Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдылдинов бүгін халықпен есеп беру кездесуінде 21 наурызда Әл-Фараби даңғылында болған атышулы жол апатының тергеу барысы туралы айтып берді. Оқиға салдарынан 3 адам қаза тапқан болатын.
Полиция басшысының айтуынша, жолдың қарсы бетіне шығып кеткен Zeekr көлігінің жүргізушісі қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде жатыр. Оның жағдайына байланысты тергеу амалдары әлі басталған жоқ.
«Жүргізуші палатаға ауыстырылған бойда қамауға алынады», — деді Қабдылдинов.
Күдіктіден қан үлгісі алынған, алайда оның ішімдік немесе есірткі тұтынғаны туралы сараптама қорытындысы әлі дайын емес. Полиция нәтижелерді қосымша хабарлайтынын айтты.
Әлеуметтік желілерде Zeekr көлігінің жоғары лауазымды полицей мінген басқа автокөлікпен жарысқаны туралы ақпарат тараған еді. Айдын Қабдылдинов бұл дерек бойынша қызметтік тексеру жүріп жатқанын растады.
«Егер қызметкерлердің кінәсі дәлелденсе, ең қатаң шаралар қолданылады және іс бойынша құқықтық баға беріледі», — деп түйіндеді департамент басшысы.
Еске сала кетейік, 21 наурыз түнгі сағат 03:30-да болған соқтығысудан Mercedes жүргізушісі мен оның екі жолаушысы (20 және 22 жастағы қыздар) оқиға орнында мерт болды.