homepage
Каспий құбыр консорциумы

Каспий құбыр консорциумы терминалы маңында тағы екі танкерге шабуыл жасалды

30.07.2026, 15:36

Қазақстанның Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумы теңіз терминалы ауданында екі мұнай танкеріне ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жасалған шабуылға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Министрліктің мәліметінше, 30 шілдеде Nissos Sifnos танкері үшінші айлақта мұнай тиеу жұмыстарын аяқтап жатқан кезде тиеу манифольды ауданында дрон шабуылына ұшыраған. Осыған байланысты КҚК мұнай тиеу жұмыстарын алдын ала тоқтатқан.

Сонымен қатар мұнай тиеуге жоспарланған Marathi танкері де КҚК теңіз терминалынан 6–7 теңіз милі қашықтықта ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына тап болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, екі кеме экипажының арасында зардап шеккендер жоқ. Сондай-ақ мұнайдың теңізге төгілуіне жол берілмеген.

Шабуылдан кейін тұтанған өрт КҚК-ның үш буксирінің көмегімен сөндірілді.

Айта кетейік, бұған дейін Каспий құбыр консорциумы теңіз терминалы акваториясындағы шабуылға байланысты ресми мәлімдеме жасап, оқиғаны террористік шабуыл деп бағалаған еді.

Консорциумның мәліметінше, Nissos Sifnos танкері Маршалл аралдарының туымен жүзіп жүрген, ал мұнай жөнелтуші – «Теңізшевройл» ЖШС болған. Сонымен қатар КҚК терминалына мұнай тиеуге бет алған Marathi танкері де шабуылға ұшыраған.