дүйсенәлі Әлімақын