Каспий құбыр консорциумы шамамен бір аптаға созылған үзілістен кейін Қазақстан мұнайын қабылдау және оны теңіз терминалы арқылы экспорттау жұмыстарын қайта бастады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл туралы Қазақстанның Энергетика министрлігі хабарлады.
Қазір Новороссийск маңындағы КҚК теңіз терминалында екі танкерге мұнай тиеліп жатыр. SeaMajesty және Milos кемелері «Теңізшевройл» ЖШС-нің мұнайын қабылдауда.
Терминал жұмысының қайта жандануы мұнай өндіруші компанияларға шикізатты КҚК құбыр жүйесіне қайта жіберіп, одан әрі Қара теңіз арқылы экспорттауға мүмкіндік береді.
Министрлік алдағы операциялар қазіргі жағдай мен қауіпсіздік талаптарын ескере отырып жүргізілетінін атап өтті.
Ведомство КҚК басшылығымен, мұнай өндіруші компаниялармен және басқа да тараптармен тұрақты байланыста екенін мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін КҚК теңіз терминалы маңында мұнай тиеп тұрған азаматтық танкерге шабуыл жасалғаннан кейін тиеу жұмыстарын уақытша тоқтатқан еді. Соның салдарынан құбыр жүйесіне мұнай қабылдау көлемі шектеліп, Қазақстанда мұнай өндіру көлемін уақытша азайтуға тура келген.
20 шілдеге қараған түні КҚК теңіз терминалында тұрған Nelsa танкеріне дрон шабуыл жасаған. Осыдан кейін консорциум тәуліктік мұнай өндіру көлемін уақытша түзету туралы шешім қабылдаған болатын.