2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанда көліктің барлық түрімен 928 миллион адам қатынаған. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы жариялады. Былтырғы дәл осы кезеңмен салыстырсақ - өсім 10,5 пайыз. Жолаушылар айналымы 43,1 миллиард жолаушы-километр, ал жалпы табыс - 677,5 миллиард теңге.
Қарасаң, бәрі алға жылжып жатқан сияқты. Адам көп жүр, көлік табыс әкеліп жатыр. Бірақ сандарға сәл тереңірек үңілген Juzmedia.kz бар мәселе осы "көбейіп жатқан" көрсеткіштердің өзінде екенін байқап, оқырман назарына ұсынды.
Бюроның статистикасында ең көп жолаушы таситын - автомобиль көлігі. Бұған автобус, маршрут, такси сияқты күнделікті көліктер кіреді. Алты айда осы көліктермен 911 миллион адам жүрген. Бұл - барлық жолаушының 98 пайызы. Бірақ осы тасымалдан түскен табыс - 221,6 миллиард теңге ғана. Яғни жолаушы көп, бірақ әр адамның жол ақысы төмен.
Алайда бұл - кемшілік емес. Керісінше, бұл салада бәсеке бар, таңдау бар, шынайы нарықтық баға қалыптасқан. Халық қандай бағаға дайын - көлік бағасы да соған сай. Сол себепті бұл көрсеткіштер тек көлік туралы емес, халықтың табысы, төлем қабілеті және шын мәнінде неге қол жеткізе алатыны туралы да хабар береді.
Екінші жағынан, теміржол тасымалына келсек - жағдай мүлде басқаша. Алты айда 9,5 миллион жолаушы пойызға отырған. Бұл - былтырғыдан 6,9 пайызға аз. Ресми түрде бұл «жолаушы азайып жатыр» дегенді білдіреді. Бірақ шын өмірде олай емес. Кез келген бағытқа билет табу - мұң.
Әсіресе жазда өңірлерге пойызбен барғың келсе, бір ай бұрын қамдануың керек. Бұл жерде мәселе сұраныста емес, ұсыныстың тапшылығында. Жүйе нақты жүргісі келетін халықты есепке алмай отыр. Ал сұраныс тіркелмесе - статистикада көрінбейді. Сондықтан "жолаушы аз" деген тұжырым - шындықты бұрмалау.
Пойызбен жүру әлі де көпшілік үшін қолжетімді көлік, әсіресе шалғай өңірлерде, отбасы болып жол жүретіндер үшін. Бірақ теміржол компаниясы бұл бағыттан пайда көрмейтінін айтып, саланы екінші орынға ысырып келеді. Расымен де, 66,8 миллиард теңге ғана табыс түскен. Бірақ бұл - бағаның төмендігі мен пойыз санының аздығынан. Әйтпесе жолаушы жеткілікті, тіпті артығымен бар.
Демек бұл жерде мәселе халықта емес, вагон жоқтығында, бағыт аздығында, жүйе дұрыс басқарылмай отырғанында. Ал теміржол - жай бизнес емес, әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылым. Оны шығынмен өлшеуге болмайды.
Үшінші көлік түрі - әуе тасымалы. Бұл салада алты айда 7,2 миллион адам ғана ұшқан. Яғни жалпы жолаушының 1 пайызы да жетпейді. Бірақ табыс - 388,7 миллиард теңге. Бұл - барлық көлік табысының жартысынан астамы.
Жолаушы аз болса да, билет қымбат. Себебі мұнда бәсеке аз, ойыншылар санаулы, баға жүйесін нарық емес - компаниялар мен алгоритмдер белгілейді. Қай күні сұраныс көп - сол күні билет қымбаттайды. Яғни табыс көп, бірақ нарық ашық емес.
Сонымен әуе тасымалы табыс әкеліп тұр, бірақ оның есесіне халықтың көбі ұша алмайды. Себебі қолжетімді емес. Ал қолжетімсіз көлік - бәріне бірдей емес деген сөз. Яғни бұл салада табыстың көп болуы – шын сұранысты емес, реттей алмаған жүйені көрсетеді.
Бас-аяғына қарасақ, мынадай көрініс шығады:
- Халық ең көп пайдаланатын көлік - табысы аз.
- Жұрт сұранып отырған көлік - жетіспейді.
- Жолаушы аз баратын көлік - ең көп табыс алып отыр.
Бұл саладағы тепе-теңдік сақталмаса, ертең көлік инфрақұрылымы да, қоғам ішіндегі қозғалыс та бұзылады. Себебі көлік — жай қатынас құралы емес, адамдардың бір жерден екінші жерге бару мүмкіндігі. Ал бұл мүмкіндік тең бөлінбесе, аймақтар бір-бірінен алыстай береді. Жұмыс іздеген адам барар жер таппайды, ішкі туризм де дамымайды, халықтың қозғалысы шектеледі.
Теміржолды "шығын сала" деп итере берсе, ол мүлде әлсірейді. Негізінде теміржол — алыс аймақтарды байланыстырып тұрған жалғыз қолжетімді көлік. Оған сұраныс бар, тек жүйе оны қамтамасыз ете алмай отыр. Сондықтан бұл саланы пайдамен емес, қоғамдық маңызбен өлшеу керек. Қосымша бағыттар ашып, вагон санын көбейтіп, кей бағыттарды мемлекет өзі субсидиялауы тиіс.
Бүгінгі статистика жай сандар емес. Бұл — еліміздегі қозғалыс мүмкіндігінің нақты көрінісі. Көлікке кімнің қолы жетеді, кім жете алмайды — осы сұрақтар қоғамдық теңдіктің көрсеткіші. Сондықтан мемлекет бұл саланы тек табыс жағынан емес, халыққа тиімді болу жағынан қайта қарап, нақты шешім қабылдауы тиіс.