homepage
Каспий құбыр консорциумы

Каспий құбыр консорциумы Қазақстан мұнайын қабылдауды тоқтатты - Reuters

22.07.2026, 09:59

Каспий құбыр консорциумы теңіз терминалы маңындағы дрон шабуылдарынан кейін қазақстандық мұнайды қабылдауды уақытша тоқтатты, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Дрон шабуылдары 

Мұнай саласындағы үш дереккөзге сілтеме жасап хабарлаған Reuters мәліметінше, Каспий құбыр консорциумы 21 шілдеде қазақстандық мұнайды қабылдауды тоқтатқан. Бұған Новороссийск маңындағы теңіз терминалы ауданында танкерлерге жасалған дрон шабуылдары себеп болған.

20 шілдеде консорциум мұнай тиеу жұмыстарының уақытша тоқтатылғанын хабарлағанымен, терминал инфрақұрылымына зақым келгені немесе оның жұмысына қауіп төнгені туралы мәлімет бермеді.

Консорциумдағы 15 пайыздық үлеске ие Chevron компаниясы жағдайды бақылап отырғанын айтып, қызметкерлердің қауіпсіздігі басты басымдық екенін мәлімдеді.

Екі танкер шабуылға ұшырады

19 шілдеде КҚК теңіз терминалында мұнай тиеу кезінде сыртқы айлақ құрылғылары маңында екі танкерге дрон шабуылы жасалған.

Олардың бірі – «Теңізшевройл» мұнайын тасымалдаған Asia, екіншісі – «Қашаған B.V.» мен «ҚазМұнайГаз» компанияларының мұнайы тиелген Nissos IOS кемесі.

Қазақстан мен Ресейдің Сыртқы істер министрліктері бұл шабуылдарды айыптап, олар әлемдік мұнай нарығын тұрақсыздандыруға бағытталған әрекет екенін мәлімдеді.

Украина шабуылдарға қатысы жоғын мәлімдеді

Украинаның Қазақстандағы елшісі Виктор Майко шабуылдарға Украина Қарулы күштерінің қатысы жоқ екенін айтты.

Оның айтцынша, Украина Қазақстанның азаматтары мен инфрақұрылымын ешқашан әскери нысана ретінде қарастырмаған.

КҚК – Қазақстан мұнайының негізгі экспорттық бағыты. Елден экспортталатын мұнайдың 80 пайыздан астамы осы құбыр арқылы Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарынан әлемдік нарыққа жөнелтіледі.