homepage
Фото авторы: Алмат Несіпқалиев

20 жастағы ана, 4 айлық сәби және 500 теңгелік табыс: "Курьер ананың" тағдыры

12.06.2026, 18:33

Соңғы бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қазақстандықтардың жанашырлығын тудырып жатқан «Курьер ананың» тағдыры туралы қосымша ақпарат белгілі болды. Оны бейнематериалдың авторы Алмат Несіпқалиев деген азамат әлеуметтік желіде жазды. 

«Бейнематериалдың авторы ретінде осы жағдайға байланысты ресми мәлімдеме жасауды жөн көрдім. Жазба жарияланғаннан кейін көп азаматтар хабарласты, көмек ұсынды, түрлі телеарналар мән-жайды сұраумен болды. Алайда аталған отбасының жеке өміріне құрмет білдіру мақсатында ешбір ақпарат бермедім. Жұмыс орныма дейін іздеп келген мемлекеттік қызметкерлерге де ол кісінің келісімінсіз мәлімет бере алмайтынымды айтып, кері қайтардым», дейді ол. 

Алмат Несіпқалиев кейін аталған азаматшамен тікелей байланыс орнатып, көмек ұсынған. Алайда, ол бас тартқан. Дегенмен, жазба авторы баласына қажетті заттарды алып беруге рұқсат алып, жұмыстан кейін жолыққан. 

Анықталғандай қазақстандықтар «Курьер ана» деп атап кеткен келіншектің жасы 20-да, қолындағы нәрестесі қыз бала, небәрі 4 айлық. Жолдасы жалдамалы көлікпен таксист болып жұмыс істейді, отбасы пәтер жалдап тұрады. 

Жас ананың айтуынша мемлекет беретін 24 915 теңге жәрдемақы жетпейді, сондықтан курьер болып табыс табуға шыққан. Бір тапсырыстан түсетін табыс 500-600 теңге аралығында ғана. Жазба авторы жас келіншек көмек жинауға «ұят болады» деп  үзілді-кесілді қарсы болған. Алайда, халықтың өзі шынайы ниетпен қолдау білдіріп жатқанын түсіндіргеннен кейін ғана келісім берген.  

«Сол күні көрсетілген шағын ғана көмектің осындай ауқымды әлеуметтік мәселені көтерерін ешқашан ойламаған едім. Егер біз шынымен де қоғам, халық болып қолдау көрсеткіміз келсе, бірлікке, жауапкершілікке және адамгершілікке сүйеніп, бірігіп қол ұшын созайық. Бүгіннен қалмай видео түсіріп, реквизиттерді сол жерге қалдырып, халық болып бірге көмек көрсетеміз», деп аяқтайды өз жазбасын Алмат Несіпқалиев.