homepage
Видеодан кадр

Нұрай Серікбай өлімі: іс бойынша жаңа күдіктілер тексеріліп жатыр

06.05.2026, 12:37

Шымкентте қаза тапқан Нұрай Серікбайдың ісі бойынша тергеу жалғасудуда. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлім еткендей, марқұмның туыстарының өтінішімен қылмысқа қатысы болуы мүмкін басқа адамдар да тексеріліп жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Оның айтуынша, қазір іс бойынша барлық мән-жайды жан-жақты анықтау үшін белсенді тергеу амалдары жүргізілуде. Атап айтқанда, Нұрайды күдіктінің үйіне жеткізу кезінде жанында болған адамдардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.

«Жәбірленуші тарап күдіктінің үйіне Нұрай жеткізілген сәтте жанында болған адамдардың қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеруді сұрап отыр. Тергеу барысында біз істің толық әрі жан-жақты қаралуын қамтамасыз етіп, барлық уәжді мұқият тексеруіміз қажет. Бұл кейін істі сотта әділ қарауға мүмкіндік береді», – деді Санжар Әділов Мәжіліс кулуарында.

Еске салайық, қайғылы оқиға 11 қаңтарда Шымкент қаласында болған. Көптеген пышақ жарақатын алған Нұрай Серікбай оқиға орнында көз жұмды. Туыстарының айтуынша, күдікті бұған дейін қызды бірнеше ай бойы аңдып, қорқытып келген. Олар полицияға бірнеше рет арыз жазғанымен, іс қозғалмаған.

Кейін бұл жағдайға байланысты қала полиция департаментінің бұрынғы басшысы қызметінен босатылып, бірқатар қызметкерге қатысты салғырттық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазіргі таңда тергеу «аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру», мәжбүрлі некеге итермелеу және аңду (сталкинг) баптары бойынша жүргізілуде. Сот-психиатриялық сараптама нәтижесінде күдікті есі дұрыс деп танылып, сот алдында жауап береді.

ІІМ мәліметінше, іс аяқталуға жақын. Тергеу барысында жәбірленуші тарап келтірген барлық деректер мұқият тексеріліп жатыр.