Әлеуметтік желіде қолтығындағы сәбиімен тамақ тасуға мәжбүр болған алматылық келіншектің суреті қызу талқыға түскен еді. Қазақстандықтардың аянышы мен жанашырлығын тудырған бұл жағдайға байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тексеріс жүргізді. Сенат кулуарында ведомство басшысы Асқарбек Ертаев аталған отбасының әлеуметтік жағдайы туралы мәліметті бөлісті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Министрдің айтуынша, бұл отбасы мұқтаж жандардың немесе халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының санатына жатпайды. Тексеріс барысында олардың материалдық жағдайы айтарлықтай жақсы екені анықталды.
«Бұл отбасын тексердік. Күйеуінің жоғары білімі бар, IT маманы. Келіншектің өзі орта арнаулы техникалық білім алған. Олар 19 мамырда Шымкенттен Алматыға өз бетінше нәпақа табу үшін келген. Күйеуінің денсаулығы нашар деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Оның несиеге алған 2 миллион теңгелік көлігі бар. Шымкентте олар, жалпы алғанда, өте жақсы тұрады. Туған ағасы ломбард саласында жұмыс істейді, ата-анасының да жағдайы тәуір. Сондықтан отбасының материалдық қамтамасыз етілуі жақсы», — деді Асқарбек Ертаев.
Платформалық жұмыс берушілерге қойылатын сұрақтар
Асқарбек Ертаев бұл оқиғада әйелді кінәламайтынын, бірақ жеткізу сервистерінің (курьерлік компаниялардың) жұмысына қатысты сұрақтар туындағанын жеткізді.
Министрлік нәрестесі бар ананың мұндай ауыр жұмысқа қалай жіберілгенін анықтамақшы. Яғни, келіншек жұмысқа тіркелерде қандай нұсқаулықтан өтті және платформа әкімшілігі балалы ананың курьер болып тіркелуіне қалай жол берді деген сұрақтардың жауабын сұратқан.
Қазіргі уақытта аталған компаниялар уақыт созып, ресми жауап беруден бас тартып отыр. Министр келесі аптада бұл диалогты жалғастырып, Қазақстандағы платформалық жұмыспен қамту жүйесін реттейтін бірыңғай ереже әзірлеу қажеттігін атап өтті.
Тақырыпқа орай: 20 жастағы ана, 4 айлық сәби және 500 теңгелік табыс: "Курьер ананың" тағдыры
Мемлекет тарапынан көрсетілген көмек
Желі қолданушылары «мемлекеттік органдар неге кеш әрекет етті?» деп айыптағанымен, Еңбек министрі бұл сынды жоққа шығарды. Оның айтуынша, келіншектің жеке басы мен байланыс нөмірлерін анықтауға аз-кем уақыт кеткен.
«Олармен байланыс орнатыла салысымен, біз бірден үйлестіру басқармасымен бірге мемлекеттік қолдау шараларын ұйымдастырдық. Нақты қандай бос жұмыс орындары бар екенін қарастырып, оның IT маманы болып табылатын күйеуіне жалақысы жақсы бірнеше вакансия ұсындық», — деді ведомство басшысы.
Министр елімізде ай сайын жұмыс берушілер тарапынан 107 мың бос жұмыс орны жарияланатынын алға тартты. Сондай-ақ ірі қалаларға нәпақа іздеп келетін жас отбасыларға мұндай тығырыққа тірелмес үшін бірден Мансап орталықтарына жүгінуге кеңес берді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Threads әлеуметтік желісінде қолында емізулі баласы бар, курьердің үлкен сөмкесін асынып, жаяу тапсырыс тасып жүрген келіншектің суреті тараған болатын. Бұл сурет қоғамда үлкен резонанс тудырып, желі қолданушылары оған қаржылай көмектесу үшін іздеу салған.
Айта кетерлігі, осы оқиғаны алаяқтар да сәтті пайдаланып үлгерген. Желіде «келіншектің байланыс нөмірі мен суреттері» деп тараған ақпараттардың көбі жасанды интеллект көмегімен жасалған фейк контент немесе күмәнді сілтемелер болып шықты. Осыған дейін бір тұрғын келіншекті көшеде жолықтырып, көмек ретінде ақша аударғанын айтқан, бірақ оның да нақты байланыс деректерін ешкімге жарияламаған.