Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталуға жақын. Бұл туралы Сенат кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оның айтуынша, іс аясында тағайындалған сот-психиатриялық сараптама қорытындысы алынған. Соған сәйкес, күдікті сот алдында есі дұрыс, өз әрекетіне жауап бере алатын тұлға ретінде жауап береді.
“Қазіргі уақытта соңғы тергеу амалдары жүргізіліп, іс аяқталу сатысына жетті”, – деп атап өтті Санжар Әділов.
Аталған іс адам өлтіру, некеге мәжбүрлеу және аңду деректері бойынша қаралып жатыр. Бұған дейін күдіктінің психикалық ауытқуы бар екені айтылып, медициналық мекемеде болғаны хабарланған.
Еске салсақ, қайғылы оқиға 12 қаңтарда белгілі болды. Полиция бұл фактіні растап, «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған еді. Күдікті жедел-іздестіру шаралары барысында ұсталды.
Марқұмның туыстары күдіктіге ең қатаң жаза тағайындауды талап етіп отыр. Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Ұлттық құрылтайда пікір білдіріп, полицияның әрекетіне баға беруді тапсырған болатын.
Сонымен қатар Шымкент қаласы полиция департаментінің бірқатар басшылары қызметінен босатылып, өңірдегі құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Ішкі істер министрлігі күдікті жазадан жалтармайтынын мәлімдеді.