Жоғары білім алу – табысты өмірдің кепілі деген түсінік жыл өткен сайын өзектілігін жоғалтып келеді. Қазақстанда жыл сайын 150 мыңнан астам түлек ЖОО-ны тәмамдаса, соның үштен бірі алғашқы жылы жұмыс таппайды. Бұл – тек статистика емес, жастар арасындағы үміт пен күйзелістің нақты көрінісі.
Бұл мәселенің түпкі себебі неде: еңбек нарығының дайын кадрға зәрулігінде ме, әлде жоғары білім жүйесінің нарыққа бейімсіздігінде ме? Juzmedia.kz авторы бұны сараптап көрді.
Биыл 150 мың жас түлек еңбек нарығына қосылады. Жоғары білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы елімізде 151 036 адам бакалавриатты, 14 342 адам магистратураны, 1 711 адам докторантураны тәмамдайды.
Яғни, бір жылда шамамен 167 мың адам еңбекке араласуға тиіс. Бұл – үлкен ресурс. Алайда, жыл сайын қайталанатын бір сценарий бар: олардың едәуір бөлігі өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмай қалады:

Кем дегенде 28-30% жас тұрақты жұмыс таба алмай жүр. Көрсетілген статистика – зейнетақы аударымдары негізінде есептелген. Яғни, олар шынымен де мамандығы бойынша жұмыс істеп жатыр ма, жоқ па – ол жағы беймәлім.
Шындығы сол, көптеген түлек тек амалдап, табыс табу үшін өз мамандығына мүлде қатысы жоқ салаларға кетіп жатыр. Мұғалім инженер боп, биолог таксист боп кеткені – күнделікті көрініс.
Сұраныс аз, дайындық көп: жүйесіз жоспарлау
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының деректеріне сүйенсек, жұмысқа орналасуы ең төмен мамандықтардың үштігі мыналар:

Бұл көрсеткіштер сұранысы төмен салаларға әлі де болса ЖОО-ларда студент қабылданып жатқанын білдіреді. Жас түлек төрт жылын сарп етіп оқиды, бірақ бітірген соң жұмыс таппай, қоғамда "артық маман" болып қалады.
Мәселе тек еңбек нарығының әлсіздігінен емес. Министрлік пен ЖОО арасындағы, ЖОО мен жұмыс беруші арасындағы үйлестірудің жеткіліксіздігі – басты себептердің бірі.
Министрлік қолға алған реформалар: қағаз жүзінде жақсы, тәжірибеде қалай?
Министрлік аталған мәселені шешу үшін бірқатар бастама көтеріп отыр. Мәселен, «Мамандығым – болашағым» жобасы аясында 9 өңірде 45 сала бойынша кәсіп атласы жасалды, 500-ден аса жаңа мамандық анықталып, 2024 жылы 902 жаңа білім беру бағдарламасы енгізілді. Олардың ішінде – жасанды интеллект, DevOps, блокчейн, урбанистика мен агроэкология мамандары бар.
Дегенмен, жаңа мамандықтардың да болашағы нақты тәжірибеге байланысты. Тапсырыссыз ашылған жаңа бағыттар болашақта тағы да «сұраныссыз» салаға айналмауына кім кепіл?!.
ЖОО-лар жауапкершілікті мойнына ала ма?
Министрлік ЖОО-ларды есепке тарту үшін бірқатар норматив қабылдаған:
Бірақ бұл нормалардың орындалуын бақылайтын нақты тетіктер әлі де әлсіз. Студентті бір апталық тәжірибеге жіберіп, “жұмысқа орналасты” деп есепке кіргізетін формализм де жойыла қойған жоқ. Оның үстіне, жұмыс берушілер қазір дипломға емес, нақты құзыретке, дағдыға қарайды. Бұл тұрғыда университет беделі, оқытушы сапасы, оқу мазмұнының өзектілігі ерекше маңызды.
Тәжірибе – басты талап, ал студент оны қайдан алады?
Жоғары білім берудің тағы бір өзекті мәселесі – теория мен практиканың арасындағы алшақтық. ЖОО қабырғасында алған білімнің еңбек нарығында сұранысқа ие болуы үшін студенттерге нақты өндірістік ортада тәжірибе жинауға мүмкіндік жасалуы керек. Бұл бағытта министрлік «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесіп 2024–2025 жылдарға арналған арнайы Жол картасын іске қосты.
Жол картасы аясында бірнеше маңызды бағыттар қамтылған:

Бұл бастамалар тиімді болғанымен, барлық ЖОО-да біркелкі енгізілмеген. Әсіресе шалғай өңірлерде өндіріс аз, серіктес мекемелер тапшы. Нәтижесінде дуальды жүйе тек ірі қалаларда дамып отыр.
Қазақстанда ЖОО мен еңбек нарығы арасындағы байланыс жүйесіз күйде қалып отыр. Егер бұл алшақтық аз уақыт ішінде жойылмаса, «білімді, бірақ жұмыссыз» ұрпақтың саны жыл сайын арта бермек. Жүйелі шешім қажет: сұранысқа сай мамандықтарды анықтау, оқу кезінде жұмысқа бейімдеу, ЖОО-ның нарықпен байланысын заңмен бекіту секілді жұмыстар жүргізілмесе, “білімді жұмыссыздардан” жуықта құтылмайтынымыз анық.