Домбыра – қазақ халқының рухани болмысы мен тарихи жадына сіңген қасиетті аспап. Домбыра күнініне орай Juzmedia.kz Абай мен оның жары Ділдә қолданған домбыралар туралы ақпарат береді. Бұл домбыралар – ұлы ойшылдың өмірінен ғана емес, оның отбасындағы мәдени кеңістіктен де сыр шертетін ерекше мұралар.
Қазіргі таңда Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің музейінде Абайдың домбыраларының бірі сақтаулы. Ұзындығы 96 см, қарағайдан жасалған бұл аспап — Абайдың музыкалық мұрасына қатысты нақты заттық айғақ.
Сонымен қатар, 1883 жылы Семейде ашылған өлкетану музейінің қорында Абайдың тағы бір домбырасы табылған. Бұл жәдігерді кезінде Абай ауылында айлап жатып, қазақ мәдениетін зерттеген досы Нифонт Долголопов музейге тапсырған.
Абайдың үш ішекті домбырасы туралы да нақты дерек бар. Журналист Элмира Серікқызы жазған зерттеуде бұл домбыраны хакімнің өзі де, ұлы Ақылбай да қолданғаны айтылады. Кейіннен Ақылбайдың ұлы Исраил мұраға алған аспап түрлі деңгейдегі байқауларда қолданылған. Исраил 1959 жылы дүниеден өткен соң, оның қыздары бұл домбыраны Семейдегі Абай музейіне тапсырған. Кейіннен ол 1981 жылы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің қорына алынды. Аспаптың ерекшелігі – үш ішекті, 12 пернелі, қарағайдан жасалған, ұзындығы – 88 см, мойны – 50 см, шанағында 10 дыбыс саңылауы бар.
Абайдың музыкалық болмысымен қатар, оның жары Ділдә Алшынбайқызының да өнерге жақын болғаны байқалады. Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде сақтаулы тұрған Ділдәнің домбырасы – бұл тұрғыда ерекше құнды жәдігер.
Аталған мұра туралы қалам тербеген журналист, этнограф Бекен Қайратұлы өз жазбасында
«Бұл аспап – 1882 жылы жасалған, қос ішекті, тоғыз пернелі қалақ домбыра. Мойнының ұзындығы – 47,5 см, шанағы пішіндетіп ойылған, ұзындығы – 29 см, ені – 11 см. Шанағының пошымы алмұрт тәрізді. Бет қақпағы жалпақ, жұқа ағаштан жасалған. Домбыраның сырты және мойынғақ пен қақпақ түйіскен сағақ тұсы мен қос қапталы сүйектен жонып жасалған қазақы өрнектермен көркемдестірілген. Шанақтың сырт жағына үш жерден торкөзді сүйек өрнек салынған. Шанағы, өндіршек және пернесі алақанымен қосыла қазақы өрнектермен безендіріліп, оймышталған сүйек тілімдерімен қапталған. Шанақтың артқы жағына үш торкөз өрнек салынған. Домбыраның қос қапталы сүйек оюмен көркемделіп, қызыл түсті барқытпен қапталып, бет қақпағына сүйектен ойылған сыңармүйіз өрнек бастырылған. Қақпағында дөңгелек ойық бар» деген ақпарат береді.
Абай мен Ділданың бұл домбыралары — тек музыкалық аспаптар ғана емес, сол дәуірдің мәдениеті мен талғамын бейнелейтін, отбасылық өмірдегі рухани үндестіктің де белгісі. Бұл аспаптар арқылы біз тек Абайдың ғана емес, оның қасында бірге өмір сүрген, үн қосқан, өнерді бірге бөліскен жандардың да рухани әлемін көреміз.
Деректерге жүгінсек, Алматыдағы Ықлас Дүкенұлы атындағы ұлттық аспаптар музейінде ұлтымыздың төл тарихында аты ерекше қалған 23 тұлғаның домбырасы сақталған. Айталық, Біржан сал, Ақан сері, Абай мен Шәкәрімнің, Жамбылдың, күйші Динаның, Махамбеттің, Қазанғаптың, Сүгірдің, Естайдың домбыраларының түпнұсқасы осында қойылған.
Домбыра – жай ғана музыкалық аспап емес, ол өз дәуірінің үні, сол кезеңдегі қазақтың жан-дүниесінің айнасы. Оның қоңыр сазында тарих пен тағдыр, сағыныш пен жұбаныш, үміт пен арман қатар өріледі. Бүгінде осы мұраны жалғаған өнерпаздар мен жастар домбыраның қос ішегінен күй мен жыр төгіп, ұлт үнін ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге талпынып келеді. Қазақ барда, домбыра үні ешқашан өшпейтіні анық.
Дүйсенәлі Әлімақын