Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Қырғызстаннан аса ірі көлемдегі алаяқтыққа күдікті Қазақстан азаматы елге экстрадицияланды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Тергеу мәліметінше, күдікті 2022–2024 жылдар аралығында тағы екі сыбайласымен бірге ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, банктер мен азаматтардың ақшасын жымқырудың бірнеше схемасын іске асырған.
Алаяқтар азаматтарды автокөлік сатып алу үшін банк несиесін рәсімдеуге көндірген. Алайда несиеге алынған көліктер кейін сатылып, түскен қаржы қылмыстық топ мүшелерінің жеке қажетіне жұмсалған. Несиелерді өтеу бастапқыда-ақ жоспарланбаған.
Сонымен қатар күдіктілер мүлде болмаған автокөліктерге де несие рәсімдеу тәсілін қолданған. Тергеу нұсқасына сәйкес, ойдан шығарылған көліктер Алматыдағы Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығында Қырғызстаннан әкелінгендей заңсыз тіркелген. Кейін сол жалған көліктерді сатып алғандай етіп, үшінші тұлғалардың атына екінші деңгейлі банктерден несие рәсімделген.
Осылайша алынған қаражат та күдіктілердің жеке мақсаттарына жұмсалған.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қылмыстық әрекеттердің салдарынан екі банк пен 77 азаматқа жалпы сомасы 1,8 миллиард теңгеден астам материалдық шығын келген.
Қылмыстық топтың екі мүшесіне қатысты тергеу аяқталып, іс сотқа жолданған. Ал үшінші күдікті қылмыс жасалғаннан кейін тергеуден жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында ол Қырғызстан аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы негізінде елге экстрадицияланды.
Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды.
Оған тағылған айыптар дәлелденген жағдайда, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленуі мүмкін.