Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі жаңа кезеңге қадам басты. Биылдан бастап аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін халықтың өзі сайлайды. Дегенмен бұл реформа демократия мен декорацияның түйіскен тұсында тұр. Осы өзгерістен соң төбеге емес, төменге жалтақтайтын, орталықтың қас-қабағына емес, әлеуметтің әл-ауқатына қарайтын әкімдік форматы қалыптаса ма? Төрдегі төрелер жердегі жалдамалы менеджерге айнала ма? Қоғам өз әкімін өзі таңдауға дайын ба?
Әңгімені әріден тартайық. Қазақстанда аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлауға 2006 жылы бір талпыныс жасалған. Өңірлердің 30 пайызында: 49 аудан мен 10 қалада пилоттық жоба түрінде жанама сайлау өткен. Жалпақ тілмен айтқанда, әкімге тікелей тұрғындар емес, мәслихат депутаттары дауыс берген. Кандидаттарды облыс әкімдері ұсынған. Негізінен «Отан» партиясының мүшелері жеңген. 49 әкімнің 39-ы бұрынғы қызметін сақтап қалған. Сайланды деген аты болмаса, шын мәнінде ондай сайлаудың тағайындаудан айырмасы шамалы еді. Көп ұзамай Назарбаевтың бастамасы сәтсіз эксперимент ретінде тарих қойнауына сіңіп жоғалды. Басқа уақыттың бәрінде әкімдер тікелей президент өкілі ретінде жоғарыдан тағайындалып келді. «Орталық – облыс – аудан – ауыл» дейтін вертикаль билік жүйесі қатаң сақталды.
Нақты бетбұрыс 2021 жылы байқалды. Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдері тікелей дауыс беру жолымен сайлана бастады. Алайда шенеуніктер саптыаяққа ас құйып, сабына қарауыл қоюды ұмытқан жоқ. Ақылға сыймайтын шектеулер арқылы қолайсыз кандидаттардың жолын кесті. Алақандай ғана ауылды басқару үшін мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілін талап етті. Сөйтіп, ауылға адал қызмет қылам деп ниеттенген талайдың сағы сынды. Керісінше, кеңседе ертелі-кеш кабинет аралап, қағаз тасып жүргендер емес, шаруашылықта шыңдалған, өз кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтар ауылды көркейтер еді, оларды халық та қолдар еді.
Сөйтсе де президент Ұлттық құрылтайдың соңғы отырысында жергілікті билік түбегейлі жаңғырды деп мәлімдеді.
«Ауыл әкімдерінің 72 пайызы жаңарды, аймақтағы атқарушы билікке жаңа адамдар келіп жатыр» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әдетте демократияның ошағы деп АҚШ-қа тамсанамыз ғой. Міне, осы америкалықтар президенті мен Конгресін ғана емес, штат губернаторларын, қала мэрлерін, аудандағы атқарушы билік өкілдерін, сот жұмысшыларын, өзге де жүздеген саяси қызметкерін сайлайды.
Ал Қазақстан алдымен ауылдық жерде жүзеге асырған реформаны аудан деңгейінде қолдануға көшті. Алғаш рет 2023 жылы 17 облыста 42 аудан мен 3 қала әкімі пилоттық режимде сайлауға түсті. Амал қанша, билік өкілдері сынақ түріндегі тәжірибеге де жасырын араласқан тәрізді. Мысалы, жаңағы сайланған 45 әкімнің 29-ы сол бұрынғы әкімдер болса, бірнеше ауданда әкім орынбасарлары жеңген. Несін жасырайық, енді жалпы әкім сайлау үрдісі де баяғы жартасқа барып соғыла ма деген күдік көмейді қытықтайды.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда 192 аудан, 39 облыстық маңыздағы қала бар екен. Демек, саяси реформаның жағрапиялық ауқымы кең. Ендеше аудан әкімдерін сайлау науқанында қоғам белсенділік танытып, тәуелсіз сайлау комиссияларын құруға күш салуы керек. Бейтарап бақылаушылар тобын ұйымдастырып, жер-жерге жеткізу де – маңызды мәселе.
Сайланған әкімнің тағайындалған әкімнен несі артық? Ең алдымен ел алдындағы есептілігі артық. Демократияның бір қағидасы да – осы. Қисынға сайсақ, сайланған әкім орталыққа көзсіз бағынбай, сайлаушылардың ықыласын іздейді. Бюрократияның шекпенін шешіп, халықпен ашық араласуға, қоян-қолтық жұмыс істеуге мүдделі болады. Егер әкім жауапкершілік сезінбей, міндеттерін нашар атқарса, халық оны лауазымынан айыруға құқылы дейді шенеуніктер. Бірақ мұның механизмдері әзірге беймәлім.
Саясатта сайланған әкімнің тағайындалған әкімнен легитимдігі жоғары деп саналады. Өйткені оны сайлаған – халық. Ал Конституцияда «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп жазылған.
Әйтсе де бір парадокс бар: «Мемлекеттік қызмет туралы» және «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң бойынша облыс әкімі аудан әкімінің қызметін бағалайды; көңілі толмаса, өкілеттігін тоқтату жөнінде мәслихатқа ұсыныс енгізеді. Облыстық мәслихат бұл ұсынысты қолдаса, сайланған әкім орнын босатады. Қысқасы, демократиялық таңдау нәтижесін бюрократиялық тәртіппен бұзатын тетіктер әлі де облыстың қолында деген сөз. Осылайша халықтың еркімен сайланған тұлға жоғарғы билікке тәуелді қалпында қала береді. Аудан әкімі облыс басшысының тілін табамын ба әлде сайлаушылардың көңілін аулаймын ба деп екі оттың ортасында жол таппай адасуы мүмкін. «Сонда сайлаушылардың дауысы далаға кетті ме?» деген сұрақ туады.
Дегенмен айдың арғы бетіне де үңілген дұрыс. Әгәрәки әрбір аудан әкімі басшысына бағынбаса, мемлекеттік басқару жүйесі тоқырауға ұшырап, ел бірлігіне қатер төнуі ықтимал.
Ел бірлігі дегеннен шығады. Өзге ұлт өкілдері мол қоныстанған өңірде сайлау өткізу де қауіпті. Мысалы, АҚШ-та амиштер, масондар немесе испантілділер тығыз шоғырланған аймақтарда тек солардың өкілдері не солардың шашбауын көтеретін адамдар ғана сайланады екен. Сондықтан кандидаттар «мемлекеттік тілді еркін меңгеру» деген талапқа толығымен сай келуі керек.
Бір жақсысы, аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау мажоритар жүйемен өтеді. Яғни, халық өз әкімін өзі таңдайды, кім көп дауыс жинаса, сол – жеңімпаз. Пропорционал жүйеде дауыс партия тізіміне беріледі де, нақты кім өтетінін партия шешеді. Бұл тұрғыдан алғанда, мажоритар жүйе – әлдеқайда ашық әрі демократиялық әдіс. Әлбетте, мажоритар жүйе кемшілік атаулыдан ада деуден аулақпыз. Мұнда танымалдық, популизм сынды қасиеттер кәсібиліктің алдын орауы ғажап емес.
Сонымен қатар қоғамда аудан әкімдерін сайлау рушылық дертін қоздырады деген де қорқыныш бар. Тұрғындар «біздің елдің жігіті ғой» деп руласына бұра тартса, нағыз талантты мамандар тасада қалады. Ауыл әкімдерін сайлауда бұны да көрдік.
Аудан әкімдерін сайлау тағы бір сәтсіз тәжірибе атанбауы үшін сайланған әкімге қомақты бюджет берілгені жөн. Аудан немесе қала әкімі дегеніміз – бюджет, инфрақұрылым, мектеп, мәдениет, медицина, кәсіпкерлік т.б. сан саланы дамытып, үйлестіретін, өңірдің стратегиялық бағытын сызатын саяси ойыншы. Сол себепті аудан бюджеті облыстан бөлек болуы керек. Әйтпесе ақшасыз билік моторсыз көлік секілді. Әкім өзінен жоғары органдарға алақан жайып отырса, одан керемет нәтиже күту қиын.
Әрине, аудан әкімінің бюджетін облыстан ажыратып алып, дербестігін арттыру өзі би, өзі қожа болуды білдірмейді. Ол жергілікті мәслихатпен санасуға, ортақ мәміле орнатуға міндетті. Өйтпеген жағдайда мәслихат әкімге сенімсіздік вотумын жариялауға хақылы. Онда да мәслихат ұсынысын облыс әкімі не орталық органдар мақұлдауға тиіс. Бірақ күні бүгінге дейін ана бір мәслихат мына бір әкімді қызметінен қуыпты дегенді естімеппіз.
Неге?
Мәслихат депутаттарының көбі жергілікті элитадан жасақталатыны әмбеге аян. Мәслихатшы дегенде мектеп директорлары, бизнесмендер, түрлі мекеме басшылары көзге елестейді. Елес емес, анық ақиқат. Әкімнің қолындағы тетіктерге кіріптар болғандықтан, олар еріксіз аудан басшысының ығына жығылады.
Қайбір жылы Қоғамдық кеңестер деген институт құрылып, арнайы заң қабылданып еді. Кеңес мүшелерінің 23 пайызы мемлекеттік орган қызметкерлері болса, 20,7 пайызы ғана үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері екен. Аталмыш институт та халықтың мұң-мұқтажын шешетін орынға айнала алмады.
Белгілі саясаттанушы Дос Көшім жергілікті өзін-өзі басқару ұғымын «ауыл әкімі аудан әкімін танымайды, ал аудан әкімі облыс әкіміне сәлем бермейді, міне, жергілікті өзін-өзі басқару» деп сипаттапты. Сәл асыра сілтенсе де, шындықтың ауылынан алыс қонбаған пікір. Дала демократиясы дәстүрімен өмір сүрген қазақтардың да жергілікті басқару жүйесі болды. Әр ауыл өз шаруасын өзі шешкен, ішкі мәселесіне хан-сұлтандар кіріспеген. Ежелгі жол-жораны іс жүзінде қайта жаңғыртамыз десек, әр азамат сайлауға белсенді қатысып, өз әкімін өзі таңдауы керек. Себебі Черчилль мырза айтпақшы: «Жаман билікті дауыс беруге бармайтын жақсы адамдар таңдайды».
ТЕМІР ТҮМЕН