homepage
Threads @erzhan_kalymbai

Нәрестесімен курьер болып жүрген ананың оқиғасы: министрлік пікір білдірді

11.06.2026, 15:53

Алматыда қолындағы емізулі нәрестесімен курьер болып жұмыс істеп жүрген жас ананың жағдайы қоғамда қызу талқыға түсті. Threads әлеуметтік желісінде жарияланған суретте әйелдің аптап ыстықта тапсырыс тасып жүргені көрінеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Жазба авторы келіншекті Алматыдағы көшелердің бірінен көргенін айтып, суретті көмектескісі келген ниетпен жариялаған.

«Кеше Алматыдағы Брусиловский көшесінде сәбиімен жүрген жас қызды көрдім. Оған деген құрметім оянып, әлеуметтік желіде жазба жарияладым. Бұл жазба көпшіліктің назарын аударып, үлкен резонанс тудырды. Өкінішке қарай, сол сәтте оған жақындап, көмек ұсынуды ойламаппын. Қазір соған өкінемін. Оның үстіне, егер ақша жинау туралы жарияласам, көпшілік оны кезекті алаяқтық немесе жалған акция деп қабылдауы мүмкін еді. Біреулер оны танып, тауып жатса, адамдар қолдан келген көмегін береді деп үміттенемін», – деп жазды желі қолданушысы.

Жарияланымнан кейін қазақстандықтар әйелді іздеп, ақша, азық-түлік және қажетті заттармен көмектесуге дайын екенін білдірген.

Алаяқтардың жылдам әрекеті

Оқиға кең тараған соң, кейбір алаяқ жағдайды өз пайдасына пайдалануға тырысқан. Әлеуметтік желі қолданушылары өздеріне әйелдің байланыс деректерін ұсынып, жалған фотолар мен жасанды интеллект арқылы жасалған суреттер жіберілгенін айтқан.

Кейінірек бір қолданушы әйелді көшеден тауып, оған қаржылай көмек көрсеткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, әйел тұрмыста, бала күтімі демалысында болса да, отбасының қажеттілігін өтеу үшін жұмыс істеуге мәжбүр болған.

Министрлік өкілі қандай пікір білдірді?

Үкіметтегі брифингте журналистер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегайдан бұл жағдайды қалыпты құбылыс деп санай ма деп сұрады. Сондай-ақ жас аналарға курьерлік сияқты ауыр жұмысқа шықпай-ақ отбасын асырауға қандай қолдау бар екені жөнінде сауал қойылды.

Вице-министр бұл оқиғаға баға беруден бас тартып, оны нақты бір отбасының жеке мәселесі деп атады.

«Бұл фотосуретке қатысты пікір білдіруге құзыретім жетпейді. Біріншіден, суреттің нақты қай жерде және қай қалада түсірілгенін білмеймін. Екіншіден, егер мәселе декреттік демалыста бала күтімімен отырған ананың не істеуі керек екені туралы болса, бұл, ең алдымен, отбасы бюджеті мен отбасындағы қарым-қатынасқа байланысты жағдай. Сондықтан бұл мәселеге өз тарапымнан баға бергенім дұрыс болмас», – деп жауап берді Виктория Шегай.

Вице-министр ана капиталын енгізу мүмкіндігі туралы сұраққа жауап бере отырып, Қазақстанда жас отбасыларды қолдаудың кешенді жүйесі бар екенін айтты. Оның сөзінше, мемлекет жәрдемақылармен қатар, жеңілдетілген ипотека және әлеуметтік бағдарламалар арқылы да қолдау көрсетеді.

Алайда әлеуметтік желідегі пікірлерде көптеген қолданушы декреттік төлемдердің отбасының барлық шығынын жабуға жеткіліксіз екенін, сондықтан кей аналардың қосымша табыс табуға мәжбүр болатынын жазып жатыр.

Дегенмен бірі ананың еңбексүйгіштігіне құрмет білдірсе, енді бірі декреттік төлемдердің отбасы қажеттілігін толық өтемейтінін айтып, әлеуметтік қолдауды күшейту қажет екенін алға тартты.