Алматыда Әл-Фараби даңғылындағы үш адамның өмірін қиған жантүршігерлік жол апатына қатысты тергеу аяқталды. Бұл туралы адвокат Олег Чернов мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Адвокат әлеуметтік желідегі парақшасында іс материалдарын таныстыру және зерттеу кезеңі басталғанын хабарлады.
«Ертең сот отырыстары, азаматтарды қабылдау болады. Содан кейін Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты бойынша істі зерттеуге кірісеміз. Тергеу аяқталды», – деп мәлімдеді Олег Чернов.
Еске салсақ, қайғылы оқиға 21 наурызға қараған түні болған. Полиция мәліметінше, Zeekr маркалы көлік жоғары жылдамдықпен келе жатып, қарсы жолаққа шығып кеткен және Mercedes-Benz автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Соққының қатты болғаны сонша, Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында тіл тартпай кетті.
Қоғамда үлкен резонанс тудырған бұл оқиғадан кейін Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бірқатар лауазымды тұлғалардың қызметінен босатылғанын айтқан болатын. Ал Бас прокуратура істің ерекше бақылауда екенін растады.
Қазіргі уақытта күдікті (Zeekr жүргізушісі) тергеу изоляторында отыр. Іс материалдары жақын арада сотқа жолданбақ.